Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» шығармасы арқылы көрермендерге есірткіге тәуелділіктің адам өміріне тигізетін зардабы көрсетілді.
Қызылордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» драмасы сахналанды. Қойылым есірткінің зиянын түсіндіруге, жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналды.
Мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, облыстық Полиция департаменті және Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Қойылым басталар алдында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыстық департаменті бастығының орынбасары Фархат Иманғалиев пен Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Тоқтыбаев сөз сөйледі. Олар есірткіге тәуелділіктің адам денсаулығына, отбасына және қоғамға тигізетін зардаптарына тоқталып, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Іс-шара барысында LED-экраннан «Есірткіге жол жоқ!» атты бейнеролик көрсетілді. Онда есірткі тұтынудың қауіптілігі мен тәуелділіктің салдары туралы ақпарат берілді.
Көрермен назарына ұсынылған «Нашақор жайлы новелла» драмасында есірткіге тәуелділіктің адам тағдырын қалай өзгертетіні көркемдік тұрғыда бейнеленді. Шығарма арқылы зиянды әдеттің жеке адамның өмірімен қатар, оның айналасындағы адамдарға да әсер ететіні көрсетілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени-ағартушылық шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, есірткіге қарсы көзқарасын нығайтуға және қоғамда салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!