Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы БҰҰ әйелдері координациялық кеңесінің басшысымен кездесті

12.03.2026, 15:30 56

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық Азиядағы және Қазақстандағы БҰҰ әйелдері координациялық кеңесінің басшысы Джерен Гювен Гюрешпен кездесті.

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде елімізде ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндік берілгені, отбасы құндылықтарын сақтау мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі екені айтылды.


«Қазақстан он бес жылдан астам уақыттан бері Біріккен Ұлттар ұйымының Әйелдер ұйымымен ашық әрі сенімді серіктес болып, өзара қарым-қатынасты дамытып келеді. Өзіңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған республикалық референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл – еліміздің кемел келешегі үшін өз таңдауымызды жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға берілген тарихи мүмкіндік. Жаңа Ата Заңның жобасында неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екені нақтыланған. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға, әйелдер құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Аймағымызда отбасы институтын дамыту, аналарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар нәтижелі іске асырылуда. Соңғы екі жыл қатарынан «Анаға тағзым» республикалық форумы өткізіліп келеді. Оған ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Балаева Аида Ғалымқызы, республиканың барлық аймағынан делегаттар қатысып, дәстүрлі тәжірибе алаңына айналды. Форум биыл да ұйымдастырылады. Қызылорда облысының әкімдігі ашық диалогқа, халықаралық әріптестік байланыстарға әрдайым дайын екенін мәлімдеймін», – деді Н.Нәлібаев.


Өз кезегінде Джерен Гювен Гюреш бірлесіп жұмыс атқару ниетін білдіріп, алдағы жоспарларын бөлісті.


Айта кетейік, бүгінде өңір халқының саны 845 135 адам, оның 419 819-ы, яғни 49,6%-ы – әйелдер. Қалалық жерде 185 мың, ауылдарда 230 мыңнан астам әйел тұрады.
Облыста 160 мыңнан астам отбасы болса, оның 48 мыңнан астамы көпбалалылар, 17 мыңға жуық «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері бар.


Мемлекеттік қызметшілердің 45,4 пайызы, медицина қызметкерлерінің 88,1 пайызы, педагогтердің 78,3 пайызы, жалпы бюджеттік салада жұмыс істейтіндердің 62 пайызы, шағын және орта бизнестегілердің 55 пайызы – қыз-келіншектер.


Координациялық кеңес басшысының Сыр өңіріне сапары аясында маңызды іс-шаралар ұйымдастырылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: