Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, қала аумағындағы жағажайлар мен демалыс орындарында азаматтардың, оның ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көрсетілетін қызметтердің сапасын зерделеу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Қала әкімінің орынбасары Еркін Турабаев бастаған жұмысшы топ бірқатар нысанда болып, тиісті талаптардың сақталуын және қауіпсіздік шараларын тексерді.
Аралау барысында «Далапарк», «Кариби», «Керуен» демалыс орындарында бірқатар кемшілік анықталды. Атап айтқанда, медициналық пункттердің, дәрігердің қарастырылмауы, рұқсат құжаттарының толық рәсімделмеуі, сондай-ақ мамандандырылған құтқарушы-нұсқаушылардың болмауы және заңсыз алкоголь өнімдерін сату фактілері тіркелді.
Демалыс орындарының басшыларына кемшіліктерді жоюға бір апта мерзім берілді. Осы уақыт ішінде талаптар ескерілмесе, тиісті шешімдер қабылданатын болады.
Айта кету керек, қала аумағында рұқсат етілген 19 демалыс орны мен қалалық жағажай тұрғындарға қызмет көрсетуде. Жаз маусымында тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын ұйымдастыру, қызмет көрсету мәдениетін арттыру бағытындағы шаралар жүйелі түрде жалғасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!