Кездесу барысында Мемлекет басшысы Масато Канданы Азия даму банкін басқару қызметіне кіріскеніне бір жыл толуымен және қаржы институтының алдағы 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, жауапты миссиясында табыс тіледі.
Президенттің айтуынша, соңғы отыз жылдан астам уақытта Азия даму банкі Қазақстанда жалпы құны 7 миллиард доллардан асатын 170-тен астам жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен. Бұл жобалар экономиканың түрлі салаларын қамтып, инфрақұрылымды жаңғыртуға, әлеуметтік нысандарды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңде экономиканың негізгі секторларында ауқымды бастамалар қолға алынатынын атап өтті. Аталған жобалар тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және құрылымдық реформаларды тереңдетуге бағытталған.
Өз кезегінде Масато Канда Қазақстанмен әріптестікті нығайту Азия даму банкі үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты. Оның сөзінше, банк тұрғын үй құрылысы, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар өзге де салалардағы жобаларды қаржыландыруға дайын.
Сонымен қатар АДБ президенті Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу ісінде өңірде алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Ол аса маңызды минералдар саласын дамыту мен ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда еліміздің әлеуеті жоғары екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ұзақмерзімді, орнықты серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.
Фото: Ақорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!