Конституция жобасына, 9-бапқа ТІЛ ТАҒДЫРЫНА байланысты кезекті ұсынысым
Мен 1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің Президиум мүшесі, Комитет төрағасы, депутат ретінде бірінші Конституцияны жазушы жұмысшы тобының мүшесі болып, С.Зиманов, С.Сартаев, Н.Акуев, т.б. бірге жазыстық. Төраға Н.Назарбаевтың өзі болды. Сол жақсы жазылған бірінші Конституциядағы бірпалаталық Парламент, Вице-Президент, Конституциялық сот қазір де кіріп отыр, алуға болатын тағы да жақсы жерлері бар еді.
ТІЛ мәселесіне халықтың басым көпшілігі аса мән беруде. Бұл жерде салқынқандылықты керек етеді, құр айғайдан ештеңе шықпайды, бауырларым. Ашығын айтайын, қазір әлем астан-кестен, ертең не болары белгісіз? Шекарамыз анау, ұлан-ғайыр, халқымыздың саны мынау, қауқарымыз белгілі. Бізді өзімізден басқа ешкім құтқармайды. Геосаяси жағдай осындай. «Көрпеңе қарай көсіл» дейді, кеменгер халқым.
Иә, рас, ә дегенде егемендік алғанда Жоғарғы Кеңес мүмкіндікті (шансты) жіберіп алдық. Сол уақытта Қазақ Республикасы, Мемлекеттік тіл тек қазақ тілі, басқа тілдерге жағдай жасалады деген ұсыныстар болды. Шерхан Мұртазаның «Екі тіл тек жыланда ғана болады» деген сөзі де өтпеді.
Болар іс болды, енді «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» мынау тағдырлы қиын өткелден алып шығатын жол іздеу керек. Ащы шындық осы, бауырларым.
Нақты ұсынысқа келсем.
9-бап былай жазылған:
1. ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұған ешкімнің таласы жоқ.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзі-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Бұл – күшейтілген мәтін. Себебі бұл жағдайда енді ғана дамып келе жатқан қазақ тілінің дамуына серпіліс бермейді, ал екінші жағынан онсыз да басым орыс тілін күшейтеді. Басқа мемлекеттердің Конституциясында мұндай жазу жақ.
3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді. Бұл сөйлем дұрыс.
Бүгінгі таңда 9-баптың 2-тармақшасын былай жазу керек: «ОРЫС ТІЛІ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ТІЛІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ».
Бұл формулировка 1993 жылғы ҚР Конституциясының ең басында 8-тармақта тұр. Бұған Қазақстан халқы келіскен.
9-бапқа қосымша төртінші тармақты ұсынамын. «4. Мемлекеттік органдарда Қазақстан азаматына мемлекеттік тілді білуге міндетті және оған мүмкіндік беріледі».
Себебі егемендік алғалы 35 жыл өтсе де, лауазымды қызметте жүрген біраз өз азаматтарымыз да қазақша білмейді, білгісі де келмейді. Қашанға дейін созыла береді, осы жолы шектеу қояйық. Осылай қазақ тілінің ауқымен кеңейтейік. Сіздер мені дұрыс түсінеді ғой деп ойлаймын. ХХІ ғасырда тек білімі жоғары, бірлігі мен ынтымағы, рухы күшті ел алға шығады.
Құрметпен,
Оразалы СӘБДЕН,
академик
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!