Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Таза Қазақстан»: Шиеліде кең көлемді сенбілік өтті

17.10.2026, 21:20 36

HALYQLINE.KZ

Бүгін Шиелі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков экология мәселесі мен санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрақты назарда ұстап, аудан аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше мән беріп келеді. Осыған сәйкес, аудан көлемінде абаттандыру, тазалықты сақтау және көркейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Бүгінгі сенбілік барысында аудан орталығы мен барлық ауылдық округтің тұрғындары, дербес бөлім қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің ұжымдары, жастар ұйымдары мен еріктілер көшелерді, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалап, айналаны қоқыстан арылту жұмыстарына атсалысты.

Сенбілік барысында көшелер мен саябақтар тазартылып, жиналған қоқыстар шығарылды. Сонымен қатар күзгі маусымға байланысты аумақтарды ретке келтіру, қураған жапырақтарды жинау, жасыл желектерді күтіп-баптау және әлеуметтік-мәдени нысандардың аумағында әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және елді мекендердің көркін арттыруға бағытталды.

Мұндай игі іс-шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігін айқындайды.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бағыттағы іс-шаралар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, Шиелі ауданының таза әрі көрікті мекенге айналуына өз үлесін қоса бермек.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: