Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы Түркі халықтарының Президентері қатысқан бейресми саммитте қандай бастама көтерді? Шолу.

15.05.2026, 18:09 47

Бастамалар цифрлық даму, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғарыш саласы және гуманитарлық ықпалдастық бағытында болды. Президент қазіргі технологиялық өзгерістер дәуірінде түркі елдері ортақ мүдде жолында бірлесіп әрекет етуі қажет екенін атап өтті.

Цифрлық мониторинг және киберқауіпсіздік орталықтарын құру ұсынылды

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Габалада өткен басқосуда Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Цифрлық мониторинг және Цифрлық инновациялар орталықтарын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Президенттің айтуынша, бұл құрылымдар ұйымға мүше мемлекеттердің цифрлық даму мүмкіндігін кеңейтіп, технологиялық ықпалдастықты күшейтуге жол ашады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, мұндай кеңес цифрлық кеңістіктегі осал тұстарды анықтап, инфрақұрылымға төнетін қауіптердің алдын алуға көмектеседі.

«Осы құрылым арқылы Ұйымға мүше елдердің тиісті органдары жедел ақпарат алмаса отырып, жұмыс істей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша тиісті тұжырымдамаларды әзірлеп, Ұйымға мүше мемлекеттерге келісу үшін жолдады», деді Президент.

Цифрлық қолтаңбаны өзара тану және ғарыш саласындағы ықпалдастық

Саммит барысында Президент түркі елдері бірлесе іске асыра алатын бірнеше нақты ұсынысты ортаға салды. Соның бірі – электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тану жүйесін қалыптастыру.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл қадам сауда-экономикалық байланысты жеңілдетіп, цифрлық интеграцияны жаңа деңгейге шығарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғарыш саласының да түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Президенттің сөзінше, спутник байланысы, навигация және мониторинг бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы технологиялық дербестікті күшейтуге болады.

«Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, “CubeSat-12U” ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады», деді Мемлекет басшысы.

Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісі құрылуы мүмкін

Президент білім және ғылым саласында ортақ технологиялық экожүйе қалыптастыру мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.

Оның айтуынша, өзара тәжірибе алмасу, бірлескен кадр даярлау және озық технологияларды енгізу қазіргі кезеңде аса маңызды. Осыған байланысты Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашу жоспарланып отыр.

«Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бағдарламалау, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласы бойынша түркі жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада өткізуді ұсынды.

Turkic ai атты ортақ IT хаб ашу ұсынылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің IT хабтарын біріктіретін ортақ орталық құру бастамасын көтерді. Президент бұл орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Қазақстандағы Alem.ai орталығында орналастыруға болатынын айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай бірлескен хаб түркі елдерінің ортақ технологиялық мүдделерін ілгерілетуге және инновациялық ынтымақтастықты күшейтуге ықпал етеді.

Рухани және мәдени құндылықтарды сақтау мәселесі көтерілді

Президент жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын қолдауға шақырды.

Оның сөзінше, бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеудің құқықтық негізіне айналады және ЮНЕСКО аясындағы жұмыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Түркі халықтарының тарихына арналған цифрлық платформа әзірленеді

Мемлекет басшысы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру қажеттігін айтты. Бұл жоба көптілді форматта жасалып, кез келген адамға түркі өркениетінің мол мұрасымен онлайн танысуға мүмкіндік береді.

Президент Қазақстан осы бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұл орталық бауырлас елдердің бірлескен ғылыми зерттеуіне, мәдени жобалар мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруына жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы орталықтың жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми әлеуетін пайдалану қажет екенін айтты.

Сонымен қатар Президент Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру ұсынылды

Президент технологиялық даму дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық база қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздік шығарғанын айтып, бұл бастама ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы ғылыми сарапшылар мен уәкілетті мекеме өкілдері қатысатын Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынды.

Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы +» бастамасын қолдады

Саммит соңында Президент Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі екенін айтты. Мемлекет басшысы Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасына Қазақстан оң көзқарас білдіргенін және «Алтай сұхбат алаңы» форумын құру бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Түркия ұсынған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасына Қазақстан қолдау білдіргенін атап өтті.

«Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болу қажет деп санаймын», деді Президент.

Сонымен, Түркістандағы саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің технологиялық, цифрлық және гуманитарлық интеграциясын күшейтуге бағытталған ауқымды бастамаларды жариялады. Президент көтерген ұсыныстар жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғарыш технологиясы, ғылым, мәдениет және ортақ рухани мұраны сақтау бағыттарындағы жаңа кезеңнің негізін қалауы мүмкін.

Коллаж: Halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: