Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қызылорда облыстық ардагерлер ұйымының тәжірибе алмасуға арналған көшпелі семинар-кеңесі өтті.
Алқалы жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев төрағалық етіп, игі бастамаға қолдау көрсетіп, барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатқан ел азаматтарына ризашылығын білдіріп, ауданда соңғы жылдары атқарылып жатқан елеулі істерге қысқаша тоқталып өтті.
Жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, облыс және аудан ардагерлер кеңестерінің мүшелері, қоғам қайраткерлері мен белсенді ардагерлер қатысты.
Семинар барысында ардагерлер ұйымдарының жұмыс тәжірибелері талқыланып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, жастар тәрбиесіне бағытталған жұмыстардың өзекті мәселелері сөз болды. Сонымен қатар ардагерлер ұйымдарының алдағы міндеттері айқындалып, озық тәжірибелерді кеңінен насихаттау мәселелері қаралды.
Жиында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы соңғы жылдары Арал ауданында жүзеге асқан әлеуметтік-экономикалық жобаларға тоқталып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Атап айтқанда, аудан тұрғындарының толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі, газдандыру деңгейінің 72 пайызға жетуі, жаңа білім және денсаулық сақтау нысандарының пайдалануға берілуі, тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі мен мәдени-спорттық инфрақұрылымның дамуы кеңінен айтылды.
Семинар-кеңес барысында облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысы мен аймақ ардагерлер ұйымдарының алдағы міндеттері жөнінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облысының Құрметті ардагері медалінің иегері Ө.Тақырбасов және облыстық білім саласы ардагерлер ұйымының төрағасы, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» медалінің иегері Ғ.Бекенов пен Қармақшы ауданының белсенді ардагері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, 5 кітаптың авторы Д.Нәзікбаевтар хабарлама жасады.
Пленарлық отырыста бірқатар ардагерлер қоғамдық жұмыстарға қосқан елеулі үлесі мен өңірдің дамуына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің медальдарымен, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» медалімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Көшпелі семинар-кеңес ардагерлер ұйымдарының өзара тәжірибе алмасуына, қоғамдық жұмыстардың тиімділігін арттыруға және аға буынның қоғамдағы белсенді рөлін нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!