Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерейтой мерейі

09.10.2026, 15:20 28

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов білім беру саласының ардагері, «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» Тілек Махамашұлы мен медицина саласының ардагері, «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» Болат Қабылұлы Сәдуовті 80 жасқа толу мерейтойларымен құттықтады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылдауда аудан басшысы қос ардагердің елге сіңірген еңбегіне тоқталып, олардың саналы ғұмырын білім беру мен денсаулық сақтау салаларына, туған өлкенің өсіп-өркендеуіне арнағанын атап өтті.

«Қасиетті Қазалының өсіп-өркендеуіне әр кезеңде аянбай еңбек еткен азаматтардың орны ерекше. Сіздер ұзақ жылдар бойы білім беру және денсаулық сақтау салаларында абыройлы қызмет атқарып, халықтың алғысына бөлендіңіздер. Зейнет жасына жеткеннен кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, елдің бірлігі мен ауылдың ынтымағын нығайтуға үлес қосып келесіздер. Өмір жолдарыңыз бен өнегелі істеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі. Сіздерді мерейлі 80 жасқа толған мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, абыройларыңыз асқақтай беруіне тілектеспін!», — деді аудан әкімі.

Жиын барысында мерейтой иелеріне облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтауы табысталып, қазақы дәстүрге сай шапан жабылып, гүл шоқтары мен сый-құрмет көрсетілді.

Салтанатты қабылдауда аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, Қазалы аудандық «Білім беру саласы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Қуанышбай, медицина саласының ардагері Алданазар Табынов және өзге де азаматтар сөз сөйлеп, мерейтой иелеріне ізгі тілектерін жеткізді.

Тілек Махамашұлы еңбек жолын құрылыс саласында бастап, кейін бар ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнады. Ол 1972 жылы туған жері Аранды ауылындағы №97 мектепке мұғалім болып орналасып, 1973 жылдан 1996 жылға дейін осы білім ордасын басқарды. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде ел игілігіне қызмет етті. 2025 жылы ауданның дамуына қосқан үлесі үшін «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Жұбайымен бірге 2 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірген ардагер бүгінде 26 немере мен 21 шөберенің қызығын көруде.

Ал, Болат Қабылұлы еңбек жолын 1969 жылы Бекарыстан би ауылдық ауруханасында дәрігер-стоматолог болып бастаған. 1984-2009 жылдары осы аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып, ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау ісіне елеулі үлес қосты. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық қызметін жалғастырып, 2009-2023 жылдары ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Көп жылғы еңбегі мен қоғамдық қызметі үшін бірқатар марапатқа ие болып, «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атанды. Жұбайымен бірге 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген ардагер бүгінде 23 немере мен 4 шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Жиын соңында мерейтой иелері көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ел мен жердің амандығын тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: