Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов және қала әкімі Нұржан Ахатов Қызылорда қаласындағы бірқатар ірі құрылыс нысанын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.
Ең алдымен олар сол жағалауда салынып жатқан 300 төсектік көпбейінді аурухана мен тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. Заманауи талапқа сай бой көтеріп жатқан медициналық нысанда бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана мен 100 орындық онкологиялық бөлім қарастырылған. Жалпы 10 блоктан тұратын аурухана құрамында емхана, қабылдау, операциялық бөлім, жансақтау, химиотерапия, радиология бөлімдері, әкімшілік және тамақтандыру орындары, сондай-ақ конференц-зал болады. Құны 54,3 млрд теңгені құрайтын жобаны «Мелиоратор» серіктестігі жүзеге асыруда. Қазір нысанда монолит жұмыстары толық аяқталып, кірпіш қалау және инженерлік жүйелерді тарту жалғасып жатыр. Құрылыс алаңында 300-ге жуық жұмысшы мен 18 техника жұмылдырылған.

Мұнан кейін халық қалаулылары сол жағалаудағы әрқайсысы 60 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл жобаға 11,3 млрд теңге бөлінген. Қазір мұнда 5 қабатты 7 үй мен 9 қабатты 3 үйдің құрылысы қатар жүргізілуде.
Жұмыс сапары барысында делегация Президент паркінің аумағындағы 9 қабатты 15 тұрғын үй, Ботаникалық білім беру орталығы, балалар лагері және бес жұлдызды Rixos қонақүйі салынатын аумаққа да барды.
Бүгінде «Мелиоратор» серіктестігі 8,2 гектар жерге 9 қабатты 15 тұрғын үй салып жатыр. Құрылыс толық аяқталған кезде ел игілігіне 945 пәтер беріледі. Оның 135-і бір бөлмелі, 540-ы екі бөлмелі, 270-і үш бөлмелі баспана болмақ.
Ал Ботаникалық білім беру орталығының құрылысын «Alem Qurylys AQ» серіктестігі жүргізуде. Аталған орталық экологиялық білім беру бағытын дамытуға және тұрғындардың тынығуына арналмақ.
Сонымен бірге 300 орындық балалар лагерінің жобасында әкімшілік ғимарат, event-аймақ, 4 тұрғын корпус, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 киіз үй, ашық бассейн, стадион, сахна және өзге де демалыс, техникалық нысандар салу жоспарланған.
Қаладағы ірі әлеуметтік және спорттық жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы да қарқынды жалғасып жатыр. Құны 20 млрд теңгеден асатын кешенде олимпиадалық бассейн, бірнеше спорт алаңы және 150 орындық конференц-зал болады. Қазір мұнда 214 адам еңбек етуде. Инженерлік желілердің 90 пайызы дайын.
Құрылыс нысандарын аралау барысында жауапты мамандар жобалардың жүзеге асу қарқыны, техникалық ерекшеліктері мен алдағы міндеттер жөнінде мәлімет берді.
Фото: Қызылорды облысының әкімдігі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!