Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үшінші жаһан соғысының қаупі туды

02.03.2026, 9:05 78

HALYQLINE.KZ

Украина президенті Володимир Зеленский: «Ресей үшінші дүниежүзілік соғысты бастады» деп айыптап еді. Сол шындыққа айналып келе жатқан сияқты. Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысына төрт жылдан асты. Кеше Ауғанстан мен Пәкістан арасында атыс болды. Бүгін Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетанияху «аятолла режимі тарапынан төнген қауіптің алдын алу» деген сылтаумен әрі АҚШ-тың көмегімен Иранға шабуылды бастап кетті. Соққы әуеден де, құрлықтан да, теңізден де беріліп жатыр. Олар қалай да Иранды бас көтертпей жермен жексен еткісі келеді. Тараптар бұл соғысқа ертеден дайындалған.

Израиль мен АҚШ Иран режиміне іштей де, сырттай да қысым жасап келеді. 2025 жылы 13 маусымда Израиль Иранға әуе күштерімен соққылар жасады. Мыңнан астам нысан бомбаланды. Иран да қарап қалмай Израильге қарсы 500-ден астам баллистикалық зымыран мен 1000-нан астам дрондарын қаптатты. Екі жақтан да үлкен шығын болды. Одан нәтиже шықпаған соң АҚШ пен Израильдің құпия барлау қызметтері идеологиялық ықпалмен жастарды көтеруге тырысты. Соңғы екі-үш айдағы оқиғалар – соның дәлелі. Ол әрекеттері сәтсіз аяқталған соң міне, «ядролық бағдарламасын жою мақсатында» Иран қалаларын бомбалауға көшті. Иран өз кезегінде Израильмен қоса АҚШ базалары орналасқан көрші елдерді нысанаға алуда.

Иран – орасан тарихы бар, адамзаттың ұлы мәдениет ошағы. Әлемдегі ең көне мемлекет Иран жерінде құрылған. Өз басым Иран елінде екі рет болған, кезінде Иран президенті М.Ахмединежадпен кездескен, халқының жағдайын көзімен көрген адам ретінде өз пайымымды ортаға салғым келеді.

Израиль халқы небары 10 млн болса, Иран халқы – 93 млн. Иран халқы өте еңбекқор. Әрі діндеріне өте берік. 1979 жылы елде ислам революциясы жүзеге асты. Өйткені жұрт сол кездегі шах Мохаммад Реза Пехлевидің саясатына қарсы болды. Ол дінге қысым жасап, дін қайраткерлерін елден қуды. Мемлекетті АҚШ-тың тонауына беріп қойды. Иран АҚШ пен Батыс елдеріне толықтай тәуелді болатын. Осындай жағдайда өз халқы Ислам революциясын жүзеге асырды.

Монархия жойылды, Шах отбасымен елден қашты. Иранда «демократиялық, әлеуметтік әрі әділетті» мемлекет құру мақсат етілді. 1979 жылы 31 наурызда Иранда өткен жалпы халықтық референдумда сол кездегі 38 млн халықтың 99 пайызы елде мемлекеттік құрылыстың жаңа формасын – Иран Ислам Республикасын құруды жақтап дауыс берді. Яғни Иранда «молдалар» билікті басып алған жоқ, ислам мемлекеті бүкілхалықтық референдум арқылы дүниеге келді. Көп ұзамай елдің шариғатқа негізделген жаңа Конституциясы жасалды. Францияда эмиграцияда жүрген аятолла Хомейни елге шақырылды.

Төңкерілген шаһпен бірге Иран АҚШ ықпалынан да құтылды. Бірақ АҚШ бастап батыс елдері Иранға ондаған санкциялар салды. Алайда экономикалық санкциялардан сансырайды деген Иран жылдан-жылға нығая берді. Санкция салынған 46 жылдың ішінде ешқандай шетелдік инвестициясыз, технологиялық тұқыртуларға қарамастан өз бетінше керемет жетістіктерге жетті. Қоғам моральдық тұрғыдан сауықты, арақ-шарапқа, ЛБГТ-ға, жезөкшелікке, абортқа тыйым салынды. Ұрлық, жалпы қылмыс азайды. Батысқа жаутаңдамай өзі бөлек интернет платформалар ашты, шектеулер шегін айналып өтетін жаңа технологияларға қол жеткізді. Әйтеуір батыстың үздік технологиясынан артық болмаса кем емес жаңалықтар жасады. Үтіктен бастап «Шахедке» дейін бәрін өздері жасайтын болды. Өзін-өзі қорғауы үшін ядролық қаруға қол жеткізуге тырысып келеді. Өйткені ондай қару Пәкістанда бар, Солтүстік Кореяда бар, қас жауы Израильде бар.

Иран халқының ұстанған діні – шииттік ислам. Арзан мұнай көзінен ажырап қалған АҚШ Иранға түрлі экономикалық санкциялар арқылы жан-жақты қысымды жылдан-жылға үдете түсті. Бұрынғы Мохаммед Шахан шах отбасы сол АҚШ-тан пана тапты. Енді монархияны қалпына келтіру үшін шахтың мұрагері Реза Пехлеви бұрынғы отандастарын билікке бағынбауға шақырып бағуда. Арманы – билікке қайта келу. 1979 жылы сол монархиядан әзер құтылған Иран халқы қайтадан Пехлеви диктатурасына мойынсұнады дегенге ешкім сенбейді. Иран халқы өздері құлатқан монархиялық режимге қайтып оралмасы анық.

Иран халқының негізгі бөлігі – парсылар. Олар 50 млн-нан астам. Одан басқа 32 млн әзірбайжан, бірнеше млн күрд, араб, түркмен, белуджи өмір сүреді. Ең бастысы, халқының отаншылдық қасиеті жоғары, көше сыпырушысының өзінде мемлекетшілдік қасиет атыраулап тұрады.

Бір-екі ай бұрын «Ой-бай, Иранда 20 мыңдай адамды қырып тастапты», «350 мешіт өртеліпті», «Әйелдер орамалдарын отқа тастап жатыр екен» деген тәрізді алыпқашпа әңгімелер өрттей өршіп тұрды. Бірақ соның көбі фейк болып шықты. Әр мемлекет өз таңдауын қорғауға құқылы. Дәл осындай сценарий кезінде «Араб көктемі» деген атпен 2010 жылдан бастап Сирия, Ливия, Мысыр, Тунис, Иемен, Алжир, Ирак, Иордания, т.б елдерде болған. АҚШ пен Батыс осынау елдердің бәрінің қазба байлықтарын өндіру мен сатуды өз қолына алды. Осы тұрғыдан алғанда АҚШ-тың Иран халқына жаны ашып бара жатқаны шамалы. Оған керегі – қазіргі режимін құлатып, Иранның арзан мұнайына қол жеткізу. Израильді айдап салып, солардың қолымен от көсеп, пайда табуды көздейді. Түрлі желеумен мұсылман елдерін тұқыртып отыру – Батыстың үйреншікті әдеті.

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист

(Әлеуметтік желідегі парақшасынан)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: