Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақпанда жауған жаңбыр немесе климаттың ауытқу қатерлері

27.02.2026, 20:19 49

Апта ортасында жауған жаңбыр қызылордалықтарды біраз әбігерге салды. Қыстыгүнгі мұздай жаңбырдың ең бірінші соққы беретін жері – электр желілері мен көліктер. Жаңбыр тамшылары сымға тиген бойда қатып, қалың мұз қабатын түзеді де, бұл сымдардың салмағын ондаған есе арттырып, олардың үзілуіне немесе тіреуіш бағаналардың құлауына әкеледі. Мәселен, Қызылорданың іргесіндегі Сабалақ саяжайында, Қосшыңырау ауылдық округінде электр бағаналарының құлауының салдарынан ел-жұрт жарықсыз, жылусыз қалды және мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Ал жер үстінде пайда болған қара мұз қарапайым әдеттегі мұзға қарағанда мөлдір болғандықтан жүргізушілерге байқалмайды. Бұл апаттық жағдайларды күрт арттырады. Жаяу жүргінші жолы да тайғақ болғандықтан оқушылардың онлайн оқып жатқанына бүгін үшінші күн болды.  Әлеуметті осыншама әбігерге салған ақпандағы мұздақ климаттың ауытқуына байланысты талдау материалына негіз болып отыр.

Жалпы 25-і күнгі ауа-райы -7 градусты көрсетіп тұрған. Далада жауа  бастаған жауынды, іле-шала жол үстін мұз айдынына айналдырған сәтте біздің мекемеге жұмыс барысымен келген қонақ Темірбек ақсақал: «Бүгінгі Қазгидрометтің көрсетіп тұрған ауа-райында қазір жаңбыр емес, қар жауу керек еді. Апырай, ә, мына жаңбыры несі?» деп ауық-ауық бас шайқады. 

Бұл ауа-райының ауытқушылығы ма?

Рас, соңғы жиырма жылда қыстыгүні жаңбыр жауу қалыпты жайтқа айналып барады. Бұл қаншалықты «дұрыс»? Шындығында, бұл мұздақтың пайдасынан зияны көбірек. Өйткені жаңбыр суы бірден қатып қалғандықтан, топырақтың терең қабаттарына сіңіп үлгермейді. Бұл ылғалдың тиімсіз жұмсалуын көрсетеді. Көктемде мұз ерігенде су жерге сіңгеннен гөрі буланып немес ағып кетуі әбден мүмкін, мұның соңындағы құрғақшылық біздің аймақ үшін тіпті тиімсіз. Аз ғана мұз қабаты төрт түліктің тұяғын жарақаттап, жайылуын қиындататынын білгенде кешегі мұздақта жайылымдағы малдың жайын елестету тіпті қиын. Қала экологиясына да зардабын тигізбей қоймайды: мұздай жаңбырдан соң ағаштардың «шыныдан» жасалғандай болғанын көрдік. Ертегідегідей көзді арбағанымен, оның ертеңгі салдары оңайға соқпайды. Орташа үлкендіктегі ағаштың бұтақтарына бірнеше жүз келі мұз қатуы мүмкін. Салмағы жеңіл адамның өзін қаңбақша ұшырып жіберуге қауқарлы біздің Сырдың желі мұз басқан бұтақтардың бірталайын сындырып жіберді. Мұздақтардың жерге сұлатуы ағаштардың ішкі құрылымын зақымдап, көктемде қайта бүршік жаруына кедергі келтіруі әбден мүмкін.  

-7С температурада жаңбыр жаууы бұл – айқын климаттық аномалия және қауіпті метеорологиялық құбылыс. Ғылымда бұл құбылысты «мұздай жаңбыр» деп атайды. Қызылорда сияқты шұғыл континентті климаты бар аймақ үшін ақпан айының соңында мұндай жағдайдың болуы атмосферадағы үлкен өзгерісті білдіреді. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың бағалауларына сүйенсек, жаһандық жылынудың әсерінен атмосфералық ағындардың бағыты өзгеріп, мұндай аномальды құбылыстар (қыста жаңбыр жаууы, жазда қар түсуі) жиілеген. Бұл – климаттың тұрақсыздығының айқын көрінісі. Климатолог мамандар мұндай құбылыстардың жиілеуін климаттың жүйесіздігі  деп түсіндіреді. Арктикалық суық ауа мен оңтүстіктен келетін жылы ағындар шекарасының тұрақсыздығынан біздің Қызылорда сияқты оңтүстік өңірлерде қыста жаңбыр жауатын болады.  

Қызылордада ақпан айында ауа райы әдетте тұрақты суық немесе жылымық болуы керек. Ал мұздай жаңбыр – бұл екі түрлі фронттың (өте суық және өте жылы) соқтығысуынан туындайтын сирек құбылыс. 25 ақпандағы жағдай – бұл жай ғана ауа-райы емес, температуралық инверсияның нәтижесі. Егер мұндай жағдайлар жыл сайын қайталана берсе, бұл аймақтың климаттық белдеуінің өзгеріп жатқанын растайтын ғылыми дәрежеге айналады. 

Қыста неге жаңбыр жауады?

Қыста жаңбырдың жаууы, климатологтардың көзқарасы бойынша, атмосфералық тепе-теңдіктің бұзылуы деп сипатталады. Бұл құбылысты түсіндіру үшін ғалымдар физикалық және жаһандық деңгейдегі екі түрлі себепті алға тартады. 

Біріншіден, физикалық түсіндірмеге сүйенсек, қалыпты жағдайда биіктеген сайын ауа-райы суый береді. Жоғарғы қабат суық болғандықтан, бұлттарда қар түзіледі. Ортаңғы қабат – жылы, сондықтан атмосфераның орта шенінде жылы ауа массасы (инверсия) орналасады. Қар осы қабаттан өткенде еріп, суға айналады. Төменгі қабат суық болғандықтан, жерге жақын жерде ауа қайтадан суып, бірақ тамшылардың жерге дейінгі қашықтығы аз болғандықтан ауада қатып үлгермейді де, жерге су күйінде жетеді. Біздің жағдайымызда бұл тамшылар іле-шала мұзға айналып, көктайғақ басып қалды. Екіншіден, ғалымдар қысқы жаңбырдың жиілеуін үш негізгі фактормен байланыстырады. Олар: реактивті ағындардың иректелуі, арктикалық күшею, атмосферадағы ылғалдың артуы. Реактивті ағындар, яғни жер шарын айналып ұшатын өте жылдам ауа ағындары бұрын Арктиканың суық ауасын солтүстікте, ал жылы ауаны оңтүстікте «құлыптап» ұстап тұратын. Жаһандық жылыну салдарынан бұл ағындар әлсіреп, «иректеле» бастады. Бұл иректер оңтүстіктегі жылы, ылғалды ауаны солтүстікке (Қазақстанның орталығы мен оңтүстігіне) тереңдей енгізеді. Соның нәтижесінде қақаған қыста кенеттен жылымық болып, жаңбыр жауады. Бүгінде Арктида ғаламшардың басқа бөліктеріне қарағанда 3-7 есе жылынып жатқанын ескерсек, солтүстік пен оңтүстік арасындағы температура айырмашылығы енді азайған үстіне азая береді. Бұл ауа-райының тұрақтылығын жоғалтып, қыстың қақ ортасында жауын-шашын сияқты шұғыл секірістерге әкеледі. Физика заңы бойынша ауаның температурасы 1 градусқа көтерілген сайын ол өзіне 7 пайыз ылғалды сақтай алады. Атмосфера жылыған сайын ол ылғалдырақ бола түседі де, бұл қыста қардың орнына жаңбырдың жауу ықтималдылығын арттырады. 

Климатологтар қыста жаңбыр жаууын болашақтың белгісі деп атайды. Енді жыл сайын қайталануы қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Қысқы жаңбыр – бұл жай ғана ауа-райының бұзылуы емес, бұл жер шарының жылу тепе-теңдігінің өзгергенінің көрсеткіші.  

Саят АСҚАР,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

Фото: freepik

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: