WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өткізудің орнына чемпиондық белбеуден бас тартуы мүмкін, penalty.kz.
Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын британдық боксшының чемпиондық атағына міндетті үміткер ретінде бекіткен. Екі тарапқа келіссөз жүргізу үшін 20 күн берілді. Мерзім 3 қыркүйекте аяқталады.
ШИРАЗ WBO ШЕШІМІНЕ НАРАЗЫ
Хамза Шираз ұйымның Әлімханұлын міндетті қарсылас ретінде тағайындауын сынға алды.
Британдық боксшы бұған дейін қазақстандық спортшының мельдонийге қатысты оң допинг сынамасынан кейін дисквалификацияланғанын еске салды. Оның пікірінше, WBO қабылдаған шешім чемпионды қиын жағдайға қалдырған.
Шираз чемпиондық белбеуді қайтару нұсқасын да командасымен талқылайтынын жеткізді.
«Бұл мәселені командамен талқылауым керек. WBO-ның шешімі сені тығырыққа тірейді, содан кейін олардың логикасымен ойлай бастайсың. Егер мен белбеуден бас тартсам, мұндай шешімді ақтауға болады деп ойлаймын», — деді Шираз Ариэль Хельваниге берген сұхбатында.
«МӘСЕЛЕ АДАЛ СПОРТШЫ БОЛУДА»
Британдық чемпион өз ұстанымын спорттағы адалдық мәселесімен байланыстырды.
«Мен үнемі мораль туралы айтып келемін. Барлығы адал спортшы және адал спортшыларды қолдайтын адам болуға келіп тіреледі. Осы қағидаға берік болып, оны ісіңмен көрсету маңызды», — деді ол.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы биыл жазда екінші орта салмаққа көтерілгенін жариялаған болатын. Оған дейін ол орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.
Ғани ТҰРҒЫМБЕКОВ
Фото: sportnews.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!