Бүгін Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария аудандық «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысымен танысты. Орталықтың материалдық-техникалық базасы, мамандардың қызметі және тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы қаралды.
Орталықтың негізгі қызметі – отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсету.
Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, жастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға консультациялық көмек көрсетіп, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мекеме жұмысымен танысу барысында аудан басшысы отбасы институтын нығайту, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін дер кезінде анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Отбасын қолдау орталығы – халыққа нақты көмек көрсететін маңызды әлеуметтік мекеме. Сондықтан әрбір азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, кәсіби әрі сапалы қызмет көрсету қажет. Әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, профилактикалық жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мекеме жұмысының тиімділігін арттыру, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!