Қызылорда қаласында Батырхан Шүкенов атындағы саябағында татар этносының дәстүрлі ұлттық мерекесі «Сабантой-2026» аталып өтті. Береке мен бірлікті, еңбек пен достықты дәріптейтін мерекеге қала тұрғындары мен қонақтары, этномәдени бірлестіктер өкілдері, зиялы қауым және өнерсүйер қауым қатысты.
Мерекенің шымылдығы «Сарман» вокалдық тобының орындауындағы «Сыр елім» әнімен түрілді. Сондай-ақ, ұлттық әндер мен әсем билерден құралған концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде қазақ және татар мәдениетін айшықтайтын өнер туындылары ұсынылды.

Салтанатты іс-шара барысында жиналған жұртшылықты Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров құттықтап, өңірдегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы мұндай игі бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Ол «Сабантой» мерекесінің халық арасындағы достықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты арттырудағы ерекше рөлін атап өтті.
Сондай-ақ, көп жылдан бері орталықпен тығыз байланыста еңбек етіп келе жатқан орталық белсенділеріне құрмет көрсетіліп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаты және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталды.
Мерекеде облыстық татар этномәдени орталығының төрағасы Галия Гизатуллина сөз сөйлеп, Сабантойдың тарихы мен тағылымына тоқталды.
Мерекелік жиында Татарстан Дүниежүзілік конгресі Атқару комитеті мен Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Өкілетті өкілдігі тарапынан да бірқатар азамат арнайы марапаттарға ие болды.

Іс-шара аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар татарша күрес, арқан тарту, қол күрес және ауыр салмақ көтеру секілді сайыстарда бақ сынады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Балаларға арналған ұлттық ойындар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, Татарстан Республикасынан арнайы келген өнерпаздар – Татарстан Республикасының еңбек сіңірген артистері мен Қазан қалалық филармониясының өкілдері мерекелік концертке қатысып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!