Президенттің Қызылорда облысындағы егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде өңірде суды аз қажет ететін дақылдарға кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Өңір басшысының айтуынша, биыл Қызылорда облысында барлығы 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде күріш алқабы 70 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға аз. Соңғы төрт жылда облыста күріш көлемі жалпы 19 мың гектарға немесе 21 пайызға қысқарған.
– Қысқартылған күріштің орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Бұл бағытта өңірімізде құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған «Қызылорда крахмал-сірне зауыты», құны 51 млрд теңгеге швейцариялық «Харвест Груп» компаниясының техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және оны өңдеу жобасы, су үнемдеу технологиясымен жүгері егу жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар аясында биыл жүгері дақылын 10 мың гектарға орналастырып, алдағы уақытта да ұлғайту жоспарлануда, — деді өңір әкімі.
Аталған шаралар су ресурстарын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығында тұрақты әрі табысты өндіріс қалыптастыруға, сондай-ақ өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!