Соңғы жылдары Қазақстанда қаңғыбас иттер мәселесі тек тұрмыстық деңгейдегі проблема емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулыққа қатысты маңызды тақырыпқа айналды. Көшеде еркін жүрген жануарлар санының артуы тұрғындардың алаңдаушылығын күшейтіп, балалар түгілі ересектерге де шабуыл жасау оқиғалары жиілеп кетті. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған бейнежазбалар мен хабарламалар бұл мәселенің кездейсоқ емес, жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Осындай жағдайда қоғам «адам қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек пе, әлде жануарларға гуманистік көзқарас басым болуы керек пе?» деген күрделі сауалға жауап іздеуде.
Осы мәселені Мәжіліс мінберінде көтерген депутат Еділ Жаңбыршин қаңғыбас иттерге қатысты қолданыстағы саясаттың тиімсіз екенін ашық айтты. Оның пікірінше, бүгінгі жүйе нақты нәтиже бермей, керісінше мәселені ушықтырып отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде қаңғыбас жануарлардың саны жылдан-жылға азаймай, өсіп келеді. 2022 жылы 243 мыңнан астам ит ауланса, 2026 жылдың басында бұл көрсеткіш 276 мыңнан асқан. Бұл қолданылып отырған шаралардың жеткіліксіз екенін айқын дәлелдейді.
Алайда мәселенің ең қауіпті тұсы – құр статистика емес, адамдарға жасалған шабуылдар. Еліміздің әр өңірінде қаңғыбас иттердің адамдарға, әсіресе балаларға шабуыл жасаған оқиғалары жиі тіркелуде. Кейбір жағдайда зардап шеккендер ауыр жарақат алып, ауруханаға түсуге мәжбүр болса, тіпті өлім жағдайлары да кездескені қоғамда үлкен резонанс тудырды. Айтқандай, елімізде әр сағат сайын шамамен бес адамды ит қабатыны көрсетілген. Бұл – жай ғана статистика емес, қоғамдағы нақты қауіптің айқын көрінісі. Яғни, бір тәулікте жүзден астам адам ит тістеуінен зардап шегеді деген сөз.
Бұл деректер бұл үрдістің бәсеңдемей отырғанын анық көрсетеді. Мәселен, соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан, оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 38 848 жағдайды құрап, соның 24 410-ы қаңғыбас иттерге тиесілі болған. Бұл сандар мәселенің азаймай, керісінше күрделенуін көрсетпей ме?
Мұндай статистиканың артында нақты адам тағдыры тұрғанын Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл тек құрғақ есеп емес – балалардың жарақаты, азаматтардың психологиялық күйзелісі, кей жағдайда мүгедектік, тіпті адам өлімі де бар.
Өкініштісі сол, мұндай қайғылы оқиғалар еліміздің әр өңірінде тіркелуде. Мәселен, Өскемен қаласында бұралқы иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасаған. Осыған ұқсас жағдайлар Орал, Көкшетау, Алматы облысы Жалпақсай ауылы және Қосшы қаласында да тіркелген. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысы аумағында бұралқы иттердің шабуылынан баланың қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
Бұл жағдайлар мәселенің тек тұрмыстық деңгейден әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Дәрігерлердің айтуынша, ит қапқаннан кейін медициналық көмекке жүгінетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Мұндай жарақаттар тек физикалық зақыммен шектелмей, ауыр психологиялық салдарға да әкеледі. Әсіресе балалар арасында қорқыныш, үрей, ұзаққа созылатын стресс қалыптасуы мүмкін. Бұдан бөлек, екпе алмаған иттердің көптігі құтыру сияқты аса қауіпті аурулардың таралу қаупін күшейтеді.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі ахуал бірнеше фактордың тоғысуынан туындап отыр. Біріншіден, үй жануарларын жауапсыз тастап кету әлі де жиі кездеседі. Екіншіден, жануарларды міндетті тіркеу және бақылау жүйесі толық жолға қойылмаған. Үшіншіден, зарарсыздандыру бағдарламалары жеткілікті деңгейде қамтылмаған.
Осыған байланысты мамандар мәселені шешудің нақты жолдарын ұсынады. Ең алдымен, үй жануарларын толық тіркеу және чиптеу жүйесін енгізу қажет. Бұл иелердің жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, бұралқы иттерді жаппай жою емес, ғылыми негізделген зарарсыздандыру арқылы санын азайту тиімді әдіс ретінде қарастырылады. Панажайлар санын көбейту және олардың жұмысын мемлекет деңгейінде қолдау да маңызды.
Алайда бүгінде бұл бағыттағы нақты жағдай толыққанды жүйе қалыптаспағанын көрсетеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жылда қаңғыбас жануарлар мәселесін шешуге шамамен 9 млрд теңге бөлінгенімен, нақты нәтиже мардымсыз болып отыр. Яғни қаржы бар, бірақ жүйелі, үйлестірілген механизм жеткіліксіз.
Экология министрлігі де қазіргі тәсілдердің тиімсіз екенін жасырмайды. Ведомство мәліметінше, бүгінгі күні елде «аулау –зарарсыздандыру – вакциналау – босату» моделі қолданылып келеді, алайда бұл әдіс жануарлар санын толық азайтуға жеткіліксіз болып отыр. Сонымен қатар, заң бойынша қаңғыбас жануарларды жаппай жоюға тыйым салынған, тек адам өміріне қауіп төнген жағдайда ғана эвтаназияға рұқсат беріледі. Осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин нақты пікір білдірген болатын. «Бұл – эмоция емес, бұл – нақты статистика… Біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заңды қарап отырған жоқпыз. Біз адам қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, мемлекеттің жауапкершілігі мәселесін қарастырып отырмыз», — деді.
Сондай-ақ ол қазіргі жүйенің тиімсіздігін ашық айтып: «Мәселе тек иттерде емес. Мәселе – құқықтық және басқарушылық вакуумда», — деп атап өтті.
Ал жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес, қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау мерзімі нақты белгіленіп, бақылау күшейтілмек. «Қатыгездікті насихаттамаймыз. Біз тәртіпті, бақылауды және азаматтарды қорғаудың нақты механизмін ұсынып отырмыз», — деді депутат.
Үкімет деңгейінде де бұл мәселе өзекті деп танылып отыр. Экология саласының өкілдері қаңғыбас жануарлардың әлі де топтасып, адамдарға қауіп төндіріп отырғанын атап өтіп, қолданыстағы жүйені қайта қарау қажеттігін жеткізген.
Аймақтық деңгейде де жағдай күрделі. Мәселен, Қызылорда өңірінде де тұрғындар тарапынан қаңғыбас иттерге қатысты шағымдар жиі айтылуда. Ашық деректерде нақты бірізді статистика шектеулі болғанымен, өңірде аулау, зарарсыздандыру және вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Дегенмен, жергілікті деңгейде панажайлардың жеткіліксіздігі мен жүйелі бақылаудың әлсіздігі бұл мәселені толық шешуге мүмкіндік бермей отыр. Сарапшылардың пікірінше, өңірлердегі негізгі түйткіл – қаржыдан гөрі басқару мен үйлестірудің әлсіздігі.
Жалпы, республика бойынша қалыптасқан жағдай бір нәрсені анық көрсетеді. Мәселе – тек қаңғыбас иттердің көптігінде емес, оны реттейтін жүйенің тиімді жұмыс істемеуінде.
Дегенмен, қоғамда әлі де пікірталас бар: бір тарап жануарларға гуманистік көзқарасты бірінші орынға қойса, екінші тарап адам қауіпсіздігін басты басымдық деп санайды. Шын мәнінде, бұл екі ұстаным бір-біріне қайшы келмеуі тиіс.
Қорытындылай келе, бүгінгі деректер мен нақты оқиғалар қаңғыбас иттер мәселесінің ушығып тұрғанын анық көрсетеді. Адам өмірі мен денсаулығы – басты құндылық. Сондықтан мемлекет бұл бағытта батыл әрі жүйелі шешімдер қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, әрбір азамат та өз жауапкершілігін сезініп, жануарларға деген мәдениетті қарым-қатынасты қалыптастыруы қажет. Тек осындай кешенді тәсіл ғана қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, мәселені біржола шешуге мүмкіндік береді.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ.
Коллаж: Қонысбай Шежімбай
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!