БҮГІНГІ САТИРА
(«Бірдеңе» сатиралық романымнан үзінді)
Нұрхан Айдаға «Мазерати» көлігін сатып әперген күні офистен кеш қайтып, жатын бөлмесіне келіп, асықпай шешініп, әйелінің жанына жата кеткен еді, Айда атып тұрды.
– Танымадың ба? Күйеуің Нұрханмын ғой, — деп әзілдеді Нұрхан.
– Бөлек жат.
– Ойбай! Неге?
– Айыппұл төлейміз.
– Қалай сонда?
– Сондай заң шықты.
– Қашан?
– Кеше. Бұдан былай ерлі-зайыптылар күн сайын бірге жататын болса, айыппұл төлейді екен.
– Масқара! Айыппұлстан болдық қой! Біздің бірге жатқанымызды қалай біліп қояды?
– Кеше әкімшіліктен келіп, жасырын камера орнатып кетті…
– Қызық екен. Сонда қазақ қалай көбейеді?
– Үкіметтің мақсаты – балаларға берілетін жәрдемақыны үнемдеу екен.
– Құшақтайыншы.
– Құшақтауға болмайды.
– Неге?
– Штраф.
– Өй, сен үкіметтің емес, менің әйелімсің ғой.
– Көлікте ұялы телефонды арнайы қондырғыда ұстағандарға да айыппұл салатын заң шығарғыштарға айт жырыңды! Байғұс таксишілер онлайн картаны да көре алмайтын болды…
– Айда, әке-шешеме сәл жұмсақ қарасаңшы, — деп сыбырлады Нұрхан. Үні үтіктеліп қалғандай пәс шықты.
– Олармен бірге тұрғым келмейді.
– Неге?
– Ата-енесімен бірге тұрғандарға айыппұл салынады екен.
– Қой-е?
– Сондай заң шығыпты.
– Енді не істейміз?
– Қарттар үйіне өткіземіз.
– Сөйтсек болады екен ғой-ә?
– Түшкірсек – айыппұл, түкірсек – айыппұл, ауырып қалсақ – айыппұл, қонаққа барсақ – айыппұл, бірдеңе сатып алсақ – айыппұл, адам болсақ – айыппұл, надан болсақ –айыппұл, — деп күрсінді Айда.
Нұрхан сол күні бөлек жатып, төбедегі бұрышқа орнатылған камераға қарап, аузы-басын қисаңдатып жатты. Ертеңіне аузы-басын қисаңдатқаны үшін айыппұл келді.
Мұхтар ШЕРІМ.
Көрнекі карикатура: Ғалым Смағұлұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!