Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Футболды дамыту мәселелері талқыланды

15.08.2026, 18:16 36

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Манн Скотты қабылдады.

Кездесуде аймақ спортын, соның ішінде футболды дамыту мәселесі талқыланды.

«Бүгінде өңірімізде футболды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Біздің мақсатымыз – бұқаралық футболдан бастап кәсіби клубқа, академияға және Ұлттық құрамаға дейінгі біртұтас жүйе қалыптастыру.
«Қайсар» футбол клубы жекешелендіріліп, оның ұзақмерзімді дамуына жаңа мүмкіндік берілді. Қазіргі таңда «Қайсар» футбол клубының заманауи базасы мен академиясы салынуда. Бұл нысандар балалар-жасөспірімдер футболын дамытып, клубтың өз тәрбиеленушілерін негізгі командаға жеткізеді.
Сонымен қатар қызылордалық команда Қазақстан Кубогының жартылай финалына шықты. «Жеңіске» қарсы алғашқы жартылай финалдық ойында «Қайсар» 3:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші жартылай финалдық кездесу 19 тамызда өтеді.
Осы ретте Сіздермен бірлесіп өңір футболын дамыту мақсатында ауқымды жұмысты бірлесіп атқаруға шақырамын», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Өз кезегінде Манн Скот ризашылығын білдіріп, ұсыныстарды бірлесіп талқылауға ниетті екенін жеткізді.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері аймақта 27 спорт нысаны пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы салынып, өткен айда УЕФА-ның IV санатты жоғары мәртебесі берілді. Облыс орталығында аумағы 25 мың шаршы метрлік «Қызылорда Арена» спорт кешені бой көтеруде. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен, Ұлттық компаниялар, спорт федерацияларының қолдауымен маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен Ғ. Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы мен Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтті. «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп, Қызылорда қаласында «Теннис орталығы» ашылды.
Өткен жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешені және Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи Инклюзивті спорт орталығы ел игілігіне табысталды.
Бүгінде облыста 377 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен жүйелі шұғылданады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: