Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық тірегі, ал жердің берекесі халықтың тұрмысымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы және нарық талаптарының күрделене түсуі аграрлық саланы жаңа тәсілмен дамыту қажеттігін айқын көрсетті. Осындай жағдайда мемлекет тарапынан шаруаларды ерте қаржыландыру, өндірісті әртараптандыру және ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы нақты қадамдар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашып отыр.
Қазақстанда көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру тәжірибесі жүйелі түрде енгізіліп келеді. Өткен жылдың қазан айынан бастап көктемгі егіс науқанына арналған қаржыландыру бағдарламасына өтінімдер қабылданып, бүгінде мыңдаған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен жүздеген миллиард теңгенің өтінімі түскен. Қазіргі уақытта мыңнан астам өтінім мақұлданып, қомақты қаражат шаруалардың игілігіне бағытталып үлгерді.
Ерте қаржыландырудың басты мақсаты – шаруалардың егіс науқанына алдын ала дайындалуына мүмкіндік беру. Яғни жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алу, минералдық тыңайтқыштар қорын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу және сапалы тұқыммен қамтамасыз ету сияқты маңызды жұмыстарды уақытында орындауға жағдай жасау. Сонымен қатар несие сомасының басым бөлігіне кепілдік беру тетіктері шағын және орта шаруашылықтардың қаржыға қолжетімділігін арттырып отыр.
Бұл үрдіс Сыр өңірінде де жалғасуда. 2026 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық аясында «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы шаруашылықтарды қаржыландыру өткен жылдың қараша айынан басталып, бірнеше шаруашылық нақты қолдауға ие болды. Бөлінген қаржы тұқым, тыңайтқыш, арзандатылған дизель отыны, техника сатып алу және дала жұмыстарын уақытылы ұйымдастыруға бағытталып отыр. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бұл бағдарлама шеңберінде 4 642,2 млн теңгеге 32 шаруашылықтан өтінім түсіп, 3 187 млн теңгеге 15 шаруашылық қаржыландырылды. Оның ішінде, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 13 шаруашылыққа 1 290 млн теңгеге кепілдеме берілді.
Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі – су ресурстарын тиімді пайдалану. Сырдария өзенінің жоғары ағысынан келетін болжамды су көлеміне байланысты жоспарлы су лимиті 3,2 млрд текше метр болып белгіленді. Осыған сәйкес, облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көлемі 185,8 мың гектарды құрайды.
– Суды көп қажет ететін күріш егісі өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, биыл 70 мың гектарға орналастырылады. Қысқарған күріш алқаптарының орнына жүгері, соя, майлы және малазықтық дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылады. Бұл табиғи ресурстарды үнемдеумен қатар, егін шаруашылығын әртараптандыруға мүмкіндік береді, — дейді Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғ.Баимбетов.
Су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу ерекше маңызға ие болып отыр. Соңғы жылдары өңірде тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдерін қолдану көлемі артып, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Осы тұрғыда облыста агроөнеркәсіптік бағыттағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Құны 40 млрд теңгені құрайтын жүгеріні терең өңдеуге арналған Қызылорда крахмал-сірне зауыты мен швейцариялық «Харвест Груп» компаниясымен бірлескен құны 51 млрд теңгелік агрокластер құру жобасы жұмыс істеуде. Жоба аясында 21 мың гектарға жүгері, соя және басқа да дақылдар егіліп, агроиндустриялық өндіріс қалыптастырылмақ. Биыл дәндік жүгері 10 800 гектарға орналастырылады.
Сондай-ақ биыл өңірде әлеуметтік маңызы бар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру де назардан тыс қалған жоқ. Биыл картоп 1369 гектарға, көкөніс дақылдары 6739 гектарға егіледі деп жоспарланып, бұл өңірдің ішкі нарығын тұрақты өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласының дамуы ауылдық жерлердегі әлеуметтік тұрақтылыққа да оң әсерін тигізеді. Егін және мал шаруашылығының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға қолайлы.
Басқарма мамандарының айтуынша, мемлекеттік қолдау іс-шаралары аграрлық сектордың негізгі тірегіне айналып отыр. 2026 жылы егін шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұқым шаруашылығына – 194 млн теңге, тыңайтқыштарға – 2,8 млрд теңге, пестицидтерге – 900 млн теңге, басым дақылдар өндірісіне – 290 млн теңге, су жеткізу қызметіне 1,995 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ элиталық тұқым сатып алу шығындарының 70 пайызына дейін субсидиялау, тыңайтқыштардың құнының 50-60 пайызын өтеу, пестицидтердің 50 пайызын субсидиялау және су жеткізу тарифінің жартысын мемлекет есебінен өтеу шаралары сақталып отыр.
– Аграрлық саладағы жаңғыру тек қаржылай қолдаумен шектелмейді. Су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс құрылымын ғылыми негізде жоспарлау, заңсыз артық егіске жол бермеу және өндіріс тиімділігін арттыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы бағытта облыстың барлық ауданында шаруашылық құрылымдарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық пысықталуда, — деді Ғ.Баимбетов.
Ауыл шаруашылығы – табиғат пен адамның еңбегі тоғысатын ерекше сала. Жерге себілген әр дән – болашаққа деген сенімнің белгісі. Мемлекеттік қолдау, заманауи технология және шаруалардың қажырлы еңбегі ұштасқанда, аграрлық сектордың әлеуеті арта түседі. Су үнемдеу мен өндірісті әртараптандыруға негізделген жаңа бағыт Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын тұрақты дамудың даңғыл жолына бастап, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайта бермек.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!