Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пайдалануға берілген нысандардың сапасы қайта тексеріледі

04.02.2026, 14:00 55

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің төрағалығымен өткен жиында жаңадан салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қазіргі жағдайын қайта зерделеу, анықталған кемшіліктерді жою және күтіп-ұстау жұмыстарын жүйелеу бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне жұмыс топтарымен бірлесіп облыс аумағындағы пайдалануға берілген барлық нысанды толық тексеріп шығуды міндеттеді. Оның айтуынша, құрылыс барысында немесе пайдалануға берілгеннен кейін анықталған ақаулар кепілдік мерзімі аясында мердігер мекемелердің есебінен қалпына келтірілуі тиіс. Сонымен қатар нысандардың одан әрі күтіп-ұсталуы тұрақты бақылауда болуы қажет.

– Жұмыс тобымен бірге облыс аумағындағы пайдалануға берілген барлық нысанның жағдайын қайта зерделеп, анықталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіріңіздер. Кепілдік мерзімі бойынша мердігер мекемелерге ақауларды жөндетіп, әрі қарай күтіп ұсталуын тұрақты бақылау керек. Бұдан бөлек, соңғы жылдары салынған жолдардың, пайдалануға берілген саябақтар мен ойын алаңдарының, газ және ауыз су жүйелерінің барлығын тексеріп шығыңыздар. Құрылыс алаңдарының сыртқы қоршауларының да талапқа сәйкестігін бақылау қажет, – деді облыс әкімі.

Жиында тұрғын үй құрылысы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтілді. Аймақта халықты баспанамен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі ретінде белгіленіп, 2022–2024 жылдар аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталған. Ал 2023 жылдан бері облыстың барлық аудандарында алғаш рет 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілді.

Өткен жылы 3600 пәтерлік тұрғын үй салу үшін бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінген. Ал кезекте тұрған тұрғындарға 2 392 пәтер табыстау мақсатында 57 млрд 440 млн теңге қарастыру жоспарланған.

Сондай-ақ соңғы кезеңде Қызылорда қаласында заманауи жаңа дизайндағы жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлердің бой көтеріп жатқаны айтылды. Бұл жұмыстар өңірдегі тұрғын үй қорының сапасын арттырып, қала келбетін жаңартуға серпін бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: