Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Трамп Ирандағы билікті ауыстырмай тоқтамайды

28.04.2026, 8:55 60

HALYQLINE.KZ

– Трамп соғысты қайтадан бастап жіберсе, соғыс ұзаққа созылуы мүмкін. Ал АҚШ заңы бойынша президент Конгресс заңынсыз екі ай ғана соғыса алады. Егер соғыс мерзімі ұзап кетсе, міндетті түрде Конгресстің рұқсаты керек. Қазіргі жағдайда Конгресс рұқсат бере ме, жоқ па, белгісіз.

1 мамырда 60 күннің уақыты бітеді. Оған дейін 10 күн мерзім бар. Алайда Ақ үй қайта соғыс бастар болса, Иранның келіссөздерден түбегейлі көңілі қалады. Сондықтан Трамп Тегеранмен келісімге келуге мүдделі. Сол үшін бітімді «екі апта» деді, кейін бір күнге созды, сосын екі күнге тағы созды, келісімге келуі керек еді, ирандықтар Исламабадқа бармай қойды. Енді тағы үш-бес күнге бітімді созғанын мәлімдеді. Меніңше, Трамп келісім жолын іздеп жатыр.

Иран АҚШ-пен келісімге келуі мүмкін. Рас, алғашқы келіссөз нәтиже бермеді. Содан соң АҚШ теңіз блокадасын жасады. Ал Иран мұны күтпеген болуы мүмкін. Өйткені блокада енгізу – теңіз жолын жабу деген сөз. Бұл Еуропаға, Қытайға, жалпы барлық елдерге әсер етеді. Қазір Иран «келісім үстеліне отырамыз, бірақ блокаданы алыңдар» деп бір ғана шарт қойды. Бұдан бөлек байытылған уранды Пәкістанға шығару ұсынысына Тегеран «қарастырамыз» деп екіұшты жауап берді. Яғни Иран бұл ұсынысқа кетәрі емес. Соған қарағанда, ирандықтар келіссөзден қашып отырған жоқ. Трамп та ұсыныстарының бәрін болмаса да, басым бөлігін қысым жасау арқылы орындатқысы келеді. АҚШ шабуылдаған кемеге қатысты 22 сәуірде Қытайдың Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. «Бізден шыққан кемені тоқтатуға құқықтарың жоқ. Бұл – отпен ойнау», – деді олар. Трамп бұған дейін «бұл кемеде жақсы нәрсе жоқ» деп мәлімдеген. Соған қарағанда, кемеде қару-жарақ болған сияқты. Алғашқыда АҚШ-Қытай келісімі бойынша Қытай Иранға қару жеткізбейтін болған. Ал мына кемеде қару-жарақ болуы мүмкін. Сол үшін АҚШ пен Қытай арасы ушығуы ғажап емес.

АҚШ Ирандағы байытылған уранды келісім арқылы ала алмайды. Иранның айтуы бойынша, уран жердің астында, шығару жолдарының барлығы бомбаланған. Оны шығару оңай жұмыс емес және көп уақыт алады. Сондықтан Трамптың негізгі мақсаты келісімдерге келу арқылы Ирандағы қазіргі билікті ауыстыру деп ойлаймын. Кейін билік ауысып, АҚШ-тың дегеніне көнетін адамдар келген соң уранды «бейбіт атом» деп қалдыратын шығар. Ол жаңа билік Израильдің тәуелсіздігін мойындауы мүмкін. Сондықтан АҚШ пен Израильдің негізгі мақсаты Ирандағы билікті толығымен ауыстыру сияқты.

Жәнібек  КӨПЖАСАР,

ирантанушы.

(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)

Фото: zhasalash.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: