Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында салынып жатқан спорт кешендерін көрді. Қазіргі уақытта екі нысанның да негізгі құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, кешендерді пайдалануға беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – Әйтеке би кентіндегі Қазалы мәдени-демалыс кешені аумағында бой көтерген спорт кешені. Құны 628 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысын «Болашақ» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Ал Қожабақы ауылындағы құны 537,1 млн теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысын «Намыс-Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда.

Қазіргі уақытта екі кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан аумақтарын абаттандыру, ішкі-сыртқы әрлеу мен тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстың талапқа сай әрі сапалы орындалуы керектігін атап өтті. Мердігер мекемелер мен құрылысқа жауапты сала басшыларына бірқатар кемшілікті атап көрсетіп, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіріп, кешендерді ел игілігіне сапалы әрі мерзімінде беру қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, аталған екі спорт кешенінен бөлек, биыл жыл басында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында да осындай заманауи спорт кешені пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының игілігіне табысталған болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!