Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан басшысы аудандық мәслихат депутаттармен кездесті

16.10.2026, 0:18 29

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаттарымен кездесті.

Басқосуға зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан», «Қуатты Қазақстан» және «Таза Қазақстанды» құруға бағытталған саяси реформалар, конституциялық жаңғыру үдерісі және алдағы мәслихат депутаттарының сайлауы туралы айтылды.

Аудан әкімі VIII шақырылым депутаттарының үш жылға жуық уақыт ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудағы еңбектеріне тоқталып өтті.

Осы кезеңде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің, аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы мен аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен, аудандық мәслихат пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде тұрғындарды толғандырған көптеген мәселе шешімін тауып, маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға жетіп, газдандыру көрсеткіші 75 пайызды құрады. Автомобиль жолдары жөнделіп, электр желілері жаңғыртылды, жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында ауқымды жұмыстар атқарылды, — деді аудан әкімі.

Аудан басшысы халықтың талап-тілегін назарға алып, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал еткен депутаттардың еңбегіне алғысын білдірді. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының төрағасы Ғазиз Әлмамбетұлының депутаттарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, ауданның дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымында депутат болып, ұзақ жылдар бойы өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып келе жатқан Ібайдулла Тілепұлы және Нұрлан Самұратұлының еңбектеріне де тоқталды.

Кездесу барысында ауданның қоғамдық-саяси өміріне және әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаттары облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Жиында қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов және аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының төрағасы Ғазиз Әліш сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттер жөнінде пікір білдірді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік екенін айтып, ауданның өсіп-өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы бірлескен жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: