Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституциялық процедура неге бұзылады?

10.02.2026, 8:15 47

HALYQLINE.KZ

Жаңа Конституция жобасы қазір жер-жерде талқыланып жатыр. Тіпті ағайындардың, туыстардың, сыныптастардың, қызметтестердің, мүдделестердің чаттарында, жоғары оқу орындарында қызу конституциялық дода. Халықтың сауаты да, құқықтық біліктілігі де кәдімгідей жоғары. Бұған қуанасың. Электораттың мүдделілікпен араласуы өте сүйінішті жайт. Өз басым бес-алты талқылауға қатыстым. Бүгін Бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен талқылауда бірқатар ойымызды ортаға салдық.

Әдетте құлаққа қонымды бірдеме айту үшін ізденесің. Тәуелсіздік бастауындағы құжаттарға үңілесің. Әлдебір сабақтастық бар сияқты болып тұрады. Осындайда өте бір қызық құжаттарға кезіктік.

Қазақстанның тәуелсіздігіне негіз болған басты құжат – әрине, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» қонституциялық заңы. Ол өзгеріске ұшыраған жоқ, толықтай қаз қалпында қолданыста. Қазақстанды бүкіл әлемге тәуелсіз ел ретінде таныстырған осы заң. Оны іс жүзінде заңдардың заңы деуге болады. Құқықтық мәртебесі бәрінен жоғары. Қолдану күші міндетті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңының 6-тарау, 15-бабында «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттігін нығайту жөнінде шаралар қолданады» деп тайға таңба басқандай көрсетіп берген. Бірақ өкініштісі сол, Конституциялық комиссия ұсынып отырған Конституция жобасында Қазақстанның «Ұлттық мемлекеттігін нығайту жөнінде» бірде-бір сөйлем, бірде-бір әрекет қоса алмаған. Керісінше ұлттық мемлекеттілікті халық жадынан көмескілендіру байқалады. Бұл қалай? Конституциялық процедура аяққа тапталған ба? Ұлттық мемлекеттің жазығы не?

Конституциялық заңның 18-бабында «Осы заң Қазақ ССР Мемлекеттік егемендігі туралы декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады» делінген. Конституциялық бұл процедура ары қарай: Қазақстан Республикасының «Конституциясы мен өзге заң актілерінің нормалары аталған Заңға қайшы келмейтін болса ғана қолданылады» деп тұжырымдалған.

Конституциялық процедура дегеніміз – билік органдарының, азаматтар мен ұйымдардың жоғарғы заңдармен (Конституциямен) және арнайы заңдармен реттелген іс-әрекеттердің қатаң тәртібі. Конституция қабылдау барысында оған негіз болатын құжаттар мен оның қағидалары қатаң сақталуға тиіс!

Егер конституциялық процедура сақталмайтын болса, онда жобасы талқыланып жатқан Конституция референдумға жіберілген күннің өзінде мемлекеттік тәуелсіздігі туралы қонституциялық заңға қайшы келетіндіктен ол қолдануға жатпайды.

Сондықтан Конституциялық комиссия Ата заң жобасында конституциялық процедураны сақтауға тиіс!

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Фото: politico.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: