Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада ауа райының қолайсыздығына байланысты оқушылар қашықтан оқиды

25.02.2026, 12:45 89

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 25 ақпан түстен кейінгі ауысымда оқитын оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қаласы бойынша білім бөліміне қарасты барлық жалпы білім беру ұйымдары уақытша онлайн оқу форматына көшті.

Қалалық білім саласы мамандарының мәліметінше, соңғы күндері жауған жаңбыр мен ауа температурасының күрт төмендеуі салдарынан қала көшелерінде көктайғақ қалыптасқан. Осыған байланысты балалардың мектепке барып-келу кезіндегі қауіпсіздігі басты назарға алынып, қашықтан оқыту туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар, қолайсыз ауа райына байланысты қоғамдық көлік қозғалысында да уақытша өзгерістер енгізілуде. Бұл туралы Қызылорда автобус паркі ресми хабарлады.

Кәсіпорынның мәліметінше, ауа райының күрт өзгеруіне және көшелерде көктайғақтың пайда болуына байланысты қалалық бағыттардағы қоғамдық көліктер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жылдамдық режимін сақтай отырып жұмыс істеп жатыр. Табиғи құбылыстарды ескере отырып, кейбір бағыттарда қоғамдық көлік қозғалысының аралық жиілігі (интервал) сақталмауы мүмкін.

Автобус паркі өкілдері тұрғындардан осы жағдайға түсіністікпен қарап, қоғамдық көлікті пайдалану барысында қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұрайды.

Мамандардың айтуынша, ауа райы тұрақталғанға дейін білім беру ұйымдарының оқу форматы мен қоғамдық көлік қозғалысына қатысты шешімдер жағдайға қарай қосымша хабарланатын болады. Қала тұрғындарына ресми ақпарат көздерін қадағалап отыру ұсынылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: