Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлт болып сақталып қалу үшін бабалар жолынан ажырамау керек

21.05.2026, 7:40 48

Музей, мәдениет, жастар қай кезде де қоғамның бір бөлшегі іспетті. Осы орайда, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, айтыскер ақын Нұрмат Абдуллаұлымен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз. Сұхбат аясында мәдениет саласының бүгінгі тынысы, музей ісі мен руханият кеңістігіндегі жаңа міндеттер сөз болады. Бұған дейін Жастар театрын басқарған кейіпкеріміз театрдан музейге келуінің себебін, тарихи мұраны сақтау мен туризмді дамыту бағытындағы жоспарлары жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар айтыс өнерінің табиғаты, шығармашылық пен басшылықтың үйлесімі, жастар тәрбиесі мен  туған  жерге деген құрмет жайында сөз сабақтады.

– Нұрмат Абдуллаұлы, театрдан музейге келуіңізге не себеп болды? Алғашқы сауалымызды  осыдан  бастасақ.

– Жастар театры – 2024 жылы аймақта «Руханият жылы» болып жарияланғаннан кейін алғашқы аптасында құрылған ұжым. Жалпы, қазақ театрының кіндік қаны тамған, алғашқы тұсаукесері болған атамекені – Қызылорда. Араға ғасырға жуық уақыт салып, жаңадан «Жастар театрының» құрылуы үлкен символикалық мәнге ие. Бізге сол театрдың кәсіби ұжымын қалыптастыру, мүмкіндігінше тезірек жолға түсіп кетуіне күш салу секілді жүйелі мақсаттар жүктелді. Шама-шарқымыз­ша екі жарым жылдың жобасында межелі міндетті бар мүмкіндігіміздің шеңберінде  атқарып  шықтық.

Облыс, мәдениет саласының басшылығы облыстық музейге келу жөнінде ұсыныс айтты. Мәдениет саласы бірін-бірі қайталамайтын, бірін-бірі толықтырып тұратын мекемелерден тұрады ғой. Сондықтан «осы мекемеге ауыссаң» деген ұсынысты қабыл алып, келіп жатқан жайым  бар.

Алғаш рет 1939 жылы құрылған музейіміздің жалпы тоқсан жылға таяу тарихы бар. Бұл – біздің аймақтағы мәдениет, руханиятқа қатысы бар мекемелердің ішінде ең ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан бірегей, берекелі ұжым. Барлық ауданда филиал­дары ашылған осынау орталықта жалпы екі жүзге жуық қыз­меткер  жұмыс  істейді.

Музей дегеніміз – экспонаттар­ды, тарихи жәдігерлерді жайып қо­йып, қарап отыратын жер емес. Бұл – бір жағынан ғылыммен, бір жағынан инновациялық жаңалық­тармен ұштасып жатқан үлкен қастерлі орын. Бұл жерде біздің мыңжылдық тарихымыз сөйлеп тұр. Ең көне түптің заманындағы осы жерде болған тіршілікті айғақтап беретін өңірдің қазына байлығын қорып отыр. Сондықтан мұнда келгендегі мойнымыздағы мақсат-міндет – тари­хи жәдігерлерімізді барынша қастерлеп, ел назарына ұсыну. Алдағы уақытта осы міндет пен  жоспардың  үдесінен  шығуға жұмыс  істейміз.

– Жастар театрынан кейін музей басқару  ісі  нені   жүктейді?

– Музей ісі – мыңжылдық мұра. Бағзы замандардан жеткен жәдігер­лерді көпшілікке насихаттау, осыларды аймағымызға келген қонақ­тарға кеңінен таныстыру керек. Құр сөзбен айтсаң, көңілге күмән келтіруі мүмкін. Ал, дәлелмен, мүліктермен көрсетіп айтылса, ол басқаша сипат алады. Сондықтан музейдің мақсаты – қорға ие бола отырып, жалпы жұртшылыққа, әрісі адамзат  баласына  насихаттау.

Қызылорда облысы аумағында болып жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен біз тікелей жұмыс істеуіміз керек. Сол істердің басында қызметкерлер тұрақты түрде жүруі қажет. Арнайы зерттеулер нәтижесінен кейін барып мүлік музей қорына енгізіледі. Бұған дейін музей басшылығын атқарған Сапар Әлиасқарұлы археологиялық қазба жұмысын жасауға лицензия алған болатын. Ол алдыңғы заң бойынша сонымен жыл сайын жалғасып кете беретін еді. Жаңа заңдылық бо­йынша лицензияны әр жыл сайын қорғап  отыруымыз  керек.

Лицензияны сақтай отырып, айналамыздағы көне қала­лардың орнын зерттеуге музейдің ғылыми қызметкерлері өзі шыға алатын мүмкіндік бар. Жалпы, дамыған мемлекеттердің барлығы музей ісіндегі міндетті туризм саласын дамытуға, соған серпін беруге бағыттайды. Сырт­тан келген, Сыр бойын көремін деген қонаққа біз тарихымызбен қызық­тымыз. Елдің жәдігерін көрген адамның оның арғы-бергі тарихында қандай өркениет, қандай мәдениет болды деген қызығушылығы болады. Жалпы, сапарға сауатты адамдар шығады. Өңірге келген қонақтарды бүгінімізбен таңғалдырсақ, өткені­мізбен  одан да қатты қызықтыра аламыз. Біздің негізгі міндетіміз де осы – туризмге серпін  беру.

Қармақшы ауданы аумағында үлкен тарихи кешен бар. Жақында сол маңайға баспасөз турын өткіздік. Мәселен, болашақта сол жерге турист тарту жоспарымыз бар. Аума­ғын қоршап, мемлекеттік қорғауға алуымыз керек. Сексен миллион жыл бұрын біздің аймақта аралозавр тіршілік  еткен. Осы маңайдан солар­дың сүйектері табылып отыр­ғаны – үлкен жәдігер. Бұл кім-кім үшін де қызық. Күзге таяу Қазақстан мен АҚШ ғалымдары бірігіп, сол жерге зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Ғылыми жұмыстарды тереңдетуіміз  керек.

– Ұлттық құндылықты сақтауда музей  миссиясын  қалай  түсінесіз?

– Ұлттық құндылықтарды сақ­тауда музейдің үлкен салмағы бар. Құндылықтарымыздың көпшілігі байырғы бабаларымыздың жолына байланған ғой. Біз жас мемлекет, аз халық болғандықтан, үрейіміз көп. «Ақпараттың тасқынында сана­мыз қоса шайылып кетпей ме?» деген алаң көңіліміз бар. Біз ұлт ретінде сақталуымыз үшін бұрынғылар­дың жолын сақтауымыз керек. Ол үшін ғасырлар сүзгісінен өткен асыл құнды­лықтарды ұрпақ бойына сіңіруіміз  қажет.

Ал енді ұлттық құндылықтар негізін­де тарихты насихаттап, тарих­ты сақтауда ең үлкен басты рөлдерді атқаратын – осы музей ұжымы. Бізде 70 мыңнан астам экспонат бар. Басқа музейлерден ерекшелігі – мұндағы жәдігерлердің 90 пайызы түпнұсқада сақталған. Алтын табақта ас ішіп, алтын тақта ғұмыр кешкен бабаларымыздың сол замандардағы дүниелерінің біршамасын қорымыз­да жинап отырмыз. Сондықтан музей ұлттық тарихтың  ең үлкен жарнамасы десек болады.

– Бүгінгі  мәдениет саласының ең өзекті  мәселесі  қандай?

– Мәдениет саласында мәселе көп, жалпы. Бірақ соңғы жылдары бұл саладағы күйіп тұрған күрделі мәселелер оң шешімін тапты. Осы тұста Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған, бұған дейін біздің облысты басқарған Нұрлыбек Машбекұлының іскерлік тәжірибесіне алғыс білдіргім келеді. Аудандардағы музей, кітапханалар іргесі сөгіліп, едені сықыр­лап тұрған ғимараттарда отыр еді. Осындай түйткіл­ді мәселенің түйінін тарқатып, «Руханият» орталықтарын салып берді. Осылайша мәдениет саласының үлкен тынысын ашты. Мәдениет қызметкерлеріне пәтер кілттерін  табыстады.

Музей саласында қор сақтау жүйе­сі бар. Заманның жаңа инновациялық жаңалықтарымен үйлес­тіру бойынша біз тәжірибе алмасуы­мыз керек. Біздің алдымызда тұрған үлкен шаруа – осы. Жаңадан мамандары­мызды оқытып алуымыз қажет. Жұртқа насихат жасаудың жаңа тиімді жолдарын игеру керек. Ол – тұтас тыныс алып тұрған ғылым.  Бұл  тәжірибеден сүзгіден өткен  Москва қалай жұмыс істеп  жатыр? Еуропа елдері бұл мәселені қалай шешті? Осы елдермен тәжі­ри­бе алмасып, оқып келу – алдымыз­дағы күн тәртібінде тұрған түйткілді шаруа. Каталог шығару ісін қолға алмақ ниеттеміз. Көне жазу кітаптарымыздың аудармасын жасауды жоспарға  бекітіп  отырмыз, бұйырса.

– Айтыскерлік тәжірибе басшылық шешімдеріңізге қалай әсер етеді?

– Айтыс – ұзақ ойланып отырмай, жылдам шешім қабылдайтын өнер жиынтығы. Ол эмоцияға толы өнер болғандықтан, сахнада өнер туды­ра алуың керек. Сонда ғана сен халықтың қошеметіне бөлене аласың. Әйтпесе, сенің екі ауыз өлеңіңе ел қаққан қазықтай болып қарап отыра береді. Елдің қошемет-құрметіне ие болу кәдімгідей дарынды қажет етеді. Іштегі оттың бетке шығатын  сәті  ғой.

Ал керісінше, бүкіл айтыскерлік қабілетті ұжым басшылығында сала беруге келмейді. Ұжым басшысы өте сабырлы болуы керек. Алып-ұшып, аттандап кетуге болмайды. Батыста «Адам көбейсе, мәселе көбейеді» деген сөз бар екен. Жұмыс барысында тез іске асырып, тез шешім қабылдайтын сәттер өте көп болады. Асықпай, ақырын жүріп атқаратын тұстар  да  кездеседі.

– Басшылық қызмет шығармашылық жолыңызға кері әсерін тигіз­бей  ме?

– Орынды сауал. Жалпы, айтыс­керлік бізге не үйретті? Халықпен етене араласуды үйретті. Айтыс сахнасында отырғанда халық нені қабылдайды, нені қабылдамайды деген таразы бала күнімізден ішімізге орнықты. Айту керек сөзді айтып, айтпау керек сөзді айтпай, іркіп қалу деген қасиет бойымызға дарыды. Қай ақын болсын деңгейінің қандай екенін өзі де біледі, ел де жақсы біледі. Халықтың қашанда қалыбы түзу. Бүгінде хал-қадірімізше елдің сеніміне қызмет жасап келе жатыр­мыз. Шығармашылық еркіндікке ата заңымызда да рұқсат етілген. Басында өзің тұру керек жұмыстар көп болып қалады. Әбден саралап, елеп-екшеп барып айтыстарға бара­мыз. Бұрынғыдай жеті сайын сапар­латып айтысу қазіргі уақытта доғарыл­ды  деуге  болады. Оған себеп – жұмыс­тың  қат-қабат  тіршілігі.

– Қазіргі айтыс қоғамға не беріп жүр?

– Өзіңіз білесіз, айтыс аса жауап­кершілігі басым өнер ғой. Айтыс деген жақсы ән шығарып алып, кез келген топта айтып беретін, орта таңдамайтын өнер емес. Бір сәт саған қолайлы болса, енді бір сәт мүлде қолай­сыз болуы ықтимал. Бірі ыстық, бірі салқын келеді. Оны осы өнер айналасында жүрген ақын бауыр­лар  сезінеді.

Сіз айтыс алдында кез келген ақынның қан қысымын өлшесеңіз, қалыпты жағдайдан асып тұрады. Ал оны дәрігер тексерсе, айтысу­ға рұқсат етпейді. Өлеңнің тууы – сондай хәл. «Өлең деген тумайды жайшылықта» деген Мұқағалидың сөзінде шындық бар. «Сөз өнері дертпен  тең»  дейді  Абай  атамыз.

Тоқтар Әубәкіров ағамыз бір сөзінде: «Шіркін-ай, мемлекет рұқсат берсе, тағы бір мәрте ғарышқа ұшар едім» дейді. Міне, бұл – оның көңіл қалауы. Өнерпаз да сол секілді. Сөздің құсы көңіліне қонақтаған адам көпшілік алдына шыққысы келіп тұрады. Адамның жасы ұлғайған сайын тәуекелі күшейіп тұрады. Осы кездері «айтысқа шығасың ба?» десе, тартынып тұрамын. Айтыстың алдындағы ақынның ішкі құбылысын бастан өткізбей ешкім түсіне алмайды деп ойлаймын. Бірақ шығармашылық адамдары мұны толық түсінеді. Айтыстың  қашанда  елге берері көп. Ол – елдің өз өнері болғандықтан, өзіне аса жақын өнер. Қазақ барда, халық барда, айтыс елмен  етене  жасай  бермек.

– Айтыста кімді ұстаз тұттыңыз? Осы өнер жолында  баулыған  шәкірттеріңіз  бар  ма?

– Өзіміз тәнті болып, ізінде жүрген ұстаз ағаларымыз болды. Мәселен, менің кішкентайымнан өлеңге, өнерге қызығушылығымды оятқан ағам, ұстазым – Бағдат Есназаров. Бұл  кісіден  көп дүниені үйрендім десем, артық айтқандық емес. Кезең-­кезеңімен кітаптар беріп, оқытып, өлең құрау құрылымын үйретті.

Қалаға студент болып келген соң осындағы өнерпаз ақын ағаларды жағаладық. Сол кезден білгенін үйретіп, тәрбиелеген – Дүйсенбек Аяшұлы. Дүйсекең үнемі айтатын: «Ақын өлеңді екі баспен жазу керек. Бірі – жазушының, бірі – оқыр­ман­ның басымен» деп. «Өз өлеңіңе өзің ғана  шынайы  сын айта аласың» дейтін. Үйіне қона жатып, ізіне ілесе жүріп жетілдік. Сол ұстаз тұтқан ағалар­дан алған өнеге бойымыз­да тұр ғой. Сол білгеніңді кейінгі буынға беріп кету – шәкірт  тәрбиелеу  деген  сол.

Арнайы тәрбиелеген шәкіртім жоқ. Бірақ, ақыл-кеңес сұраған жас буыннан білген-түйгенімізді аянып қалмаймыз. Ұстаз болу – үлкен қасиет. Ол аламанға ат қосқан шабандоз секілді. Баланың аузына өлшеп салып беретін сөзіңе, сахнадағы отыры­сына  дейін  сен  жауаптысың.

Алдыңғы буындардың ішінде Кенжебай Жүсіп ағамызды ұстаз деп айта аламын. Ал кейінгі жас буындардың арасында Ержеңіс Әбдиев, Ержан Әміров – шебер ұстаз. Жақсы шәкірттер тәрбиелеп шығарып жүр. Кейбіреу жақсы ақын болуы мүмкін, бірақ ол жақсы ұстаз деген сөз емес. Ұстаз – ұлылықтың иесі. Оны жүрек көзімен  сезе  білуің  керек.

– Цифрландыру дәуірінде музей қалай  өзгеруі  керек?

– Міне, мен келген сәттен алдағы бес жылдықтың жоспарын жасап, бекітудің үстіндеміз. Жаңалықтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап тұрған дәуірде цифрландыру ісін қолға алуымыз керек. Бұл музей жұмысына да қатысты. Иннова­циялық жаңалықтарды музейге ен­гізуі­міз қажет. Республика бойын­ша музейлерде ортақ цифрлық бағыт ашылып жатыр. Мұрағаттың барлы­ғын соған енгізу табысталып отыр. Мұндағы мақсат – кез келген сәтте қай музейде қандай жәдігер сақтау­лы тұрғанын көріп, таныса білу. Цифрлық  қордың  жасақталуы – өте дұрыс  шешім.

– Жастарды музейге тартудың тиімді  жолы  қандай?

– Жастардың назарын бұру үшін заман ағымынан қалып қоймауымыз керек. Жастар қай жерге көп шоғыр­ланса, сол жерлерге жиі баруымыз қажет. Жалпы, облыстық музейге келушілердің қатары жақсы. Барлық мектеп музеймен жақсы қарым-­қатынаста жұмыс істеуде. Мұның маңызы  айрықша.

Тарих сабағы аясында жылына бір мәрте музейге мектеп оқушыларын әкеліп тұрса, абзалырақ болар еді. Бұл бала санасына әлдеқайда сіңімді болады. Осы бағытта музей қызметкерлері жақсы жұмыс істеп келеді. Музейге келу үшін де жастарды тәрбиелеуіміз керек шығар  деп  ойлаймын.

– Жастардың бойынан не көргіңіз келеді?

– Жастардың бойынан тек жақсылық көргім келеді. Жастар деп отырғанымыз – ол отбасымыздағы балаларымыз. «Сен де бір кірпіш дүние­ге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтпақшы, елдің қажетіне жарай алатын бала тәрбие­лей алсақ, ата-ана ретінде үміттің ақталғаны  деп  есептеймін.

Бір саланы толыққанды меңгеріп, қолынан келген кәсібі арқылы еліне қызметін жасай алса, әрбір жастың арманы орындалғаны. Қазір жастар жан-жақты. Азаттықты толық сезінген жастар қатары өсіп келе жатқанына қуанамыз. Қазақстан болашақта жастардың білімділігі мен біліктілігінің арқасында үлкен-үлкен жетістікке жетеді ғой деп сенемін.

– Соңғы сауал. Дәстүрлі сұрағымыз­дың бірі – туған  жер  несімен  қымбат?

– Туған жер – өзіңдікі болғаны үшін қымбат. Туған жер – алтыннан да қымбат қазына. Өзің туып-өскен ортаң, балалық бал дәуреніңнің куәсі. Ауылдың табиғаты өзіме белгілі ғой. Алматыдан біреуді ауылыма әкелсем, жарты күннен соң қайтамын деп безек қағуы мүмкін. Өйткені, ол оған үйренбеген. Бірақ сол табиғат – мен  үшін  қымбат  жер.

Мен ауылға барған кезде есігімнің алдында жалаңаяқ жүремін. Табанға тас батады. Бірақ сонысымен маған қымбат, ыстық. Қызыққа толы, қайтып келмейтін шақтарымыз қалған жер – кім-кім үшін де қастерлі, киелі ұғым.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: