Ақын, жазушы, қайраткер болғанымыз, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп зейнетке шыққандарымыз ешкімге міндет болмау керек. Туған жері, елі зиялысын ардақтамасын демеймін. Бірақ әкімдік жағалап, «кешімді, юбилейімді өткізіп беріңдер, шапан, конверті болсын» деп тепсініп жүргендерді көргенде, «бұлардыкі не міндет?» деп ойлайсың. Әрбір бес жыл сайын 60, 65 70, 75, 80 жастарын тойлап, оған міндетті түрде әкімдікті қатыстырып, өздерін сөз жеткенше мақтатып, содан ләззат алатын «қайраткерлер» өз қадірін өздері қашырып жүргендер деп білемін.
Атап өтпе демеймін, тойыңды әкімшілікке міндет қылмай, бала-шағаңмен бірге ең жақын адамдарыңды шақырып шай бер. Жағдайың болып жатса, өз атыңнан жетім-жесірлерге материалдық көмек көрсет. Әулетіңмен бірге туған жеріңе ағаш отырғыз, мектепте оқитын талантты оқушыларға өз атыңнан стипендия тағайында. Өзіңді бір «сәттік» өтірік мақтатудан гөрі осындай істерің пайдалырақ болады. Шын ілтипатпан халқыңның құшақ жайғаны мен ықыласынан артық құрмет болуы мүмкін емес.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Мемлекет және қоғам қайраткері.
әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Фото: Үйтолған Жәрекенің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды/ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!