Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзі Қазақстандағы тіл саясатының қазіргі басымдықтарын айқындап, мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі мен болашағына қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Президенттің «Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып» деген тұжырымы тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мемлекеттіліктің, ұлттық бірегейліктің, қоғамдық тұтастық пен өркениеттік дамудың негізгі факторы екенін тағы бір мәрте айқындайды. Шын мәнінде, қазіргі жаһандану жағдайында тіл мәселесі ұлттық мәдениетті сақтау шеңберінен шығып, қоғамның әлеуметтік құрылымымен, экономикалық дамуымен, білім және ғылым жүйесімен, технологиялық жаңғыруымен тікелей сабақтасып отыр.
Әлеуметтік лингвистика тұрғысынан алғанда Президент сөзіндегі маңызды ойлардың бірі – мемлекеттік тілдің қоғамдық беделі мен елдің даму деңгейі арасындағы байланыс. Мемлекет басшысы «Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді» деп атап өтті. Бұл – тілдің әлеуметтік капитал ретіндегі табиғатын танытатын тұжырым. Белгілі француз әлеуметтанушысы Пьер Бурдьенің тілдік капитал туралы теориясына сүйенсек, белгілі бір тілдің қоғамдағы құндылығы оның ресми мәртебесімен ғана емес, сол тілді меңгеру арқылы адамның білім, кәсіби өсу, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерге қол жеткізуімен де өлшенеді. Демек қазақ тілінің беделін арттыру үшін оны қоғамдық өмірдің барлық саласында қажетті әрі тиімді коммуникация құралына айналдыруымыз керек. Мемлекеттік тіл азамат үшін тек азаматтық парыз емес, сонымен қатар білім мен кәсіби дамудың, қоғамдық белсенділіктің нақты мүмкіндігі болуы тиіс.
Бұл ретте қазақ тілінің символдық мәртебесі мен нақты функционалдық қызметінің арақатынасын да ескеру қажет. Қазақ тілі – тәуелсіздіктің, ұлттық болмыстың және мемлекеттіліктің басты нышаны. Алайда тілдің шынайы қоғамдық қуаты оның мемлекеттік мәртебесімен ғана емес, ғылымда, білімде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте, құқықтық қатынастарда, ақпараттық және цифрлық кеңістікте қаншалықты қолданылатынымен анықталады. Сондықтан мемлекеттік тілдің беделін көтеру дегеніміз – оның қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдық қажеттілігін арттыру деген сөз.
Президент келтірген білім беру саласындағы көрсеткіштер, атап айтқанда, биыл мектепке қабылданған оқушылардың 71 пайызының қазақ сыныптарына баруы, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлімдерінің көбеюі – мемлекеттік тілдің ұрпақаралық сабақтастығы тұрғысынан оң құбылыс. Дегенмен, әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан білім беру жүйесіндегі тілдік таңдау мен күнделікті қоғамдық қолданысты бірдей қарастыруға болмайды. Қазақ тілінде білім алған жас ұрпақтың болашақта ғылымда, кәсіби қызметте, еңбек нарығында және қоғамдық коммуникацияда да осы тілді еркін қолдануына жағдай жасалуы қажет. Егер жас маман қазақ тілінде білім алғанымен, кәсіби ақпаратты, ғылыми әдебиетті немесе қажетті цифрлық ресурстарды басқа тілде іздеуге мәжбүр болса, онда білім беру арқылы қалыптасқан тілдік дағдының толыққанды қоғамдық қызметке айналуы қиындайды. Сондықтан қазақ тілінің білім беру жүйесіндегі орны оның ғылым, өндіріс және еңбек нарығындағы қолданысымен сабақтасуы керек.
Қазақ тіліндегі кітаптардың, фильмдердің, әндердің және басқа да мәдени өнімдердің көбеюі де – тілдің қоғамдық қызметін кеңейтетін маңызды фактор. Президенттің мәліметінше, былтыр баспадан шыққан алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде жарық көрген, ал Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде ұсынылған. Бұл көрсеткіштер қазақ тіліндегі мәдени өнімдер өндірісінің артып келе жатқанын аңғартады. Қазіргі қоғамда тілдің таралуы тек мектеп пен ресми мекемелерге емес, мәдени тұтыну нарығына, әлеуметтік желілерге, ақпарат құралдарына және цифрлық контентке де тәуелді. Адам қай тілде ақпарат алып, фильм көріп, кітап оқып, музыка тыңдаса, сол тіл оның күнделікті өміріндегі қолданысын күшейтеді. Осы тұрғыдан қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту – тіл саясатының маңызды бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысының қазақ тілін ұлтты ұйыстыратын әрі өркениеттің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналдыру туралы пікірі де ерекше мәнге ие. Абай, Қаныш Сәтбаев сияқты тарихи тұлғалар мен Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Бибісара Асаубаева, Ерсін Балтағұл, Ерзат Дулатов секілді замандастарымыздың халықаралық жетістіктері қазақ мәдениеті мен зияткерлік әлеуетінің әлемге танылуына ықпал етіп келеді. Мұндай тұлғалар ұлттық мәдениеттің беделін көтеріп қана қоймай, қазақ тіліне деген қызығушылықты да арттыра алады. Ендігі міндет – осы символдық беделді тұрақты мәдени, ғылыми және халықаралық коммуникация мүмкіндіктерімен ұштастыру.
Қазақ тілінің болашағын айқындайтын келесі маңызды бағыт – оның цифрлық кеңістіктегі қызметі. Президенттің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, кітапханалар мен мұрағаттардағы жазба мұраны цифрландыру, жасанды интеллект жүйелерінде қазақ тілінің қолданысын кеңейту туралы тапсырмалары стратегиялық маңызға ие. Бүгінгі цифрлық қоғамда тілдің өміршеңдігі оның электрондық коммуникацияда, іздеу жүйелерінде, машиналық аудармада, сөйлеуді тану технологияларында және жасанды интеллект платформаларында қаншалықты ұсынылғанымен де өлшенеді. Қазақ тіліндегі сапалы мәтіндік, дыбыстық және бейне деректер қоры неғұрлым мол болса, оның заманауи технологиялардағы мүмкіндігі де соғұрлым артады. Сондықтан ұлттық тілдік мұраны цифрландыру – өткенді сақтау ғана емес, болашақ ұрпақтың ақпараттық және интеллектуалдық қажеттігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар қазақ тілін ғылым мен өндірістің тіліне айналдыру мәселесі де өзекті. Президенттің инженерия, медицина, құқық, экономика және ақпараттық технологиялар салаларын қазақ тілінде оқып-үйренуге қолайлы жағдай жасау, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу туралы пікірі мемлекеттік тілдің функционалдық әлеуетін арттыру қажеттігін көрсетеді. Тілдің ғылым тілі ретіндегі мәртебесі терминдердің болуымен ғана шектелмейді. Ол жаңа ғылыми білім өндіруге, кәсіби пікірталас жүргізуге, зерттеу нәтижелерін жариялауға және тәжірибелік ақпарат таратуға қабілетті болуы керек. Бұл бағытта жоғары оқу орындарының жауапкершілігі ерекше. Қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің санын көбейтіп қана қоймай, олардың сапасын, халықаралық ғылыми кеңістікпен байланысын және қолжетімдігін арттыру қажет.
Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – тілдегі бірізділік, емле мен орфографиялық нормаларды жүйелеу және терминологиялық қолданысты реттеу. Қазіргі қазақ тілінде кейбір сөздер мен ұғымдардың әртүрлі нұсқада қолданылуы ғылыми, ресми және қоғамдық коммуникацияда түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Сондықтан орфографиялық сөздіктерді жаңарту, терминологиялық қорды жүйелеу және тіл ғылымына қатысты қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу – уақыт талабы. Дегенмен, термин қалыптастыруда тек ғылыми талапты басшылыққа алу жеткіліксіз, оның қоғамдық қабылдануы мен қолданысқа ыңғайлығы да ескерілуі тиіс. Өйткені тілдік норма өміршең болуы үшін ол тілдік қауымдастықтың нақты тәжірибесімен ұштасуы қажет.
Қазақ тілінің халықаралық тілдер кеңістігіндегі орнын нығайту туралы ұсыныстар да назар аударуға тұрарлық. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб және басқа да екітілді, көптілді сөздіктер әзірлеу, электрондық сөздік қорын үнемі толықтырып отыру – тілдің халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарын кеңейтудің тиімді жолы. Бұл қазақ тілінің тек ұлттық коммуникация құралы ретінде ғана емес, халықаралық мәдени ықпалдастыққа қатысатын тіл ретінде дамуына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы қазақ тілін ел бірлігінің маңызды факторы ретінде атап көрсете отырып, оны өзге тілдерге қарсы қоюға болмайтынын ерекше ескертті. Бұл – Қазақстанның көптілді қоғамындағы тілдік қатынастарды үйлестірудің маңызды қағидаты. Қазақ тілінің біріктіруші қызметі оның өзге тілдермен бәсекелесуінен немесе оларды шектеуінен емес, барша азаматқа ортақ қоғамдық коммуникация кеңістігін қалыптастыруынан көрінуі тиіс. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінің еңбегін бағалау, қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтарға қолайлы жағдай жасау, заманауи әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеу – осы бағыттағы нақты міндеттер. Қазақ тілін меңгеру әрбір азаматтың Қазақстан тарихы мен мәдениетін тереңірек тануына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашады.
Жалпы, Президенттің Х құрылтайдағы сөзінен туындайтын негізгі әлеуметтік лингвистикалық тұжырым – қазақ тілінің болашағы оның заңдық мәртебесімен ғана емес, нақты қоғамдық қажеттігімен, функционалдық мүмкіндіктерімен және әлеуметтік беделімен айқындалатыны. Сондықтан мемлекеттік тіл саясатының келесі кезеңінде қазақ тілінің білім беру, ғылым, өндіріс, бизнес, цифрлық технология және халықаралық коммуникация салаларындағы қолданысын жүйелі түрде кеңейту қажет. Бұл ретте тілдік ахуалды тұрақты әлеуметтік лингвистикалық мониторингтен өткізу, әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтар арасындағы тілдік қолданысты зерттеу, азаматтардың тілдік таңдау себептерін анықтау маңызды. Өйткені ғылыми деректерге сүйенген тіл саясаты ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алады.
Сайып келгенде, қазақ тілін дамыту – тек тіл мамандарының немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Тілдің шынайы қуаты оның күнделікті өмірде, кәсіби қызметте, ғылыми ізденісте және қоғамдық қарым-қатынаста еркін әрі табиғи қолданылуынан көрінеді. Қазақ тілі ұлттық бірегейліктің нышаны болумен қатар, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын, азаматтық тұтастықты нығайтатын және Қазақстанның өркениеттік дамуына қызмет ететін қуатты қоғамдық құралға айналуы тиіс. Президент сөзінің негізгі идеясы да осы міндеттің маңызын айқындайды.
Аман АБАСИЛОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!