• USD: 445.84

  • EUR: 490.47

  • RUB: 5.73

Өз-өзімнен ұялатын ісім жоқ

13.02.2020, 10:08 879 1

Бақберген  ДОСМАНБЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі:

ДИІРМЕНТӨБЕДЕН   МӘСКЕУГЕ  ДЕЙІН

– Аға, сіз экономика ғылымдарының доктор­ы, профессор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры, 1996-1999 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, ҚР Парламенті сенатының ІІ және ІІІ шақырылымдағы депутаты­ болдыңыз. Қазір бизнесте жүрсіз. Жалпы, өмірде сіз  кімсіз?

– «Кімсіз?» дейсің бе, айналайын! Меніңше, адам өмірде өзін «мен Пәленшемін» болмаса, «мен Түгеншемін» деп айтуы мүмкін емес. Себеб­і мына өмірдің өзі сан қырлы. Іңгәлап өмірге келген соң, ес кіріп, қалыптаса бастағасын біреуге еліктейсің, армандайсың, алдыңа мақсат қоясың. Біз де осы сатылардан өттік. Оқыдық! Талпындық! Қызметке араластық! Әне-міне дегенше 75 жасқа да жетіппіз.

– Ал осы 75 жас ғұмырыңызда қалай қалыптастыңыз?

– Біз не көрдік? 10-15 түтіні бар Диірмен­төбе деп аталатын разъезде дүниеге келдік. Ол тұста біздің разъезге пойыз тоқтайтын. Теміржолмен арлы-берлі ағылған жолаушыларға қызыға қарап отырамыз. Тіпті, орыстардың шылым шеккенін, жүріс-тұрысын, киген киіміне­ дейін қалт жібермей бақылаймыз. Баламыз­  ғой. Одан басқа ермек те жоқ.

Ауылға ара-тұра «вагонклуб» келіп, 2 күн кино көрсетеді. 8 класта оқимын. Бір күні «вагонк­лубтан» архитектордың өмірі, оның тұрғызған ғимараттары туралы бейнематериал көрсетті. Керемет енді. Әлгі архитекторға қызыққаным соншалық, құрылысшы боламын деп шешім қабылдадым. Өйткені, жазу-сызуға, сурет салуға әжептәуір ебім болды.

Есейіп қалған шағым. Қателеспесем, 10 класс оқимын ғой деймін. Ол кезде Қазақстанды Дінмұхамед Қонаев басқарады. Содан өз-өзіме сұрақ қоямын. «Интересно, Қонаев осы деңгейге қалай жетті? Қонаевтай болу үшін не істеуім қажет? Қайда білім алуым керек?» деп ұзақ ойландым. Кейіннен Димекеңнің Москваның түсті металл және алтын институтында оқығанын білдім. Көп ойланбастан сол институтқа оқуға түсуге талпындым. Шынын айтқанда, анау-мынау емес, Қазақстанды басқарып отырған Қонаевқа еліктеуімнің өзі қызық. Сонау­ Диірментөбеде жүріп, Қызылорда немесе­ Алматы емес, Москвада білім алуды көздедім. Және мұны жан баласына тіс жарып айтқан емеспін. Себебі, қатарластарым бала қия­лымды естісе, «Бақберген жынды ма?» деп қылжаққа айналдырады. Москва қайда? Диірментөбе қайда? Ол заманда Москвада оқу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.

Біздің ауылға іргелес разъезде Мейрамбай деген жігіттің Москваға оқуға түскенін естідім. «Мейрамбай оқыған жерде мен оқи алмаймын ба?». Демек, мүмкіндік бар. Мейрамбайға хат жазып, Москваның тыныс-тіршілігі, оқу процес­і жөнінде сұрап алдым. Содан Москвадағы екі-үш институтқа хат жазып, пайдала­натын оқулықтарын жіберуді өтіндім. Олар жіберді. Ауылда институт жіберген оқулық­тармен күнделікті дайындалып, есеп-қисабын шығарып жүрдім. Бір күні Мейрамбай «Бақ­берген, егер Москваға оқуға түскің келетіні рас болса, Алматыға практикаға бара жатырмын. Сен жолдан менің вагоныма мін» деп хат жіберіпті.

Таң атады, кеш батады. Москваға оқуға кету туралы ойымды әке-шешеме айтқаным сол еді, олар ә дегеннен қарсы болды. Бұлай болуы заңдылық. Олар өмірі ауылдан алыстамаған, ескінің адамдары ғой. Ал мен тастабандап отырып алдым. Ақыры әкем рұқсатын беріп, бір сиырын сатты. Әлі есімде, сол сиырды шешем екеуміз жаяулап 51 шақырым жердегі Қармақшыға апарып, 60 рубльге өткіздік. 15 рублін үйге тастадым. Алматыға Мейрамбаймен бірге бардым. Емтиханға екеуміз бірге кірдік. Ол менен кейін отырды. Ауық-ауық аяғымен түртеді. Есебін шығарып беруді сұрап отырғанын түсіндім. Қолымды ақырын ғана соза бергенім сол еді, Мейрамбайдың емтихан қағазы қолымнан түсті де кетті. Мұны оқытушылар байқап қалды. Сөйтіп, бізге «2» деген баға қойып, емтиханна­н құлатып жіберді. Енді не істейміз? Сол тұста «Ұлттық республикалардан кадр даярлау­» деген бағдарлама бар-тын. Сол бағ­дарламаның арқасында Алла сәтін салып, Мәскеудің инженерлік-экономикалық инс­титутында  оқуға  мүмкіндік  туды.

Кейіннен мен үлгі тұтып жүрген  Мейрамбай  Москвада жөнді оқу оқымаған болуы керек­. Оқудан шығарып жіберген бе, әйтеуір бір нәрсесі бар. Оны оқытушылардан кейіннен естідім.

– Тіршілігі қыж-қыж қайнаған Москва сізді қалай қарсы алды?

– Тамыз айында ауылдан 2 күн жүріп, мақсат еткен Москваға студент ретінде келдік. Қаланы жөнді білмейміз. Метрода реңі келісті, ақ шашты кісіден институттың адресін сұрай сал­ғам. Әңгімешіл адам екен. Танысып, Қазақстаннан келгенімді айттым. Ол «Знаешь кто такой­ Елизаров?» дейді. «Знаю». Тағы бірдеңелерді сұрағаны есімде. «Больше знаний. Молодец­!» деп арқамнан қағып кетті. Сөйтсем, әлгі кісі өзімнің кураторым, әрі ұстазым Анатоли­й Евсеевич Розински­й екен. Оны кейін білдім. Алла бізді осылай жолықтырды. Білімге құш­тарлығымды алғашқы кездескенде-ақ байқа­ған  болуы  керек, жылы қабыл­дады. Біраз көмек  көрсетті.

– Бір сұхбатыңызда сол Анатолий Евсеевич Розинскиймен жазысқан хаттар туралы айтасыз. Түсінуімізше, ол кісі сіздің биік мансапқа­ қол жеткізгеніңізге қуана қоймаған. Тек ғылым докторы болған соң ғана «Мұның дұрыс» депті. Сұрайын дегенім, сіз де ұстаз болдыңыз. Өзіңіз секілді, бәлкім, өзіңізден асып  түскен  шәкірт  тәрбиелей  алдыңыз  ба?

– Былтыр бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлымен Мәскеуде іссапарда болдым. Уақыттың тығыздығына қарамастан, өзім Анатолий­ Евсеевичтің үйіне 35 жылдан кейін бардым. Өкінішке қарай, кездесе алмадым. Қатты науқастанып қалыпты. Құдай қаласа, биыл ұстазыма арнайы барып, қолын алсам деймін. Мені тәрбиелеген, осы деңгейге жет­кізген оның еңбегі зор.

Шыны керек, ізіме ертіп, шәкірт тәр­бие­леген жоқпын. Дегенмен, 7-8 ғылым канди­датын оқыттым. Алдымыздан қаншама студент өтті. Оның барлығы есімде жоқ. Кейбірі келіп «ағай, сізден сабақ алып едім» деп сәлем беріп кететіндер  бар.

«МІНЕЗ   АДАМҒА   ГЕНІ 

АРҚЫЛЫ   БЕРІЛЕДІ»

– Сіз әріптес  інілеріңіз  Бауыржан  Омар­ұлы  мен  Амантай Шәріп туралы жиі айтасыз. Мақтай­сыз, мақтанасыз. Олардың да сізге деген­ ықыласы бөлек. Бауыржан Омарұлы сіздің құрметіңізге «Қос қолтаңба» деген кітапш­а  шығарды… Сіз адамды  қай мінезі үшін  құрметтейсіз?

– Мен осы екі жігітті қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универси­тетінде журналистика факультеті ашылатын жылы Алматыдан арнайы алдырттым. Өйткені, мен оларға сендім. Бұлар білімді. Ізденімпаз. Бүгінде екеуі де елімізге танымал азаматтарға айналды. 1996 жылы ректорлық қызметтен кетіп, қала әкімі қызметіне тағайындалдым. Елмен тіл табыса алатын, әр сөзін електен өткізіп айтатын Бауыржанды орынбасарым етіп әкелдім. Ол артылған сенімді толығымен ақтады­  деп  айта  аламын.

Ал енді мінезге келсек. Жалпы, мінез адамға­ гені арқылы беріледі. Бірақ «мен осылай тудым» деп жүре беруге болмайды. Адамға­ ең керектісі  – сол мінезді басқара алу. Ғылымда «Естественно, для того, чтобы управлять чужими эмоциями, руководит­ель для начала должен научиться управлять своими» деген сөз бар. Сондықтан өзінің эмоциясын ұстай алатын адамға құрметім ерекше.­ Екінші­ден, өмір бойы білім саласына қызмет еткендік­тен бе, білімді қыз-жігіттерді сыйлаймын.

– Аға, сізді көпшілік креативті адам деп біледі. Университеттің ректоры болғанда, қаланың әкімі болғанда да тың идеялармен таңғалдыр­ыпсыз. Қаланың қай қиырында да Сіздің қолтаңбаңыз тұр. Адамсыз ғой. Бойыңызды «Мына нәрсені мен істеп едім» деген мақтаныш  сезімі  билемей  ме?

– Жоқ десем, өтірік болар. Пендеміз. Кейде осы  қалада  қолтаңбамның барына мақ­танамын. Қызылорданың мэрі (әкім. – ред.) болған жылдары  қаланың  климаттық жағ­дайын ескеріп­, 9 субұрқақ салғанбыз. Соның бірі – орталы­қ алаңдағы фонтан. Сол әлі күнге қаз-қалпында сақтаулы. Қызметте жүргенде қал-қадірімізше ірілі-ұсақты жұмыстарды істедік. Өзім басы-қасында болған кейбір дүниеле­р  бұзылып  та  кетті  ғой.

Жалпы, қаланың әкімі – сан салаға жауапты адам. Бір күні коммуналдық саланың жұмысы­н тексеріп, қаланы аралап жүрміз. Бір нысанның ауласына барсақ, қоқыстың арасынан  бір мүсіннің «қолын» көріп қалдым. Содан­  жауаптылардан:

— Мынау кімнің мүсіні? — деп сұрадым.

— Бақберген Сарсенович, бұл – Амангелді Имановтың  мүсіні.

— Мұнда не істеп тұр?

— 10 шақты жылдан бері осы аулада…,- дейді.

— И что! Давайте, мүсінді мына жерден тез алып шығыңыздар, — деп тапсырма бердім.

Содан сол мүсіннің індетіп ізіне түстім. Жасат­қан екен, неге оны орнатпайды? Сұрастырс­ам, ертеректе Орталық комитет Амангелді Имановтың мүсінін орнатуға рұқсат бермепті. Сол кездегі саяси жүйенің кесірі ғой. Тәуел­сіздігімізді алып, егеменді ел болдық. Иманов­қа неге құрмет көрсетілмеу керек? Дереу облыс әкімі Бердібек Машбек­ұлына кіріп, мүсіннің мәселесін айттық. Шаруа­ шешілді. Амангелі Имановтың ескерт­кіші қазір «Қызылорда» қонақүйіне қарама-қарсы бетте тұр. Сол маңайдан  өткен сайын осы  оқиға  есіме түседі.

– Қолыңызда біраз билік болды. Қызмет барысын­да «тізеге басып» қабылдаған шешім­дерің­із  бар  ма?

– Өзің білесің, Арал мен Қазалыдағы ағайын­ның жалақысына 50 пайыз, басқа аудандарға 30 пайыз экологиялық коэффи­циент қосылады. Осы жеңілдікті алып тас­таймыз деген­ мәселе көтерілді. Ол тұста Қызылорда облысы­ның әкімі — Серікбай Нұрғисаев. Мен сенатор­лық қызметтемін. Ертеректе теле­арнада «Бар  мен жоқ» деген бағдарлама болатын. Соған­ Серікбай Өрікбайұлы екеуміз тікелей эфирге шықтық. Облыс әкімі «Экологиялық коэффициенттің кесірінен біздің облыстың ешқан­дай өнімі өтпей жатыр. Себебі экологиялық аймақтың өнімі адам организміне зиян. Сондықтан үкіметке «экологическийді» алып тастауды ұсынып отырмыз» дейді. Мен айтам «Арал мен Қазалының қай өнімі өтпей жатыр? Атын атап, түрін түстесеңізші» десем, нақты жауап айтылмады. Кейін  Қызылордаға  келіп, Серік­бай  Өрікбайұлымен бетпе-бет  кездес­тім. Тағы да сол мәселені талқыладық.

Анда-санда президенттің сенат отырысына қатысатыны бар. Мемлекет басшысына осы мәселені депутаттық сауал ретінде жолдауға дайындадым. Өкінішке қарай, сенат отыры­сына  президент келмеді. Дегенмен, депутатты­қ сауалды тиісті органға жібердік. Қателеспесем, 1-2 айдан кейін вице-премьер Григорий Марченк­о Қызылордада экологиялық коэф­фициентті алу туралы жиынға қатысатынын естідім. Соған Ұзақбай Қараманов екеуміз қатыстық. Ұзақ талқылау болды. Жиынд­а сөз алып өз ойымд­ы ашық, дәлел-дәйекпен жүйелі жет­кіздім. Марченко мұқия­т тыңдап, «Все тогда проблема решена. Если народ не желает, тогда мы остановим этот процесс» деп шегеледі. Осы күнге дейін жиын-тойларда ақсақалдар «эко­логичес­кийді» алып отырғанымыз Бақбергеннің арқасы­» деп айтып отырады. Аталған проблемаға қатысты алған бетімнен қайтпай, осылай  принцип  танытқаным  бар.

«АСФАЛЬТТА   ӨСКЕН» 

АДАМ   ЕМЕСПІН»

– 28 жасында жоғалып кеткен, әлі күнге бұл өмірде бары не жоғы белгісіз ақын Әділ Ботпановты соңғы рет көрген сіз екен. Сол сәттегі  диалог қалай болды? Айтыңызшы, Әділ  туралы  ойлайсыз  ба?

– Жалпы, мен Әділ Ботпановты білмейді екенмін. «Арай» мөлтек ауданына шаруалармен барсам, алыстан дарияның жағасында адам отырғанын көрдім. Қызықтап қасына бардым. Барсам, қолында қармағы жоқ. «Не істеп отырсың?» демеймін бе? «Балық аулап» деді. Содан өз шаруаларыммен кете бердім. Екі-үш күннен кейін Шаһизада Әбдікәрімовтен оның жоғалып кеткенін естідім. Шынын айтқанда, сол кездескен жігіттің ақын Әділ екенін білмеппін. Ақындардың әлемі бөлек ғой. Оның тағдырында не болғанын нақты айта алмаймын.

– Өзіңіз жоқшылықтың зардабын көп көрген адамсыз. Осылайша өмір сізді шың­дады­, тәрбиеледі. Соның арқасында биік мансап­қа қол жеткіздіңіз. Материалдық жағдайы­ңыз да тәуір  болды  деп ойлаймыз. Ал  балаларыңыз  байлық  пен  жоқшылықтың арасын­ ажырата ала ма? Қалай тәрбиеле­діңіз?

– Жасыратыны жоқ, әр ата-ана баласының жақсы өмір сүргенін, тұрмысы түзу болғанын қалайтыны айдан анық. Шүкір, 4 ұлым, 15-16 немере, 3 шөберем бар. Қай-қайсысын да жақсы көресің. Өзің жоқшылықта өскен соң, мен көрген қиындықты көрмесе дейсің ғой. Жиған-тергені­міз балалардың несібесі шығар. Олардан ештеңені аяған емеспін. Балалардың материалдық жағ­дайы­ шүкір. Кейде ананы-мынаны сұрайды. Сөйлей­сің! Ұрысасың! Аллаға шүкір, 4 перзен­тімнің де тәртібі түзу. Әрқайсысы қал-қадірінше қызмет істеп жатыр.

– Жасыратыны жоқ, аты-жөніңіз рес­публикаға танымал. Алғаш өзіңізді кезекті жиналысты­ң бірінде көргем. Байқағаным, өте қарапайым екенсіз. Биліктің басы-қасында жүріп осы мінезіңізді сақтап қалудың сыры неде? Әдетте, билік қолына тиген адам өзгеріп кетеді деп жатады…

– Қарапайымдылық қанмен келетін қасиет шығар. Оның қыр-сырын өзім де білмейді екенмін. Мүмкін, ата-анамыздың берген тәр­биесі болар. Жалпы, «ананы істедім, мынаны істедім» деп мақтанбаймын. Болмысымда жоқ дүние. «Ағай, сондай қарапайымсыз» дейді. Не істеймін  енді?  Маңқиып  тұрайын  ба? Осы жерде жүріп те ұсақ-түйек шаруаларды істей беремін­. Бұған кейбіреулер бас шайқап, таңғалады. «Асфальтта өскен» адам емеспін. Қиындық  көрдік. Сонымен жетілдік. Шаруа қолдан келсе,  неге  істемеске?

– Адам өзі оңаша қалғанда өз-өзінен ұялатын­ әрекеттер болады ғой. Өзге емес, өзіңізден ұялған іс бар ма? Болса жасырмай айтсаңыз…

– Ұялатын әрекетім болса, жасырмай-ақ айтар едім. Өз-өзімнен ұялатын ісім жоқ.

«КЕЙДЕ   МҮЛТ   КЕТЕМІЗ, 

КЕЙДЕ   ДӨП   ТИІП   ЖАТАДЫ»

– Көпшілік сізді «ұшқан құсты, жүгірген аңды»  алмай  қоймайтын  мерген  дейді. Осы рас па?

– Әркезде  әрқалай енді. Кейде мүлт кетеміз, кейде  дөп  тиіп  жатады. Менің Орынбасар деген­  досым  бар  еді. 2-3 жыл бұрын дүниеден өтті. Сонымен бірге жылда аңға шығатынбыз. 10-15 қабан алып қайтамыз. Қазір сол қабанның бірде-біреуін ала алмай жүрмін. Алып барған адамдар қабанның ізін таппайды. Аңшылық – үлкен өнер. Аңның ізіне түсу, желдің бағытын анықтау да оңай шаруа емес. Киік деген жануард­ы мүлде атпаймын және қасымдағы жігіттерге  де  атқызған  емеспін.

– 70-тің желкенін керіп, 75-ке де жеттіңіз. Әлі тыңсыз. Тірліктің басы-қасында жүрсіз. Шаршаған  жоқсыз  ба?

– 10-15 жылдан бері сенбі-жексенбі дегенді ұмыттық. Осы өмір дағдысына үйрендік, қалыптастық. Лениннің «Лучший отдых – это смена деятельности» деген сөзі бар. Сондықтан мен жұмыс істеп жүрген жоқпын, демалып жүрмін (күліп).

– Аға, адам  ақсақалдық  жасқа  жеткен  соң нені  көп  ойлайды  екен?  Айтыңызшы…

– Өткен аптада үйдегі апаңа «75 жасқа келіп, «қауіпті аймаққа» ендік-ау. Себебі, 80-ге келген адам көп емес. 90-ға келген адам одан да аз. Сондықтан байқап жүру керек шығар» дегем. Бұрынғыдай тәуекелге көп бел буа берудің қажеті жоқ-ау, сірә?!

– Келешекте  сіз  туралы  не  айтылуы  мүмкін?

– Университетте ректор боп тұрған тұста Әбу Жұмағали деген әріптес-досым «Аға, қойшы да өз қойын жейді» деген сөз айтты. Осы сөзден кейін жиналыста «Заңда жоқ. Жазылмағ­ан. Бірақ өздеріңізбен фамилияңыз бірдей бір адамды (мектеп бітірген жасты) оқуға түсіруге көмек көрсетейік. Әрине, білімге құштарлығына қарай» дегенім бар. Сол сияқты біршама адамға­ қолымызда билік барда жәрдем жасадық. Еңбегімізді елегендер болса, мені жақсы адам деп айта жатар. «Адамды ешқашан 100 процент мақтамайды. Егер 50 проценттен жоғары жақсы­ пікір болса­, ол жақсы адам деген сөз». Сондықтан ел біз туралы 50 проценттен жоғары айтады деп ойлаймын. Шын мәнісінде, кесіп-пішіп  мен туралы  не  айтылатынын  айта  алмаймын,  қарағым!­

– Аға,  ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: