Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордадағы тозған үйлер тағдыры тағы да күн тәртібінде

11.02.2026, 16:30 53

Аikyn.kz порталына журналист Ербақыт Жалғасбай жазғандай, қала аумағындағы тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлер мәселесі жылдан-жылға күрделене түсіп отыр. Әсіресе, қаланың шет аймақтарында орналасқан ескі үйлерде тұратын тұрғындардың жағдайы алаңдатарлық. Гагарин және Титов қыстақтары мен Тасбөгет кентінде апатты жағдайға таяған үйлерде өмір сүріп жатқан азаматтар қауіп-қатермен күн кешуге мәжбүр.

Жергілікті халықтың айтуынша, ондаған жыл бұрын салынған көпқабатты үйлер бүгінде өзінің бастапқы беріктігін жоғалтып, жөндеуге де жарамсыз күйге жеткен. Әрбір жаңбырлы күн, әрбір суық мезгіл тұрғындар үшін үреймен өтеді. Себебі қабырғалары жарылып, іргесі отырып, шатырынан су ағатын үйлердің кез келген сәтте құлауы әбден мүмкін. Атап айтқанда, Тасбөгет кентіне қарасты Тасарық шағынауданындағы ахуал көптен бері шешімін таппай келеді. Бұған дейін бұл мәселе баспасөз беттерінде бірнеше рет көтерілген. Соның нәтижесінде бірқатар үйлер апатты деп танылып, тұрғындары жаңа баспаналарға көшірілген. Алайда апатты деп танылған кейбір үйлердің бұзылмай, тек шатырын ауыстыру секілді жеңіл-желпі жөндеумен шектеліп, кейін басқа мұқтаж отбасыларға қайта берілгені тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.

Тасарық тұрғыны Эльмира Байдәулетова үй жағдайының адам төзгісіз екенін айтады.

– Үйіміздің жағдайы өте мүшкіл. Қысы-жазы маса мен қандалаға таланып, өмір сүру қиындап кетті. Өжіре суға толып тұр, одан шыққан сасық иіс бүкіл үйге тарайды. Талай рет әкімдікке айттық. Бірақ әлі күнге дейін үйімізді апатты деп тануға ешкім асығар емес, – дейді ол.

Ал тағы бір тұрғын Гүлдәрі Қабылбаева үйдің бір жағына қисайып тұрғанын, құбырлары шіріп, іргесі үгітіліп жатқанын алға тартады.

– Бұл үйде қаншама отбасы, қаншама бала тұрады. Күн сайын опырылып қала ма деген қорқынышпен өмір сүріп жүрміз. Бірақ біздің жанайқайымызды еститін жан жоқ, – дейді тұрғын.

Осы мәселеге қатысты Қызылорда қаласы әкімдігі де түсініктеме берген. Әкімдіктің мәліметінше, 2020 жылдан бері қала бойынша 72 тұрғын үй апатты деп танылған. Апатты үйлерде тұратын азаматтар арнайы санат бойынша кезекке қойылып, кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтылып келеді.

Ресми дерекке сәйкес, қазіргі таңда апатты тұрғын үй санаты бойынша 577 отбасы кезекте тұр. 2021 жылы Сол жағалаудан 93 отбасыға, 2022 жылы 60 отбасыға, 2023 жылы 40 отбасыға жаңа пәтер берілген. Ал 2025 жылдың 1 сәуірінде Титов тұрғын ауданынан 135 пәтерлік үй пайдалануға беріліп, сонша отбасы баспаналы болған.

Дегенмен Тасарық тұрғындары бұл жұмыстардың өздеріне жетпей жатқанын айтып, наразылық білдіруде. Олар үйлерін шұғыл түрде апатты деп танып, халықты қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Сурет: аikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: