Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салмақты саланы кімге сеніп тапсырады?

04.06.2020, 11:30 385

Мұндайда «айтып ауыз жиғанша» дей ме? «Халық» газетінің №21 (28.05.20 ж) санында «Қала мамандарына облыста орын бар ма?» деген мақала жарияланған. Онда ілгеріде қала әкімдігінде жұмыс істеген мамандар облыстық басқармаға лауазымды қызметке баратындығы, қазір сол үрдістің кілт кідіргені айтылғ­ан. Облыс әкімі осы тақырыптың қай күні болса да көтерілетінін білсе керек, қала әкімдігінен өзіне қажетті кадрды алдырды. Аймақ басшысының таңдауы Қызылорда қаласы әкімінің идеология жөніндегі орын­басары Мира Қазбековаға түсіпті.

Енді М.Жомартқызы жөнінде тоқталсақ. Ол – «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Заңгер» мамандығы бойынша қос бірдей дипломның иесі. Еңбек жолы баспасөз хатшылығынан бастал­ған. Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы-баспа­сөз хатшысы, Қызылорда облыстық ішкі сая­са­т департаментінің бас маманы, 2008-2017 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының  бас маманы-баспасөз хатшысы, облыс әкімінің көмекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің бас инспекторы-баспасөз хатшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы, Қызылорда облысының мұрағаттар мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, 2017-2019 жылдары Қызыл­орда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарған. 2019 жылдан осы кезге дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазы­мында қызмет атқарып келді. Қызмет­тің біраз баспал­дағын басып өткен Қазбековаға өңір басшысы Г.Наушақызы облыстық ішкі саясат­ басқармасының тізгінін ұстатты.

Ал енді шаһар басшысы қоғамдық-саяси ахуалды бағамдап, сол бағытта жұмыс атқаратын кадр іздеуге кірісті. Облыс әкімдігінің сайтында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметіне конкурс жарияланды. Онда үміткерге қойылатын басты талаптар көрсе­тілген. Атап айтқанда, стресске орнықтылық, бастамашылдық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға және оны хабарландыруға бағдарлану, адалдық, ынтымақтастық және әрекеттестік, қызметті басқару, шешім қабылдау, көшбасшылық, стратегиялық ойлану, өзге­рістерді басқару қабілеті болуы керек. Бұдан бөлек, үміткердің мамандығы өнер, гуманитарлық ғылымдар, құқық, қызмет көрсету (білім беру саласы), білім (білім саласы), әлеу­меттік ғылымдар, экономика және бизнес (білім саласы), техникалық ғылымдар және технологияларға (білім саласы) жақын болуы тиіс екен.

Қызылорда қаласы тұрмақ, дүние дидары «дағдарыс пен коронавирус инфекциясы» деп дүрлігіп жатқанда, бас шаһардың қоғамдық-саяси ахуалын бақылауда ұстау оңайға түспейтіні анық. Нәлібаев осынау салмақты саланы  кімге  сеніп  тапсырады?

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: