Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралым – арым, Байқоңыр – бағым ба?

11.06.2026, 7:20 62

Арындаған арғымақтың шабысын шаң қаптыратын дүлдүл, дүлейлі ХХІ ғасырдың екінші ширегінің беташар (2026) жылындағы терең тамырлы, жайқалған жапы­рақ­ты қазақ әдебиетіндегі елеулі жаңалық – «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауында жүздеген қаламгер қатарында атағынан ат үркетіні бар сегіз бірдей қалам­гердің жүзден жүйрік атанып (бәйгеге қатысушы автор­лар саны 220-дан асқан), рухани қазы­намызға сүбелі олжа салуы. Сөз өнері додасын­да маңдайы жарқырап, құйыс­қаны көтері­ліп шаршы топтан озғанның бірегейі – есімі оқыр­ман елге кеңінен танымал көрнек­ті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты Қуаныш Жиен­бай. Оның шашасына шаң жұқтырмаған, ұзақ жылғы тынымсыз ізденіс пен тамшылата тер төгудің арқасында шыр етіп дүниеге келген «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» туын­дысы. Кітап аңдатпасындағы: «… Әлдері келгенше әлемдік өркениетке ұмтылған бекет (Аралқұм) тұрғындарының тірліктеріне ішің жылиды. Қаламгердің бұл романында сан-түрлі тағдыр иелерінің психологиялық ахуалы мен ала-құйын сезім арпалыстары шынайы тебіреніспен, жатық суреттеледі» деген  сипаттама  көп жайттан хабардар етеді.

Баспахананың қара бояуы әлі кеуіп үлгермеген шығарма оқиғасының өтетін орны – айтып тұрғандай Сұлутам (Қазалы) депосына қарасты Аралқұм теміржол бекеті. Аталған бекеттің негізі сонау патша заманында, яғни 1905 жылы Орынбор-Ташкент шойын жолы екі жақтан жүргізілгенде қаланған. Ескінің көзіндей су тартатын күмбезді биік мұнара, ескі вокзал ғимараты мен барак үйлер әлі де сақталған. Сол қапталы Қарақұм жоталарымен, оң қапталы Аралдан жылға алатын Қамбаш пен Шөмішкөлмен шектеседі. Шығыс беткейдегі Қамыстыбас, Андабай, Бекбауыл, ал батысында Сапақ, Сексеуіл стансасымен (екі арада бекеттер) жалғасып кете барады. Іргесіндегі таспадай тартылған қазіргі «Батыс Европа – Батыс Қытай» авто­дәлізі кейінде салынды. Жиырмасыншы ғасырда қазақ қоғамының ауыл тектес перзенті қатарына қосылған Арал мен Қазалы теміржол бекеттері бойында туып, ұлттық руханиятымызға үлес қосқандар қатарында аралқұмдық суретші Қ.Зәкіров, шөміштік ақын Ш.Сариев, бекбауылдық және байқожалық жазушылар М.Қаназов пен Б.Алдамжаров  бар. Олар – біздің мақтанышымыз.

Негізгі тұрғындары – ұлттық пролета­риаттың өкілдері теміржолшылар. Ал жазу­шының қаламына арқау болғандар – кейін­гі жарты ғасырда ғұмыр кешкен, кейінгі ұрпағы бүгінгі күнге жеткендер. Қадым заманнан стратегиялық маңызға ие бекет ХХ ғасырдағы Герман-Орыс соғысы мен 1955 жылдан басталған жер кіндігі – Төретам (Байқоңыр) ғарыш айлағы салынып, аспанға үздіксіз спутниктер мен космос корабльдері ұшырылған сәтте (қазір де маңызын жойған жоқ) республика мен Одақ үкіметінің, әсіресе Қорғаныс министрлігінің айрықша назарында болған. Неге десеңіз, шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай тасымалданатын  жүк  тиелген және жолаушылар пое­зы күндіз-түні кідіріссіз жүйіткуі тиіс. Әрісі Мәскеу, берісі Орынбордан космос корабльдерінің жабдықтары іргедегі Төретам бекетіне жеткізілгенше қолына автомат ұстаған әскерилер тарапынан қырағылық ерекше күшейтіледі. Сол мезетте жергілікті билік (Арал мен Қазалы ауданы) пен теміржол мекемелері басшыларының жаны қалмай аяғынан тік тұратын. (Шет жағасын көзіміз көрді). Осындай қысқаша баяндау тәсілімен тарих қойнауынан сыр шерткен жазушы «Дәл қазір Аралқұм баяғы Аралқұм емес, әлемдік өркениеттің дүбірлі көшіне бүтіндей ілесіп кетпесе де, Түрксіб бойына қоныстанған өздеріндей бекеттермен салыстырғанда көш ілгері» деп байырғы елді мекеннің тыныс-тіршілігін қазіргі  заманға  жақындатады.

Айна-қатесіз шындық, Кеңес дәуірінде атағы жер жарған, айбатынан ат үріккен «Байқоңыр» ғарыш кешені жабық тақырып саналды. Ақын Жұбан ағамыз Респуб­лика басшысы Д.Қонаевтың қолдауымен жасампаздық тұрғыдағы «Байқоңыр баспалдақтары» поэмасын (1977) жазды. Қазақ журналистері (газет, радио, ТВ) мен жазушылары Тәуелсіздікке қол жеткеннен соң барып аталған тақырыпқа там-тұмдап бара бастады. Солардың қатарында есейіп, қолына қалам алғалы айдынды Аралдың жай-күйі мен жерлестерінің тыныс-тіршілігіне жалықпастан қалам тербеген Қуаныш та бар еді. Проблемалық мәселелер көтерген танымдық мақала мен очерктерін кеңейтіп, Байқоңыр тақырыбына арналған оқырман жылы қабылдаған «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде жұмақ бар», «У мен уылдырық» кітаптарын да жазды. Осы көкейкесті мәселені біз сөз етіп отырған роман желісі арқылы суреткерлік әдіс-тәсілмен жымын білдірмей көтереді. Азғантай ауыл Аралқұмды тіреп тұрған (автор сипаттамасы) бес шал Мергенбай, Сексенбай, Мөңкебай, Ишанқұл, Дүйсенбайдың қисынды жерде үкімет атына аузымен айтылатын өкпе-наздың түп төркіні әлеуметтік әділетсіздік пен тұрмыстық  теңсіздікке  барып  тіреледі.

Соның ең маңыздысының бірі – ауызсу. Осы  ділгір  мәселені  туған  жеріне  жаны ашитын Мұратбек атты кейіпкерінің ызаға булыққан лепесімен: «Айналайындар-ау, дарияның басындағылар су ішеді, аяғындағылар у ішеді. Дарияның лай суын тықпалағандарыңды қашан қоясыңдар, а?! Төретамдағы әскери қалашықтың қоқыр-соқыры түгелімен дарияға төгіледі. Ауызсудың лас­тығынан, әне, Аралқұмның тұлғалы азаматы Ишанқұл қария айықпас ауруға ұшырады. Бәрімізді сөйтіп ана дүниеге асығыс аттандырғыларың келе ме? Бізге артезиан құды­ғын қазып берсеңдер, біз алғыстан басқа, не айтамыз?!» деп күйінеді. Расында да тоқсаныншы жылдардың басында экологиялық апат аймағына жатқызылған (тартылған Аралдың табанынан ұшқан шаң-тозаң мен аспанға ұшқан космос корабльдерінің қаже­тіне жаратылған жер асты суларының тартылуы салдарынан) Сыр өлкесінің Қазалы мен Арал (ішінара Төретам) өңірі тұрғындары арасында гепатит (сары), онкология мен асқазан, бүйрек, бауыр, қаназдық ауруының өршігені белгілі. Зәр жұтып, запыран құсқан, бір жағынан жұмыссыздық қысқан талай жұрт мына бейбіт заманда Атажұртын тастап, үдіре көшкені әлі көз алдымызда. Қара­қан бастарын ойлап, жергілікті халықтың ден­сау­лығымен санаспаған әскери гарнизонның сары жағалы генералдарын кабинетіне шақырып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттық және облыстық бірінші басшысы өкілеттігіне сүйеніп тәубесіне келтірген, лай судың дарияға төгілуін тоқтатқан сол тұстағы хатшы, мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков екендігін ризашылықпен  айтқан  орынды.

– Мен жақында әскери қалашықта болдым, — деді Арманжан аса бір құнды жаңалық айтатындай, – өйтіп барғаным құрсын. Жердің үстімен барып, астымен қайттым… Шалдар  жарап  тұр. Аралқұм – кішкентай бекет, осы кішкентай бекеттің де өркениетке қосар үлесі орасан. Басқасын айтып, бекерге шаршап қайтеміз, мына іргеміздегі космодром біздің бағымыз бен сорымыз, — деп әріден көсіледі. Баққа Байқоңырдың дүріл­деген атақ-даңқын жатқызады. Ал сорын сана­маласаң,  шаштың  түгі  жетпейді.  Онысы – космодромнан ұшатын улы шаңдақ. Оны жұтатын – жергілікті халық. «Бұл бұл ма, мына Төретам әскери қалашығындағы кірмелердің тұрмыс жағдайы бәрінен асып түседі. Дәрігерлік қызметіне адам қызығады. Мамандардың айлық жалақысы біздер­дікін бес-алты мәрте орап алады. Осы әділдік пе?» деп күйі­неді көзі ашық, көкірегі ояу Арманжан. Ол қыза-­қыза келіп, «әскери қалашықтағылардың (космодромда қызмет ететіндер) айлықтарына ай сайын отыз процент үстеме қосылады екен… Сол жәрдемнің бізге келгенде желге ұшып  кететі­ні  қалай?»  деп  отырғандарға  сауал  тас­тайды.  Ал  керек  болса?!

Біз, Қазалы стансасында туып, өскен, соғыстан кейінгі ұрпақ іргедегі (екі аралық жүз шақырым) Төретам бекетіне таяу, дария жағасына орналасқан қалашық пен төңірегіндегі өндіріс ошақтарының қалайша қанат жайғанынан хабардармыз. «Алтай» бекетінен көшіп барған Өмірбай нағашы атам мен Жұмагүл әжемнің, Нұрадин ағам мен Бибайша жеңгемнің үйіне жиі баратынбыз. Ағам Төретамның жүк вагондарын қабылдайтын товарный конторада, жеңгем сондағы қонақ­үйде жұмыс істейтін. Қалашық Ленинск аталатын да, төңірегіндегілер нөмірленген алаңға жататын. Құрылысшы мен жолшылардың дені – әскери-құрылыс отрядының (ВСО) солдаттары мен офицерлері. Жаңа үлгіде салынған көпқабатты үйлері сәнді, тұрмысқа қолайлы. Пәтеріне суық-ыстық су кіргізілген. Балонды газ. Кәріз жүйесіне қосылған. Көшесі асфальтталған. Түнгі жарығы самаладай. Қоғамдық автобусы тағы бар. Сол заманда мұндай қолайлы жағдай қос қапталдағы мемлекетке жыл сайын мыңдаған тонна күріш өткізетін екі ауданның орталығы Қазалы мен Жосалы кентінде жоқ болатын. Ал гастроном үлгісіндегі дүкендерін­дегі Мәскеу арқылы жабдықталатын азық-түлік (сары май, шұжық, семіз ет, т.б.) түсіңе ғана кіруі мүмкін. Өз алдына жеке ет комбинаты, оның директоры Аралбай ағамыздың болғанын білеміз. Ең бір сорақысы, жабық қала саналғандықтан сырттан рұқсат қағазынсыз жан баласы кіре алмайды (қазірде де солай). Айнала автомат асынған күзет. Осы тақырыпты көптен бері зерделеп жүрген қарымды қаламгер аталған романында ұзақ жыл үстемдік құрған әділетсіздікті кейіпкерлерінің айтуымен шынайы жеткізеді. Жетім баланың күйін кешкен кешегі және бүгінгі Төретам бекеті тұрғындарының тұрмыс-тірші­лігі де назардан тыс қалмайды. Мұндай көзқарасты, алалауды Мәскеудегі Кеңестік билік басшыларының өзіне, Ресейге дегенде көл, өзгеге дегенде (одақтас республикалар) шөл болғандығын  айғақтаса  керек.

Енді бір бойында жақсылық пен жамандық қасиет астасып, қатар өрбіп жататын күрделі кейіпкер, Сұлутам депосының бас­тығы Аспан­диярдың өзіне өтініш айтып келген Мергенбайға зілденіп: «Ақымақ шалдар… Мейлі, мың жерден теміржолдың ақсақал­дары бола берсін, мені осы сөзім үшін сотқа берсеңдер де еріктерің. Не бәле шықса да Аралқұмнан шығады. «Аралқұмда ақымақ­тардың астыртын ұйымы» бар дегенім – деген», — дейтін қасиетіңнен айналайын жарық­тық бес шал Мергенбай, Сексенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай мен Ишанқұл қария­лар – ұлтымыздың ардақ тұтар ақылман ақса­қалдар шоғырының ізбасарлары. Дала билері­нің жұрнағы. Әр ауылдың құты. Есімдері аталған бес қазыналы қарт атамекен Аралқұмның гүлденгенін, халық тұрмысының жақсарғанын қалайды. Байырғы сергек ойлы теміржолшылардың бүгінгі таңдағы сөйлеген сөзі мен іс-әрекетінен жаһандану дәуірімен үндесе білуінің қарекеті байқалады. Романның «Бейтаныс планетаның иесі» тарауында төсек тартып, ауырып жатқан Ишанқұлдың көңілін сұрай келген төрт серіктесі қария­ның көңілін көтеру үшін аспан планета­сына қатыс­ты әңгімелейді. Философиялық пайым­ға дейін барады. Қызды-қыз­дымен галак­тикадағы Марсты күнде көріп жүргендей сипаттап, жерге жақындаған (жүз жыл салып) бейтаныс планетаны Ишанқұл атымен атағанымыз жөн деп уағдаласады. Дауысқа салады. Құттықтайды. Серіктерінің ниетіне ризашылық білдірген Ишанқұл Әбдіжәміл ағамыздың «Қан мен тер» романындағы дә­йім де ақ сөйлеп, әділдікті жақтайтын Сүйеу қарттың жолымен жанындағы қиялға берілген Сексенбайға: «Сөзің бар болсын! Маған жетпегені  сол  еді»  деп  басу  айтады.

Елім мен жерім дегенде кеудесіндегі жүрегін жұлып беруге дайын тұратын Мөңке­бай қарттың баласы, мектеп директоры Арман­жан өзін: «Ал біз үндемейтін ұрпаққа жатпаймыз. Бұрынғылардың да, өзіміздің де ұрпақтарымызды түгендеп, найзағайдай жарқылдап жүруіміз қажет!» деген топқа жатқызады. Әскери қалашық пен жергілікті халық арасындағы әлеуметтік әділетсіздікке, тұрмыстық түйткілге (жоғарыда айтқаны­мыздай) ренішін білдіре келе мұғалім Қанағат­қа: «… Мен айтқан мәселені жүйелеп, қағазға түсір. Түсінбегеніңді сұрап ал. Сосын Дубайға, Айтөреге жөнелт! Біздің жағдайы­мызды ағылшын тіліндегі дүние­жүзілік сайтқа тіркесін. Қосып, алатыны болса өзі білер, бірақ кешіктірмесін. Уақыт бізді күтіп тұрмайды, уақыт жалт ете қалған сәуледен жылдам…» деп тапсырма береді. Оның бұл әрекетінен Байқоңыр ғарыш айлағы төңірегіндегі қордаланып қалған экономикалық және әлеуметтік, экологиялық мәселенің оң шешіміне әлемдік гуманистік ұйымдардың назарын аударуға бағытталғаны аңғарылады. Қалай десек те, көптің қорқытары, тереңнің батырары  бар  ғой…

Бүгінгі уақытта шығармашылық қабі­лет-қарымы толысқан, жүйрік аттай бабына келген, қаламы қарымды жазушы Қуаныш Жиенбайдың су жаңа романын байыптап, саралап оқыған сәтіміздің ізін суытпай ой бөлісіп, пікір білдіруім: ат арқасына мінген сәттен  Арал  мен  Байқоңыр   тақыры­бын домбыраның қос ішегіндей, болат жолдың қос рельсіндей қатар алып жүрген қалам­гердің мына туындысына ризашылық сезімімді білдіруден туындады. Қадірін біліп, қасиетін ұғынғанға  құндылығымен, кесектігімен қазіргі заманға қазақ романы қатарынан ойып тұрып, орын алған «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» туындысы Азамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс көке­міздің «Боранды бекет» (Ғасырдан да ұзақ күн) романының қазақ әдебиетіндегі жаңа тұрпаттағы заңды жалғасы, сыңары десе асыра айтқанымыз болмас. Айтпақшы кітаптың 18-тарауы («Тосын шешім») соңында (284-бет) зейнетке шыққан Аспандияр қабырғасымен кеңесе отырып, жоғарғы басшылықтың келісімін алғасын бар шаруасын жаңа бастыққа тапсырады да, немересі Тұрсынбайды алып, Аралқұмнан бір-ақ шығады. Барак үйдегі екі бөлмесіне көшіп барады. Роман: «Мөңкебай бастаған аралқұмдық ақсақалдар Аспандиярға қоныс жайлы болсын айтайық деп жиналып жатты», 25 ақпан, 2026 жыл деп аяқталады. Түйіндеп айтсақ, халқының кешегі, бүгінгі, ертеңгі тағдырына алаңдаған қамкөңіл жазушының жанайқайы, міне, осындай…

Қараша ҚАРАМАН,

қаламгер,

Алматы  облысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: