Қанша айтылып, қанша талқыланса да, отбасындағы міндеттің тең бөлінбеуі – бүгінгі қоғамның үнсіз қалған шынайы айғайына айналған мәселе. Себебі сырт көзге бәрі қалыпты көрінгенімен, көптеген шаңырақта барлық ауыртпалықтың бір адамға түсуі, түсініспеушілік пен шаршау күн сайын байқалып келеді. Әсіресе қазіргі заманда ер мен әйел қатар жұмыс істеп, бірге табыс тауып жүргенімен, үй ішіндегі жауапкершіліктің басым бөлігі әлі де әйел адамның мойнында қалып отыр.
Бүгінде әйел тек ана немесе жар ғана емес, ол – қызметкер, маман, кәсіпкер. Соған қарамастан қоғам әйелден үйдің де, баланың да, отбасының да барлық жауапкершілігін қатар алып жүруді күтеді. Ал бұл мәселе көп жағдайда ашық айтылмайды. Себебі «бәріне үлгеру керек» деген түсінік әлі де терең тамыр жайып тұр. Осылайша уақыт өткен сайын бұл мәселе көптеген отбасының ішкі дағдарысына айналып барады. Шаршаған ана, жауапкершіліктен қашқан әке, түсініспеушілік көріп өскен бала – мұның бәрі қоғамдағы отбасылық құндылықтарға әсер етпей қоймайды.
Сонда қазіргі қазақ отбасында міндет шынымен тең бөлініп жүр ме?
Таңнан кешке дейін жұмыста жүріп, үйге келген соң тағы да ас дайындап, бала тәрбиесімен айналысып, үй жинап жүрген әйелдерді күнде көріп жүрміз. Тіпті арамызда ондай аналар қаншама. Мысалы, көршім Айгүлдің өмірі осыған дәлел секілді. Таңертең ерте балаларын мектепке дайындап, өзі жұмысқа асығады. Кешке шаршап келгенімен, оны үйдегі тіршілік күтіп тұрады: ас әзірлеу, ыдыс жуу, баласының сабағын қарау, ертеңгі күнге дайындық. Ал жолдасы көбіне жұмыстан кейін демалғанды жөн көреді.
Бір күні әңгіме арасында Айгүлдің: «Кейде қатты шаршаймын. Бәріне үлгеруге тырысасың, бірақ ештеңе бітпегендей көрінеді. Үйдегі барлық жауапкершілік әйелге артылған сияқты» деген сөзі ойымда қалып қойды.
Шынында, бұл – тек Айгүлдің ғана емес, көптеген әйелдің өмірі. Кейде біз мұндай жағдайға соншалықты үйреніп кеткенбіз, тіпті оны қалыпты нәрсе сияқты қабылдаймыз. Бірақ үнсіз жиналған шаршау мен реніштің түбі бір күні отбасы ішіндегі түсініспеушілікке алып келуі мүмкін.
Алайда мұндай үнсіздік мәселені шешпейді. Керісінше, уақыт өте келе шаршау, реніш, түсініспеушілік секілді сезімдер отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа кері әсер ете бастайды. Бір қарағанда ұсақ болып көрінетін тұрмыстық мәселелердің өзі кейін үлкен жанжалға ұласуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тек әйелдердің ғана емес, тұтас қоғамның проблемасы ретінде қарастыру қажет.
Әрине, қоғамда бұл мәселеге қатысты пікір әртүрлі. Кейбір адамдар «үй шаруасы – әйелдің міндеті» деген дәстүрлі көзқарасты қолдайды. Олар ер-азаматтың басты міндеті отбасыны материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету деп есептейді. Ал енді біреулер қазіргі заманда отбасыдағы жауапкершілік те ортақ болуы керек деген пікірде. Себебі бүгінде әйелдер де ерлермен бірдей еңбек етіп жүр.
Шынында, бұрынғы қазақ қоғамында ер мен әйелдің міндеті нақты бөлінген болатын. Ер-азамат түздің жұмысын атқарса, әйел үй ішін басқарды. Бірақ ол кезде қазіргі қоғамдағыдай таңнан кешке дейін кеңседе жұмыс істеу, қоғамдық белсенділік таныту, қосымша табыс табу сияқты ауыртпалықтар болмағаны белгілі. Ал бүгінде әйел әрі қызметкер, әрі ана, әрі келін, әрі жар болуға тырысады. Мұның бәрі психологиялық және физикалық шаршауға алып келеді.
Психологтардың айтуынша, отбасындағы міндеттің тең бөлінбеуі ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктің көбеюіне әсер етеді. Әсіресе жас отбасыларда «кім не істеуі керек?» деген мәселе жиі жанжалға себеп болады. Бірі көмектесуді міндет санамаса, екіншісі өзін бағаланбағандай сезінеді. Уақыт өте келе мұндай ұсақ реніштер үлкен проблемаға айналуы мүмкін.
– Қазіргі уақытта әйел адамның физикалық шаршаудан бұрын эмоционалды тұрғыдан қажуы жиі байқалады. Себебі ол бір уақытта жақсы ана, жақсы жар, жақсы қызметкер болуға тырысады. Ал оның еңбегі бағаланбай қалған жағдайда реніш пен күйзеліс пайда болады. Отбасындағы міндеттің бөлінісі жайлы ашық сөйлесу көптеген мәселенің алдын алады, — дейді психолог Перизат Акимова.
Маманның сөзінше, ерлі-зайыптылар бір-бірін қарсылас емес, серіктес ретінде қабылдағанда ғана отбасындағы түсіністік артады. Себебі үй шаруасына көмектесу – әлсіздік емес, жауапкершілік пен құрметтің белгісі.
Тағы бір маңызды мәселе – мұның бала тәрбиесіне әсері. Бала ата-анасының қарым-қатынасына қарап өседі. Егер ол әкесінің анасына көмектесіп, үй шаруасына араласқанын көрсе, сыйластық пен жауапкершілікті бойына сіңіреді. Ал үйде үнемі ұрыс-керіс болып, барлық ауыртпалық бір адамға түссе, бұл баланың психологиясына да кері әсер етуі мүмкін. Мамандардың пікірінше, отбасыдағы атмосфера баланың болашақтағы отбасылық көзқарасын қалыптастырады.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілер де бұл мәселеге ықпал етіп отыр. Көпшілік «идеал ана», «үлгілі әйел» болуға тырысады. Барлығына үлгеру керек деген түсінік әйелдерге қосымша қысым жасайды. Нәтижесінде көптеген әйел эмоционалды күйзеліске ұшырап, өзіне уақыт таба алмай жатады. Сырт көзге бәрі мінсіз көрінгенімен, шынайы өмірде көптеген ананың ішкі шаршауы мен жан күйзелісі байқалмай қалады.
Дегенмен, бүгінде отбасындағы міндетті бірге атқарып жүрген жанұялар да аз емес. Кейбір ер-азамат бала тәрбиесіне белсенді араласып, ас дайындап, үй шаруасына көмектесуді қалыпты жағдай деп санайды. Мұндай отбасыларда өзара түсіністік пен сыйластық жоғары болатынын мамандар жиі айтады. Өйткені отбасы – бір адамның ғана емес, екі адамның ортақ жауапкершілігі.
Ал мәселені шешудің жолына тоқталар болсақ, мамандар ең алдымен ерлі-зайыптылар бір-бірінің еңбегін бағалай білуі керек екенін айтады. Психологтардың пікірінше, үй шаруасын бөлісу – біреуге бағынышты болу емес, керісінше отбасыға деген құрмет пен жанашырлықтың белгісі.
– Көп жағдайда адамдар үйдегі шаршауды жай ғана тұрмыстық мәселе деп қабылдайды. Бірақ ұзақ уақыт бойы жиналған эмоционалды жүк ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа әсер етеді. Сондықтан міндеттерді алдын ала келісіп алу, бір-біріне қолдау көрсету, қарапайым көмектің өзін бағалау өте маңызды. Отбасыдағы түсіністік ұсақ дүниеден басталады. Ал ер-азаматын үй шаруасына немесе кез келген жағдайда көмекке үйрете алмай, бұл мәселеде шешімін таба алмай жүрген әйелдерге отбасылық психологқа жүгінген дұрыс, — дейді психолог Перизат Бақытжанқызы.
Маманның тағы бір айтуынша, баланы да кішкентайынан жауапкершілікке үйрету маңызды. Себебі бала отбасыдағы қарым-қатынасты көріп өседі. Егер ол үйде өзара көмек пен сыйластықты көрсе, болашақта өзі де сондай отбасы құруға ұмтылады.
Бұл мәселеге қарапайым тұрғындардың да айтары бар. Қала тұрғыны, Гүлназ Әлімжанқызы есімді көпбалалы ана:
– Бұрын үйдегі барлық тірлікті өзім істеуге тырысатынмын. Кейін оның өзіме ауыр болып жатқанын түсіндім. Қазір жолдасым да көмектеседі, балалар да қолғабыс береді. Сонда үйдің де берекесі артып, өзің де шаршамайсың. Бірақ, бұл мәселенің шешіміне ұзақ уақыт бойы күресіп жеткенімді де жасырмаймын. Негізі, отбасы деген бірге көтеретін жауапкершілік қой, — дейді.
Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген сөз бар. Шынында, отбасының берекесі тек материалдық жағдаймен өлшенбейді. Үйдегі жылулық, өзара көмек, сыйластық – бақытты жанұяның басты негізі. Сондықтан қазіргі қоғамда «үй жұмысы кімнің міндеті?» деген сұрақтан бұрын, «отбасындағы татулықты қалай сақтаймыз?» деген мәселе маңыздырақ секілді.
Отбасы – екі адамның ортақ әлемі. Ендеше сол әлемдегі жауапкершілік те ортақ болғаны дұрыс емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман!
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!