(Әзіл әңгіме)
Бесінші класта оқитын Әскербектің әкесі үйге айғайлап кірді. Қолында журналдың қиындылары бар.
— Оңбаған, не бүлдіріп жүрсің?
— Әке, жай ма?
— Жаңа мектепке жиналысқа барсам, сен жалаңаш қыздардың суретін сабақта ұстап отырыпсың, оны қайдан алдың?
— Ой, сізден алдым ғой.
— Мен саған қашан бердім?
— Өткенде өзіңіз қаладан бір журналды сатып әкеліп, тығылып қарап отырғанда шешем көріп қалып, үйде айғай-шу болған жоқ па?
— Иә.
— Сосын жыртып-жыртып әжетханаға апарып тастадыңыз.
— Білем.
— Мен сол жерден тауып алдым, — деді Әскербек.
Әңгімеге асүйде жүрген әйелі араласты.
— Әкесі, балаға неге ұрысып жатырсың? — деп дауыстады.
Бұл туралы ол естісе, өткендегі айғай қайта басталады.
— Әншейін ғой, сабағын тексеріп жатырмын.
Баласына:
— Ал, сен болды, доғар. Бұдан кейін мұндай жаман затты қолыңа ұстаушы болма? — деп, әйеліне естіртпей ескертті.
— Жарайды, әке.
— Ұлым, одан да әдеби кітап оқы. Көкем-ау, жұрттың баласын қарашы, мектепті үздік бітіріп, жоғары оқуға түсіп, қайтып келіп саған сабақ беріп жатыр. Сен бұл мектептен шықпай-ақ қойдың. Әлі, жетінші класта жүрсің? Қашан көшесің?
— Әке, айтпақшы мен көшетін болдым.
— Рас па? Ақыры жетінші кластан сегізінші класқа ма?
— Жоқ, алтыға көшемін.
— Не дейді? Ойбай-ау, алға неге көшпейсің? Батпаққа батқан трактор құсап тұрып қалдың ғой. Сені оқытам деп, мен өлетін болдым, — деп, баласын нұқып қалды.
— Өй, әке, ұра бермеші.
— Үйге қандай тапсырма берді?
— Қазақ тілінен беретін апай шындық туралы шығарма жазып келіңдер деді.
— Жаздың ба?
— Иә.
— Қане, дауыстап оқышы.
— Биыл біздің ауылға көктем кеш келді. Қорадағы малдар қыстан әрең шықты. Күн ызғар. Біз өте кедей тұрамыз. Әкем бұтына әлі шешемнің жыртық гамажын киіп жүр. Шалбар сатып алатын ақшасы жоқ.
— Әй, гамажың не айтып тұрған, оны неге жазасың?
— Өтірік емес қой.
— Бізді шығармаңа араластырмай алып таста.
— Соңғы кездері тұрмысымыз нашарлап бара жатыр. Өткенде әкем несиесін төлеуге қаражат таба алмай көршіден сұрады. Ол берген жоқ. Шешем айтты: «Көршіміз нағыз оңбаған, сараң, ит, шошқа екен» деді. Әкем айтты: «Біздің елдің басшылары тойымсыз, халыққа жаны ашымайды. Жақында таяқ алып көшеге көтеріліске шығамыз» деп, әзірленіп отыр.
— Әй, жартыбас, мынауың не? Бізді соттатайын деп жаздың ба?
— Әке, рас емес пе? Апай тек шындық туралы айтыңдар деген жоқ па?
— Апайың бар болсын.Тез арада өшір. Әрі қарай оқы.
— Біздің үйде ешкім өтірік айтпайды. Бірақ, әкемнің аздап суайттығы бар.
— Ау, бұның не?
— Шешемнің сырғасын ломбардқа салып жіберіп, әлі әкеліп берген жоқсыз. Алдап жүрсіз.
— Сен, мына шығармаңмен бізді елге қарабет қыласың ғой. Болды ма?
— Жоқ, әлі бар.
— Оқы.
— Жақында ауылға жаңа басшы келді. Беті былшиған біреу. Бұл қызметте бұған дейін отырған адам да түк бітірген жоқ. Ылғи қу қара бастарын ойлайтын шикі бастар.
— Пәле, мына сөздерді қайдан тауып жаздың?
— Кеше кешкісін дастарқан басында шешем айтты ғой. Әке, сіз қоштай жөнелдіңіз.
— Жетеді, осы айтқаның. Ойбай, «балалы үйде өтірік жатпайды» деген осы екен-ау, — деп, шошып кетті.
— Әке, соңын былай аяқтадым.
— Қалай?
— Біздің үйде ешкім жұмыс істемейді.
— Иә, бұл – енді шындық.
— Қазір шешем екі қолға бір күрек таба алмаған соң, үйде электр пешіне нан пісіріп сатады.
— Дұрыс, аяғы жақсы екен.
— Әкем ток көп тартады деп, электр жүйесін бағанадан тікелей ұрлап, үйге тартып алды.
— Не дейді, бұл қылмыс қой. Ертең мұны жұрт естісе, үйге полиция келіп, айыппұл салмай ма? Әкел шығармаңды, бүйткен шындығыңды ұрайын, — деп, қолынан дәптерді жұлып алып, Әскербекті сыртқа қарай тұра қуды.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!