Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қауқарың қалай, қазақ қорғанысы?

19.03.2026, 8:40 62

«Қазіргі геосаяси кеңістік бұрынғыдай емес. Әлемдегі саяси шешімдер шахмат тақтасындағыдай күтпеген жүріске һәм күрделі қарымта жауапқа толы. Шыны керек, ХХІ ғасырдың екінші ширегінде АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы текетірес жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. Бұл – тек дипломатиялық бәсеке емес, әскери, экономикалық және ақпараттық майдандарда да қатар жүріп жатқан ауқымды күрес. Сарапшылар мұны «жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру кезеңі» деп бағалайды. Яғни, алпауыт державалар әлемнің «жаңа картасын» сызып жатыр».

Бұл – «Халық» газетіне осыдан тура 2 ай бұрын жарияланған мақаладан үзінді. Расында, әлемдегі әскери операциялар, қақтығыстар және соғыс өрті күн сайын өршіп келеді. Тіпті, қауіптің қайдан және қашан келетінін бағамдау қиын. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та растады. Президент бұл туралы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында  айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев тіпті, экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, соғыстың ортасында қалғанын жеткізді. «Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес елдің аумағынан шықты» деп нақтылай түсті ол.

– Жер шарындағы барша адамзат «турбуленттілік» деген сөзді жақсы біледі. Әуе кемесі «турбулентті» аймақ­қа енген сәтте жолаушыларды сабырға шақыратын ұшқыштарға қарағанда, саясаткерлер мен сарап­шылар халықаралық ахуалды сипаттауда осы  сөзді  жиі  қолданып  жүр.

Шынында, бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір  сүруге  мәжбүр.

Соңғы он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен-бірі асып түседі. Бұл үдеріс әлеуметтік желідегі талқылаулардың өзегіне айналды. Онда ақиқат пен аңыз, конспиро­логия мен жалған мәлімет, қайғы-қасірет пен қуаныш қатар көрініс табуда. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан  әлемнің  бүгінгі  кейпі  осындай.

Өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелеңнің шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсетті. Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық  белең  алды, — деді  Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, Таяу Шығыстағы  ахуалдың ушығуы қазірдің өзінде  жаһандық  қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигіз­ді. Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысының күшеюі, ірі елдер мен блоктардың жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптерінің тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқықтың сақталмауы, БҰҰ беделінің бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі  жағдайға  себеп  болып  отыр.

Басы ашық мәселе бар. Ол – қорғаныс саласын дамытуға ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назар аударуы. Сондықтан да, бүгінде Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығы қарқынды  ілгерілеп  келеді  дей  аламыз.

Қорғаныс саласындағы басымдықтар ретінде әуе қорғанысы жүйелерін, әскери-­көліктік авиацияны, арнайы операция­лар күштерін, радиоэлектрондық барлау мен күресті, ұшқышсыз ұшу жүйелері мен қос мақсатты құралдарды дамыту көрсетілген. Бүгінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамыту бойынша жобалар белсенді іске асырылып жатыр, бұл стратегиялық маңызды объектілерді қорғауға және мемлекеттің қорғаныс әлеуетін нығайтуға  мүмкіндік  береді.

Осы орайда, біз ҚР Қорғаныс министрлігі Стратегиялық даму департаменті бас­тығының орынбасары, полковник Алпамыс Өтеповтен «Қорғаныс саласын нығайту бойын­ша қандай жұмыстар атқарылуда?» деп  сұрадық.

– Әскери-көліктік авиацияны дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұл армияның жедел ұтқырлығын арттырып, қауіп-қатерлерге тез жауап беруге және әскер күштерін қысқа уақыт ішінде қажетті жерге жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Airbus A400M Atlas ұшағы Қазақстан Рес­публикасының Әуе қорғанысы күштері авиа­циялық  паркіне  қосылды.

Ерекше рөл арнайы операциялар күштеріне беріледі. Олар терроризмге қарсы іс-қимылдан бастап бітімгершілік миссияларға қатысуға дейінгі түрлі қауіп-қатерге әрекет ететін әмбебап құралға айналып келеді. Олардың дайындығы, техникалық жабдықталуы және басқа бөлімшелермен өзара  іс-қимылы  күшейтілуде, — деді  ол.

Алпамыс Өтеповтің айтуынша, маңызды бағыттардың бірі – радиоэлектрондық барлау мен радиоэлектрондық күресті дамыту, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерді енгізу. Бұл – бақылау мен барлау жүргізудің жаңа мүмкіндіктерін ашып ғана қоймай, әскерді қолданудың тиімділігін арттыратын заманауи құрал. Сонымен қатар, қос мақсаттағы құралдарды әзірлеу және қолдану жұмыстары қатар жүргізілуде, бұл өз кезегінде армияға қосымша икемділік пен  технологиялық  артықшылық  береді.

– Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуда шетел елдерімен әскери-техникалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Қазақстан аумағында Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясы мен шетел­дің алдыңғы қатарлы компаниялары бірлескен кәсіпорындар құрған. Олардың қатарында Aselsan түрік компаниясымен бірлесіп электронды-оптикалық аспаптар өндірісі, Eurocopter француз-неміс компаниясымен – ЕС145  тікұшақтарын  өндіру  және  техни­калық сүйемелдеу, tales француз компаниясымен – КВ және УКВ диапазондарының радиостанциялары және басқалары бар. Сонымен қатар, армияға қажетті өнімдерді Қазақстанда өндіру көлемі артты. Олардың ішінде патрон өндірісі, кеме жасау, әуе қорғанысы құралдарын жөндеу мен өндіру, оптикалық-электрондық жүйелер және бронды техника бар, — деді Стратегиялық даму депар­таменті  бастығының  орын­басары.

Бүгінде Қазақстанда жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттары да сынақтан өткен. Олардың қатарында «Burkit» және Sunqar UAV (Bet Sky), «Шағала» (Taharqa Technologies), сондай-ақ «Шағала-М» мен «Қарақұс» (R&D орталығы Қазақстан инжиниринг) бар. Сынақ нәтижесінде «Sunqar» ұшқышсыз жүйесі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қаруына қабылданып отыр.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін дамытудағы негізгі қағидаттар мен тәсілдер әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық бағдарламалық құжаттарда  айқындалған.

ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас­тығы, полковник Олжас Құсайынов әскери ынтымақ­тастық турасында пікірін айтты.

Оның сөзінше, еліміздің халықаралық әскери ынтымақтастығы қарқынды дамып келе­ді. Көпжақты да, екіжақты форматта да конструктивті  өзара іс-қимыл  жолға  қойыл­ған.

– Басты бағыттардың қатарында бітім­гершілік қызмет саласында тәжірибе алмасу, бірлескен әскери жаттығулар өткізу және әскери кадрларды даярлау бар. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік мәселелеріне, терроризмге қарсы іс-қимылға, жаңа қауіп-қатерлерге жауап беруге және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылуда.

Қазіргі жағдайда Қазақстан сенімді нығайтуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ашық әрі прагматикалық саясат ұстанып отыр. Бұл саясат Орталық Азия аймағында да, жаһандық деңгейде де тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.

ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ – өңірлік қауіп­сіздік мәселелері және әскерді бірлесіп  қолдану бойынша  негізгі  серіктестер, — деді  ол.

Қазіргі халықаралық қатынастар кезеңінде бітімгершілік қызметке қатысу ерекше маңызға ие болып отыр. Ол жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың, көпжақты ынтымақтастықты дамытудың және мемлекеттердің халықаралық беделін арттырудың маңызды  құралы  болып  саналады.

Қазақстан халықаралық тәртіпті сақтауға қатысуға ғана емес, сонымен қатар бітімгершілік қызметте белсенді әрі дербес ұстаным көрсетуге ұмтылысын жүйелі түрде дәлелдеп келеді. Соңғы жылдары бұл бағытта ел айтарлықтай жетістікке жетіп, өзін сенімді серіктес және әлемдік қоғамдастықтың жауа­пты мүшесі ретінде танытқанын айта кетуіміз  керек.

– Бітімгершілік қызметтің Қазақстан қорғаныс саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде енгізілуі халықаралық қауіп­сіздікті нығайтуға деген ұмтылысты ғана емес, сонымен бірге ортақ болашақ үшін жауап­кершілікті де көрсетеді. Қазақстан үшін бітімгершілік операцияларға қатысу – бұл ел аумағынан тыс жерде әскери қатысу ғана емес, бейбітшілік, диалог және халық­аралық  құқықты  құрметтеу қағидаттарына негізделген сыртқы саяси ұстанымды жүзе­ге  асыру.

Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жүргі­зілетін миссиялар гуманитарлық міндеттерді орындаумен қатар, әскери қызметшілердің кәсіби әлеуетін жан-жақты дамытуға ықпал етеді. Негізгі стратегиялық мақсат – операцияларға қатысу арқылы практикалық тәжірибе жинақтау, қазақстандық әскери қызметшілердің даярлық деңгейін арттыру, олардың көпұлтты ортада және күрделі жағдайларда әрекет етуге бейімделуін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақсыз аймақ­тарда жұмыс істеу тәжірибесін қалып­тастыру, — деді  Олжас  Құсайынов.

Халықаралық ынтымақтастық департаменті  бастығының  сөзінше, мұның барлығы бітімгершілердің құнды кәсіби қабілеттерін дамытып, олардың  жеке  төзімділігі  мен  жедел  дайындық  деңгейін  нығайтады.

Қазақстан әскери қызметшілері Біріккен Ұлттар Ұйымының ажырату бақылау күштері  (UNDOF) миссиясы құрамында Голан тауларында тапсырмаларды орын­дауға  кіріскенін  көпшілік  жақсы  біледі.

Қалай десек те, Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы БҰҰ құрылымында сенімді қатысушы  ретінде  өз  позициясын барынша  нығайтып  келеді. Бұл  жол шыдамдылықты, табандылықты  және үздіксіз  өзін-өзі  жетілдіруді  қажет ететіні белгілі. Біз бүгінгі мақаламызда аз-маз «Қауқарың қалай, қазақ қорғанысы?» деген сауалға жауап  беруге  тырыстық.

Қорыта  айтсақ,  бүгінде  Қасым-Жомарт  Тоқаев  тапсырмасы бойынша жүргізіліп  жатқан  жұмыстар  кешенді сипатқа ие болып отыр. Олар әскерді жаңғыртудың стратегиялық мәселелерін де, сондай-ақ оның басты ресурсы саналатын адамдарға қамқорлық  жасауды  да  қамтиды.

Рыскелді  ТӘЖІ

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: