Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұлттық мемлекет» идеясы жасампаз идея болып қала ма?

24.02.2026, 8:55 66

HALYQLINE.KZ

немесе Ата Заң туралы аз-кем ой

Қазіргі сәт тәуелсіздіктің 30-35 жылында қалыптасқан демократиялық романтизмнен демократиялық реализмге ойысудың өзгеше уақыты сияқты. Дәлірек айтсақ, уәделерге, эмоцияға, арманға, бос мақтанға шүбәсіз сенген кезеңнен салқын ақылға, тәжірибеге, шынайы мүмкіндіктерге қадам басатын жалпұлттық процесс кезеңі.

Ата заңның жаңа жобасының ұнағаны – саяси шолақ ақыл, шалт қимылдан арылып, жан-жақты, салмақты қадаммен (кезек-кезегімен) мемлекет кемесінің бұлақ, сарқырамадан өтіп, өзендерге құйылып, ақырында теңіз-мұхитқа қарай жол бастауы сияқты аңғарылады. Барды бағалап, жоқты саралап, мемлекетті мүмкіндіктер шеңберінде дамыту көзделіп жатқаны көрініп-ақ тұр.

Мәселен, кезінде өгей күй кешкен ана тіліміздің енді ғана сабырмен өз тұғырына қонатын уақыты жетіп отырған жоқ па?! «Қатар-тең» деп «қарбаласып» жатқанымыз болмаса, қазақ тілінің нағыз мемлекеттік мәртебеге ие болатын кезі келгенін әрбір қазақ сезіне бастағандай. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел халқының үштен бірі ғана қазақ еді. Бүгін міне, көбейдік, Құдайға шүкір, халықтың 80 пайызы – Қазақ. Осы жағдайда көрші елдің тілі қажеттілік үшін қолданылар-ау, себебі, өз саласының орыстілді білгірлері әлі де мінбеде ғой. Олардың бір кемісі – қазақ тілін меңгеруге деген енжарлығы ғой. Дей тұрғанмен, олардың да самайына ақ түсті, ұлт тілінен ұялмайтын, қымсынбайтын, оны қораш көрмейтін жаңа толқын қалыптасып келеді. Біз үмітті соларға артып отырмыз. Әгәрәки, ойымыздағы орындалса, «ресми» тіл енді біздің болашақ тағдырымыз бола алмайтыны әмбеге аян, тіпті, көршінің өзіне де!..

Ұлы Абайдың қазақтың біліктілігін ғаламдық көкжиекке жеткізудің бірден-бір жолы – орыс тілін игеру деп не үшін айтып кеткенін біз түсіндік. Бірақ, ондай мәжбүр, мұқтаж дәурен қазір бізден жай-жай қол үзіп барады. Қазір заман басқа, соған сәйкес заң да өзгеруі тиіс. Ғаламдық кеңістікке шығар жол іздеген өскелең ұрпақ енді өз негізі туған тілін терең игерумен қатар нағыз халықаралық тілдің статусына ие болған ағылшын тілін меңгерсе де әбден жеткілікті. Қазір Абай бізге замандас болса, осы жолды құптайтынына күмәніміз жоқ…

Мынаған назар аударайық енді. Тарихта «кіндік кезең» (өтпелі) деп аталатын сәттер болып тұрады. Ондай тұстарда қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгерісті талап етеді. Біз дәл осындай «кіндік кезеңде» өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймын. Осынау шақта ең әуелі біз үшін маңыздысы – «болашақта «ұлттық мемлекет» идеясы жасампаз идея болып қала ма?» деген сауал. Ғаламдық тұрақсыздық күшейген ХХІ ғасырда өткенді бұрмалап, болашақты жұлмалап жатқан адамзат бұл сұраққа қандай жауап берер екен?

Кейбір футуролог ұлттық мемлекеттер жақын арада тарих сахнасынан кетіп, олардың орнын агломерациялар басады дейді. Ал басқа ойшылдар, керісінше, қазіргі өзгерістер ұлттық мемлекет идеясының әлсіреуі емес, қайта бұл күшеюінің белгісі деп болжайды. Осы жағдайда ұлттық болмысымыз бен ұлттық санамызда қандай өзгерістер болуы ықтимал немесе болуы қажет? Бұл сауал біздің зиялы қауымды енжар қалдырмауы тиіс…

Ақиқатында «ұлттық мемлекеттің» архитектурасы мен фундаментін қалауда Ата Заңның миссиясы айрықша. Біз көршіміз Қытайдан ғасырлық жоспарларға ден қоюды үйренетін кезге келдік. Жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, заманауи үрдістермен үйлескен даму жолын, жаңғыру тетігін қалыптастыруымыз қажет.

Барар жерімізді, шығар биігімізді белгілеп, ұлы мақсат қоя білуіміз керек. Әрине, жолымызды адамзат тарихынан бөле-жара қарастыра алмаймыз. Бірақ та табиғаттағы бір тал шөптің де өз жері, өз тамыры мен ортасы болатыны сияқты әр ұлттың да өз негізі болуы заңдылық емес пе?

Тарихқа қарасақ, ұлт пен мемлекет ұғымы адамдар ұйымдасып өмір сүре бастаған неолит заманынан бері қалыптасты. Адамзат тарихының ауқымымен өлшесек, бұл түсініктер кеше ғана болғандай көрінеді. Шын мәнінде ұлт пен мемлекет – сан ғасырлық әлеуметтік, саяси және мәдени дамудың нәтижесі.

Сол себепті, ұлт болудың негізгі қағидалары – өз мемлекетінің, тұтас жерінің және өз тілінің болуы Ата Заңда ерекше атап көрсетілуі керек. Бұл құндылықтар кез келген кезеңде мемлекеттің іргетасы болып қала береді.

Қазіргі әлемдік ықпалдастық маңыздана бастаған кезеңде бұрынғы территория бөлісудің орнына экономикалық ресурстарды бөлісу үрдіске айналуда. Ол үшін экономикалық әрі технологиялық бірыңғайлықты (ортақ ережелер, ортақ стандарттар және үйлескен технологиялық жүйелер, т.б.) орнату қажет болып жатыр. Мұндай жағдайда дүние бір мәмілеге келмей прогреске жетуі мүмкін емес…

Ығы-жығы осынау шақта еліміздің тірек етер алтын тұғырын бекемдеп алу аса маңызды. Кеше көшпенділер тіршілігі «малым – жанымның садақасы» деген қағидаға сүйенсе, бүгінгі отандастарымыз «жаным – арымның садақасы» деген рухани максимализмді Ата заңның преамбуласы етіп жазып қойса, қалай болар екен? Бұл жемқорлықтан арылуға, рухани тазаруға, ұлт болып ұйысуға жол ашар ма еді?!

Көктен көксеп қол жеткізген Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау мен дамытудың бірден-бір кепілі – ұлттық бірлік және оның негізгі ұйытқысы – ұрпақтар сабақтастығы. Осылай болғанда ғана аузымызға алалық, ісімізге шалалық кірмесі даусыз. Ата заңда қазақстандықтардың осындай мақсаты, осындай парызы ерекше аталғаны жөн.

Сонымен, Ата заң әрі заң, әрі ұлттық даму стратегиясы болуы тиіс. «Қазақ қайда барасың?» деген сұраққа осы (халық қолдап қабылданатын) тарихи құжат жауап беруі тиіс…

Дәурен  СЕЙІТЖАНҰЛЫ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: