Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік қызметші – қоғам үшін үлгі болатын тұлға

16.04.2026, 17:50 87

HALYQLINE.KZ

Бүгін Жалағаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары мен Әдеп кодексі нормаларын бұзушылықтардың алдын алу жөнінде семинар-кеңес өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Семинарға аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Жасұлан Дүйсекеев төрағалық етті.

«Мемлекеттік қызмет саласындағы заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын нығайту мақсатында бұл семинар-кеңестің маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бүкіл қоғамның міндеті. Бұл дертпен заңмен ғана емес, сана мен мәдениет арқылы күресу қажет» деп атап өткен болатын.

Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – мемлекеттік қызметтің сапасын арттырудың негізгі тіректерінің бірі. Мемлекеттік қызметші – қоғам үшін үлгі болатын тұлға. Азаматтардың билікке деген сенімі біздің әрбір әрекетімізге, қабылдаған шешімімізге, қызметтік әдебімізге тікелей байланысты. Сондықтан кез келген немқұрайдылық үлкен сенімсіздікке әкелуі мүмкін екенін ұмытпауымыз қажет», — деді Ж.Дүйсекеев.

Семинарға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мейрамкүл Бибітова, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев, Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр баяндама жасап, мемлекеттік қызметшілердің сұрақтарына жауап берді.

Баяндамашылар мемлекеттік қызметшілер арасында қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қызметтік тәртіпті күшейту, сондай-ақ қоғам тарапынан мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыру мәселелері бойынша кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы Әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына, қызметтік қарым-қатынасына және қоғаммен байланысына қойылатын негізгі талаптар түсіндірілді.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет өткеру кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста әдептілік пен ашықтық қағидаттарын ұстану мәселелері жан-жақты қамтылды.

Семинардан соң мемлекеттік қызметшілерден сауалнама алынып, жеке қабылдау өткізілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: