ҚАБЫЛ БОЛҒАН ШЫҒАР
Қырықтың бірі Қыдыр дейді. Әртүрлі себеппен талай танымал тұлғалардың жолы түсіп, Халифа Алтай, Мәриям Хакімжанова, Тұрсынбек Кәкішев, Нұрғожа Оразов, Сәкен Жүнісов, Рымғали Нұрғали, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Сапабек Әсіп, Жұмағали Ысмағұлов, Қойшығара Салғарин, Төлен Әбдік, Жайсаңбек Молдағалиев, Сәбит Досанов, Роллан Сисенбаев, Аян Нысаналин, Қасымхан Ерсарин, Сейіт Кенжеахметов, Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбеков, Орал Мұхамеджанов, Қойшығұл Жылқышиев, Ұлықбек Есдәулет, Қайырбек Асанов, Төлеген Қажыбаев, Бақыткерей Ысқақов, Шөмішбай Сариев, Әбдірахман Асылбеков, Бәкір Тәжібаев, Эрнест Төрехан, Бақыт Сарбалаев, Ерлан Бағаев, Қасымхан Бегманов, Баянғали Әлімжанов, Думан Рамазан, Серік Байхонов, Дәулеткерей Кәпұлы, Қонысбай Әбіл, Дінәш Нұрмағамбетов, Шәміл Әбілтай, Әбжан Әбілтаев, Айбатыр Сейтақ, Жәди Шәкен, ұйғыр ақыны Абдуғапар Құтылықов, аудармашылар Борис Пчелинцев, Валерий Антонов, Владимир Гундарев, азербайжан шайыры Ильгар Тюркоглы, қырғыз қаламгері Жоолдасбек Монолдоров дастарқанымда болған екен. Туған-туыс, дос-жаран, құдайы қонақтар да Қостанайдағы шаңырағымнан дәм татқан екен. Өсіп-өніп, өркен жайсам, еңбегімнің жемісін терсем, солардың берген батасы қабыл болған шығар.
КЕМ ЕМЕС
Қыш табақтан ағаш қасықпен ішкен ас алтын табақтан күміс қасықпен ішкен астан еш кем емес.
ЧУКЧА
Ел арасында чукча туралы анекдот көп. Чукчалар – Азияның қиыр солтүстік-шығысында, негізінен Ресейдегі Чукотка автономиялық округінде тұратын, саны аз, тілі құрып бара жатқан халық. Әлеуметтік желіде кейбір қазақ та ұнатпайтын кісілерді чукча деп мазақтайды екен.
Чукча туралы бір әңгімені олардың есіне салудың орайы келіп тұр. Үлкен қаладан келген бір аңшы тайгада адасып, сілесі қатып, аяғына байлаған шаңғыдан да айырылып, төрт аяқтап келе жатып шатырды көреді. Одан чукча шығып, қарап тұрса, әлгі байғұс: «Адамдар! Құтқарыңдар мені!» деп айғайлайтын көрінеді. Сонда чукча: «Мәскеуде жүргенде чукча едік, енді қайта адам болдық па?» деген екен.
НЕ КЕДЕРГІ?
Қазіргі қолданыстағы кирилл әріптерінің арасындағы Ё, ц, ч, щ, ъ, ы, ь, э, ю, я және қазақ тіліне тән емес дыбыстарды таңбалауға арналған в, ф, х әрпін мүлде алып тастауға не кедергі екенін түсіну қиын болып тұр.
Үй ішіндегі қажеті болмай қалған бұйымдарды сыртқа шығарады немесе қоқысқа тастайды ғой. Дәл солай жасауға тіл ғалымдарының ниеті жоқ секілді.
ЖАСҚА КЕЛДІК
Балалықты қош та көрдік, жастық шақта шалқып жүрдік, жаны жайсаң, қаны қызу жастармен дос та болдық. Көптен көрмей жолыққандар «әлі жап жассыз!» дейтін жасқа келдік.
БІР КӨРШІМНІҢ АЙТҚАНЫ
Тілдессек үйде қазақша, көшеге шықсақ орысша, шетелге барсақ ағылшын тілінде сөйлеп жүрміз, мінәжат жасап арабша. Не істейміз енді Жаратқан осылай бізді жаратса.
АТАДАН ШӨБЕРЕГЕ ДЕЙІН
Атасы орысша білмейді. Әкесі қойыртпақ тілде сөйлейді. Баласы қазақша білмейді. Немересі ағылшынша сөйлейді. Шөбересі қытайша шүлдірлейді. Бір ғасырда жеткен жеріміз осы.
МАСҚАРА
Пендеге даңғой айтарың бар ма? Дүниеде жалған орденнің алған суретін қойған көрдегі құлпытасқа да. Фәниден мына тапқаны сол ма? Масқара!
ЕСКЕРТКІШТЕР
Ғалым отыр қолына кітап ұстап, ақын отыр қолына қалам ұстап, күйші отыр қолына домбыра ұстап, шипагер отыр қолына дәріні ұстап, солдат тұр шинель киіп, қару ұстап.
Ал анау шошайтып тұр қолын қайда, қай жолды тұр көрсетіп бізге нұсқап?!
ЖАЛҒЫЗ БАС
Мәскеуде Новодевичье зиратында Никита Хрущевтың бейітінің басында Эрнст Неизвестный жасаған мүсін тұр. Ақ пен қара ортасында оның жалғыз басы қылтиып тұр. Аяқ-қолы бар болса да жарытпасы белгілі. Ел билеген көсемдердің, көсем емес, кеселдердің, кекірейген есерлердің ақыл-есі орнында ма? Ойлап қара, анық па осы?!
БІРГЕ БОЛУ және ІРГЕ БӨЛУ
Ел-жұртыңмен, дос-жаранмен, туыспен, әріптеспен, жолдас-жорамен, көзқарасы үйлескенмен – бірге болу.
Қызғаншақтан, есерсоқтан, жарамсақтан, кеудемсоқтан, мақтаншақтан, тартыншақтан – ірге бөлу.
ТҮРЛІ ТАЛҒАМ
Бұдан бұрын әлеуметтік желінің басты кейіпкерінің бірі Мұхтар Шаханов болса, енді айтыскер Мақсат Ақанов болыпты. Айтыстағы әнтек айтылған бейпіл сөзі үшін кешірім де сұрамаған айтыскерді даттап жатқандардан көрі ақтап жатқандардың саны басым. Әркімнің өз талғамы бар. Олармен дауласып не қыласың?
ҰРШЫҚ
Дүние – шыр айналған ұршық. Ғұмыр – түбінде үзілетін бір жіп.
БОЛАДЫ
Бұтаның да бүрі болады. Шырмауықтың да, апиынның да гүлі болады. Топырақ пен шаң жұтып алған бұлттың да кірі болады. Күннің ғана емес, көкірегі жарық адамның да төңірегіне шашатын нұры болады.
ҚАЛАМГЕР ҚОЙҒАН ЕСІМ
1994 жыл. Қыркүйек айы. Қостанайда Қазақ ПЕН-клубының (Халықаралық жазушылар, ақындар мен журналистер қауымдастығының қазақстандық бөлімшесі) үлкен көшпелі отырысы мен конференциясы өтті. Қостанайдағы кездесуге танымал қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ шетелдік және ресейлік жазушылар келді.
Қыркүйектің тоғызы күні тұңғыш немерем дүниеге келді. Біз болсақ Шыңғыс Айтматов пен Әбдіжәміл Нұрпейісов басқарып келген қаламгерлердің шашбауын көтеріп жүргенбіз. Жаңалықты естіген Герольд Бельгер ағамыз: «Ақылбек, немереңнің есімін Шыңғыс деп қой» деген еді. Кенже ұлымның есімі Шыңғыс болатын. Мұны білген соң Герекең: «Бәрібір есімін Шыңғыс қойсын!» деген ұсынысын айтты. Шыңғыс ағамызға: «Баламның есімін Шыңғыс қойып едім. Бірақ, айып етпеңіз, оның есімін сіздің құрметіңізге емес, Шыңғыс ханның құрметіне атап едім» дедім. Ол болса біраз жай-жапсарымды сұрап барып: «Олай болса сенің есіміңнің Бек деген буынын алып, аман-есен босанған Ләззат деген келіннің Зат деген буынын алып Бекзат деп атайық» деді. Жиналғандар қызу қолдап, дуылдасып кетті. Сүйтіп немерем Бекзат атанды.
Ұлым Шыңғысқа қырғыз қаламгері «Плаха» («Жанпида») деп аталған кітабын ұсынып, «Шоң Шыңғыстан кішкентай Шыңғысқа!» деген қолтаңбасын жазып берді.
СӘЙКЕСТІК
Бесінші сыныпты бітірген жылы әкем үйге домбыра мен гармонь алып келді. Гармоньның он екі түймесі болатын. Бұдан бұрын да біздің үйде патефон болған. Қазақ және татар, орыс әндері жазылған күйтабақтар да бар еді. Музыкаға әуестігіміз бала кезден қалыптасқан соң ба, домбыра шертіп те, гармонь тартып та жүрдік. Домбыра пернелерін қалай басу керек екенін бір кісідей үйренген секілді едім.
Бір күні түнде түсіме ақ сақалды қария кірді. Екі қолының біріне домбыра, екіншісіне кітап ұстап тұр екен. «Мына екеуінің біреуін таңда!» деді. Мен кітапты таңдадым.
Осы көрген түсім ойыма жиі оралады. Шынымды айтсам, содан кейін домбыраны тарта алмай қалдым. Кітап оқымасам ас батпайтын болды. Осы сәйкестік жазушы болуыма әсер еткен шығар деп ойлаймын.
ЕСЕП
Келер күннен жақсылық тоссақ шығару керек бір есеп. Кешені Бүгінге, Бүгінді Ертеңге қоссақ шығады екен Келешек.
КІМ ҰҒАР?
Есіктегі құлып жоқ, артық-ауыс мүлік жоқ, терезеде тор да жоқ, телефон да қолда жоқ, үй қоршаған дуал жоқ, несие де мүлде жоқ кезден де өттік, амал жоқ.
Сол жоқтардың бәрі бар қала жайын кім ұғар?!
ЕМЕС
Кісі есімі кітаптың аты емес, есімін біліп келе ме оны ұнатқың? Кісі жүзі де мұқабасы емес кітаптың. Беттерін ашып, сөздерін оқып, тұруың керек сынап тым. Мұқабасын көріп ішіне тұрсаң үңілмей, қалуың мүмкін астында сансыз сұрақтың.
ТАНИДЫ
Жала жабылып сотталып келгендер тағы біреулерге жала жабуға оқталып келгендерді жазбай таниды.
АЯ, ҚҰДАЙ!
Таң атады баяғыдай, кеш батады баяғыдай. Ауырғанды, ашыққанды, жаурағанды, адасқанды, жүдегенді ая, Құдай!
МЕНІҢ АУДИТОРИЯМ
Менің аудиториям – шәкірттер мен студенттер, оқырмандар мен көрермендер, тыңдаушылар ғана емес, әлеуметтік желіде отырған тілеулестерім, туыстарым.
Менің партиялық әріптестерім – қазақтілді орта, дос-жарандарым, жерлестерім, аталар мен әжелер, әкелер мен аналар, ұл-қыздарым мен немерелерім.
ТӨБЕЛЕС
Төбелес деген жақсы емес. Біреудің көзі көгереді, мұрны қанайды, қабырғасы сынады. Алайда әлдебір басқыншы бейбіт елге шабуыл жасағанын көргенде оны тұмсықтан ұрып, құйрықтан тепкің келіп кетеді.
БАЙҚАДЫМ
Бұрын аттың жалында, түйенің қомында отырғандардың бүгін орынтағында жайғасқандардан бағы да басым, айбыны да артық екенін байқадым.
АТЫ ЖАМАН
Қазақ адамға жау болған бір жәндіктің атын атамай, аты жаман дейтін. Сол секілді осы замандағы қатерлі дерт обырды да аты жаман ауру дейді. Аты жаман деп атайтын нәрсе қазір де жеткілікті. Мәселе солардан тез құтылуда.
САЙҚАЛ САЯСАТ
Кейде террористердің әлегінен немесе басқыншы мемлекеттердің құпия қызметкерлерінің көмегімен ұшақтар құлап, кемелер суға батып, көліктер өртеніп жатады. Олар қиратылған дүниенің бағасын есептеп жатпайды, қолайына жақпаған кісілердің көзін құрту үшін аянбайды. Сайқал саясаттың малайлары еркіндік аңсағандарға құлдық қамытын қайта кигізуге дайын. Олардың қожайындары кімдер екенін де көпшілік жақсы біледі. Осы үйреншікті жағдай ғасырлар бойы жалғасып келеді.
ЖАҢҒЫРУ МА, ЖАҢАРУ МА?
«Рухани жаңғыру» деген ұғым бұрынғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласы негізінде пайда болған еді. Шын мәнінде жаңғыру жаңғырық секілді дабысы қатты, көп жағдайда сәтсіз болған. Оны жаңғыру емес, жаңару деп атаған дұрыс болатын еді. Жаңғыруымыз қаңғыру болып кетсе, жаңару да, ескі-құсқыдан тазару да жүзеге асуы екіталай.
БЕЛГІСІЗ
Қазақ тілінің орыс тілінен артықшылығын бір-екі мысалмен де дәлелдеуге болады. Орыстар аңшылықты охота дейді. Қазақ тілінде аңға шығу аңшылық деп аталады. Сөз түбірінен не нәрсе екені белгілі. Ал охота деген орыс сөзі зауқы соғу, көңілі шабу деген ұғымды білдіреді. Сонда аңшы аң ата ма, арақ ішуге немесе қыдыруға зауқы соға ма? Белгісіз!
ӨТПЕЛІ ЗАМАН
Уақытты келеді дейміз. Келгеннен кеткені жылдам. Жоқ затты тауып береді дейміз. Бермесе, күткенің жаман. Жүз үміт, мың күдікті арқалар өтпелі заман.
ҚУАНЫШ пен РЕНІШ
Қуанышым келген кісілердің ашық-жарқын қабағында қалды. Ренішім босағада жатқан аяқкиімнің табанында қалды. Өкпе-налам жырымды жазған қағазымда қалды.
НЕГЕ БҰЛАЙ?
Қызыл қанын тамызған, қара терін ағызған, бастарын бәйгеге тігіп, тілінен бал тамызған арыстары Алаштың абақтыға қамалды, Итжеккенге айдалды, қаза болды жаудан емес, өз елінде сатқындар жазған арыздан.
БЕТІМЕ АЙТ!
Сүйген жарым! Оңашада бетіме айт болса менде кем-кетік. Айтпа, бірақ, балалардың көзінше, қалған олар ер жетіп.
СЕЗЕ МЕ?
Таң атқанда түріледі перделер, ашылады терезе. Шөл далада кездескенде бір құдық басылады кеуіп қалған кенезе. Бірақ, неге бұл жалғанда тым жиі бұзылады ереже. Соның бәрін біле тұра бұзған жан не боларын сезе ме?!
ЖЕРДІҢ БЕТІНДЕ және
АСТЫНДА
Жердің бетінде өсіп тұрған жемістің қандай екенін көргейсің. Тереңде жатқан көкөністің үлкен не кіші екенін қазып алғанша білмейсің.
СІРІҢКЕ
Сіріңкенің бір талы қораптың ішінде жатып тұтанып кетсе, қораптағы шырпыларды түгел өртеп жібереді. Сол шырпы сіріңке қорабының сыртында тұтанатын болса ошаққа от, төңірекке жарық береді.
ҚОЛБАСШЫ және КӨШБАСШЫ
Қолбасшы және көшбасшы деген сөздерді азды-көпті еңбегі болса да кез келген кісіге байланысты айтуға болмайды. Қол бастау және көш бастау кез келген пенденің пешенесіне бұйырмаған.
ҚАПЫСЫЗ ТАНЫҒАН
Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние…» деген сөзін Оралхан Бөкей «Атау-кере» романында басқа қырынан жалғастырып, «Неге біз осы…» деген екен. Міржақып Дулатов олардан бұрын: «Сұраймын, сонда қайда едің?» деп сауал тастаған болатын. Дүниеннің кемдігі неге деген сауалға байланысты. Қаламгерлер осы жағдайды қапысыз таныған.
АЙТУҒА БОЛАДЫ
Отырып қалғандар деп әдетте кәрі қыздарды айтамыз. Отырып келгендер деген сөз абақтыда отырып, жазасын өтеп келгендерге айтылады. Сол сөзді құйрығын орынтаққа үйкелеуден басқа түк бітірмеген шенеуніктерге байланысты айтуға да болатын секілді.
ЖАРЫҚ
Көліктің жарығы жолды ғана жарық қылады. Білімнің жарығы көпшілікті қарық қылады.
МӘНІ БАР
«Тауықты ұшпады деп кінәлаудың қажеті жоқ, жұмыртқа тауып берсе болды» деді бір көршім. «Отта тұрған қазанның асты күйе болса да ішіндегі асы таза» деді тағы бір досым. Ия, олардың сөзінің мәні бар.
ҮЙРЕНДІМ
Ұстаздардан оқуды да, жазуды да үйрендім. Бабалардан, даналардан жақсы сөзді тыңдауды да үйрендім. Көсемдерден, шешендерден топ алдында сөйлеуді де үйрендім. Көк мылжыңнан үндемеуді үйрендім.
БАЙҚАП ҚАРА
Періштенің бар дейді екі бірдей қанаты. Шайтандар да қажет қылса қанат байлап алады. Жолыққанда ажырата алмасаң саған тиер обалы. Сондықтан да байқап қара жан-жаққа шыққан кезде жоғары.
КӨНЕ БҰЙЫМДАР
Көне бұйымдар ескі тиындар секілді. Толтырып тұрса да үй-жайды тастауға көзің қимайды. Сатамын десең де бағасы жоғары болмайды. Өйткені жас буын, жаңа ұрпақ жаңаны таңдайды.
АЩЫ және ТӘТТІ
Күнде жаяу жүрген кісі ұнатпайды аттыны, жамандықты көрген кісі жаратады жақсыны. Ащы дәмін татқан кісі тез біледі тәттіні, тәттіні жеп жүрген кісі тез біледі ащыны.
АРТЫҚ
Сандықтың түбінде сарғайып жатқан алтыннан қажетке жараған мыс бақыр артық. Алыстағы жұлдыздан қараңғыны жарық қылатын майшам артық. Қу бастан қуырдақтық ет алатын жылпостардан ошақта жақсы жанатын тезек артық.
АСА ТАСАДА ҚАЛАР МА?
Біздің қазақтың біразы асыра мақтауға, дабыраға құмар. Танымал қаламгер немесе белгілі әншінің мерейтойына шақырту жазғанда олардың есім-сойының алдына аса талантты, аса көрнекті деген жапсырмалар жапсыру кейінгі кезде өршіп барады. Талантты немесе көрнекті деген сөздердің алдына аса деген сөзді қыстырғанда олардың таланты асып, даңқы тасып кетпейді. Аса деген сөз қашан тасада қалар екен?
АЛТЫН ҮШІН
Ажырасты ағайын алтын үшін, соғыс ашты патшалар алтын үшін, бай-манаптар таласты алтын үшін, спортшылар тартысты алтын үшін, арын сатты сатқындар алтын үшін. Не жасады ал солар халқым үшін?!
ҚИЫН ЕКЕН
Ахмет Байтұрсынұлы оқу керек деді. Әжептәуір білім жидым. Кәсіп керек деді. Мамандық таңдап, шамам жеткенше еңбек еттім. Бірлік керек деді. Абай айтқан «бас-басына би болған өңкей қиқымнан» арылмай бірлікке қол жеткізу қиын екен.
ЕЛҰРАН
Менің курстасым Марат Тоқашбаевтың ұсынысымен гимн әнұран деп аударылған екен. Герб елтаңба болса, гимнді елұран деген жөн секілді. Осындай ойды көптеген жерлесіміз де айтып жүр.
ЗАМАН ҚҰБЫЛМАЛЫ
Заман құбылмалы. «Боже, Царя храни!» деген жырды жаппай айтып жүрген орыстарға да «Долой Царя!» деп айтуға тура келген. Мешіттерде «Елбасымыз аман болсын!» деп тілек айтқан қазақтар да күні келгенде «Шал, кет!» деп ұрандады. Бірақ, патшалар ешқашан да тағын өз еркімен босатқан емес. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген қанатты сөз осындайда ойға оралады.
ТАРИХТА ҚАЛУ АМАЛЫ
Ел басқарған басшылардың барлығы да тарихта қалу үшін кітап шығаруды дағдыға айналдырған екен. Қытай басшысы Си Цзиньпиннің өзі жазған ресми кітаптар саны 130-дан асса, оның тұлғасы мен саясатына арналып әлем тілдерінде жазылған зерттеу кітаптарының саны жүздеп саналады. Ресей басшысы Путинге арналған немесе оның «Путинизм» деп аталған билігін зерттейтін бірнеше мың кітап бар екен. Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов туралы жазылған кітаптар жүзден асады екен. Басқа елдерде де осындай деректер жетіп артылады.
Қазақстанның тұңғыш Президентінің музейі мен ресми каталогында Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен 32 тілге аударылған 141 басылым тіркелген. Ұлттық кітапхана деректері бойынша, оның атымен жазылған кітаптар саны жүзге жеткен. Отандық дереккөздерге қарағанда оның өмірбаяны, саяси жолы жайлы 172-ден астам кітап жазылған.
Мәселе кітаптың санында емес. Осы кітаптарды оқығандар қандай пікірде екен?
«МЫСЫҚ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ…»
«Мысық болғым келеді…». Осындай сөйлемді күн сайын жарнамадан еститін болдық. Мысық сүйіп жейтін тағамды көрсеткен соң диктор осы сөйлемді қайталайды. Дайын тамақты ішіп, үйде пырылдап жататын мысық әлдекімдерге ұнады ма, мысық болғысы келген кісілер де кездеседі екен. Тышқан аулағаннан жайлы жерде жатқан мың артық қой. Кейбір кісіні көрсем, сол мысыққа ұқсатамын.
ТАНИМЫН
Ауласында әр үйдің жүрген итті танимын. Балағымнан тартпайды, тістемейді, қаппайды. Бірақ, қатты үреді. Неге? Өзі біледі.
АҒАШҚА АЛҒЫС
Ағаш сапты балта отынды жарады. Ағаш сапты балға шегені қағады. Балта мен балғаға ырза болғанмен, оның сабын ешкім есіне алмайды. Найзаның да сабы – ағаш, жебенің де тіні – ағаш. Ағашқа алғыс айтуды ұмытпайық.
КҮМӘНІ БАР
Әлеуметтік желіде әлдебір шенеунік таратқан ақпаратқа қарасам, Таза Қазақстанда адал азаматтар еңбек етеді екен. Қазақстан таза ма? Азаматтар адал ма? Соған көп кісінің күмәні бар.
ЖЕЛТОҚСАН мен ҚАҢТАР
Желтоқсан неге ызғарлы? Қаңтар неге суық? Өйткені, желтоқсанда да, қаңтарда да жастар қыршынынан қиылды.
ТАҢҒАЛАМЫН
Кейбір сыншыға таңғаламын. Белгілі қаламгер басқаларға ұқсамаса, ұқсамайды деп мақтайды. Ұқсап кетсе, ұқсады деп мақтайды. Мақтаудан басқа сөз таппайды. Не дерімді білмей тұрмын.
(Басы өткен санда. Жалғасы бар)
Ақылбек ШАЯХМЕТ
Фото: media.istockphoto.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!