«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 422.87 (-2.62)

  • EUR: 512.1 (-0.74)

  • RUB: 5.63 (0)

Қазақ еліне арналған орыс тілді Жолдау және оның себептері

02.09.2020, 15:50 289 0

HALYQLINE.KZ

Президенттің әрбір Жолдауы саясаттанушыларға да, зерттеушілерге де, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне де, әсіресе, биліктің идеологиялық саласындағы азаматтарына да «бір жылға жететін азық» болады екен. Мақсат-мүддемізге қарай біреулеріміз жеріне жеткізіп сынаймыз, ал енді біреулеріміз көкке көтеріп мақтаймыз, түкірігімізге шашалып тамсанамыз… Мен де осы дүрмекке ілесіп, кешегі Жолдаудан алған алғашқы әсерімді алдарыңызға тастағым келеді.

Біріншісі – Жолдаудың мазмұнына байланысты бір ауыз сөз. Көтеріп отырған мәселелердің барлығы дұрыс. Әлеуметтік, экономикалық, т.т. барлық салалардың кемшін тұстары анық айтылған. «Әттеген-ай» дерлік бір ғана жері бар. Ол – «мұнай таусылады, экономиканы диверсикациялайық» деген ұран да, «шенеуініктерді қысқарту қажеттілігі» де, «мұнай өңдеу, газ өңдеу бағытындағы өндіріс орындарын салу» мәселесі де, «қоғамдық бақылауды» жандандыру да, «халықтың қаржысын ешкімге қажеті жоқ спортқа шашпау» туралы әңгіме де, «қағазбастылықты азайту», т.т. – осы жиырма жылда қоғамда сан рет талқыланған, әлеуметтік желіден түспейтін өзекті мәселелер. Бұлардың бәрі – бБиліктің мойындағысы келмейтін, шығарып салма жауап беретін, теріс айналып кететін, «сендер түсінбей отырсыңдар» дейтін мәселелер. Демек Президент өзінің сөзін: «халықтың, қоғамның көтеріп отырған төмендегі мәселелері…» деп бастаса, қатып кетер еді. Әрине, Президент бұл мәселелерді ойынан шығарып отырған жоқ, халықтың аузынан алды, демек халықтың атының аталуы шарт деп ойлаймын.

Екіншісі – Жолдаудың тілі… Президенттеріміз ресми баяндама жасағанда екі тілді араластыра сөйлеуіне (одан кейін көргенінен жазбайтын, «ұлығы соқыр болса, бір емес екі көзін қысып жүретін» басшылар да қостілді баяндама жасайтыны түсінікті) етіміз үйреніп кеткені соншалықты, «бұның себебі неліктен?» деген сұрақ та тумайды. Құлдық, бағыныштылық сана – ешқашан «неліктен?» деген сөзді айтқызбайтын сияқты… Әрине, бұл сұрақты Президенттің өзіне қойған дұрыс болар еді, егер ондай мүмкіндік болмаса, осы феноменнің БОЛЖАМ ретіндегі себептерін өзіміз іздеуге тура келеді:

  1. Егер бұл Қазақ еліндегі орыстілді азаматтарды өкпелетіп алмау үшін жасалған қадам болса, қазақ тіліне мелекеттік тіл статусын берудің қажеті де жоқ. Біреулер өкпелейді десек, қазақтілділер – қостілді, ал орыстілділер – біртілді болған бұрынғы қалпымызға түсеміз.  
  2. Егер атала баяндама (әлеуметтік лингвистика ғылымнда екі тілді қатар қолдануды «атала» тіл деп атайды. «Макаронический речь») орыстілділер қазақ тілін түсінбейді деген оймен жасалса, Елбасымызды ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны. Ол кісі 2020 жылы мектеп бітірушілердің 100 пайызы, халықтың 95 пайызы қазақ тілін меңгереді деп сөз берген (Ұмытпасам, бұл уәде де Жолдауда айтылды). Екіншіден, осы отыз жылдың өз мемлекетінің тілін меңгере алмағандарды (демек олардың бастарында бір кінәрат бар) немесе меңгермегендерді Қазақ елінің қазіргі мәселелері не болашағы, не Президенттің Жолдауы қызықтырады деп ойламаймын.
  3. Оның Парламент депутаттарының алдында сөйлегенін ескере отырып, Президентке депутаттпрдың 75 пайызы қазақ тілін түсінбейді деген жалған ақпараттың берілуі мүмкін. (Жолдаудың 25 пайызы – қазақ тілінде, 75 пайызы – орыс тілінде айтылды)
  4. Президентке Жолдаудың тақырыптарына байланысты екі тілді сөйлеуге тура келді. Мәдениет, жер, індет, ақша, т.б. мәселелер – қазақтілділерді қызықтырады, орыстілді қауымға оны тыңдаудың қажеті жоқ, ал экономика мен басқа да салалар – орыстілді азаматтарға жақын деген болар… Бірақ бұл барып тұрған дискриминация болып табылады.
  5. Сайлауда өзіне қарсы шыққан үміткерді қолдаушылардың көпшілігі қазақтілділер болғандықтан, соларға қырсығып, Жолдаудың басым бөлігін орыс тілінде айтуы да ғажап емес.
  6. Көмекшілері Қазақ елі азаматтарының 20 пайызының орыс тілін мүлдем білмейтіні туралы ақпаратты бермеген болуы керек (Орыс тілін білмейтіндер Грузияда – 80 пайыз, Тәжікстанда 69 – пайыз, Өзбекстанда – 60 пайыз, ал Қырғыздарда – 50 пайыз). Қысқасы, соның салдарынан халықтың бестен бірі Президенттерінің сөзіне түсінген жоқ…
  7. Президенттің қазақ тіліндегі сөз байлығы, білімі 25 пайызға ғана жетеді деп пайымдауға да болады.
  8. Бұл ыңғайсыз жағдайдың тағы бір себебі – қалыптасып қалған ӘДЕТ болуы да мүмкін. Әдеттің жаманы бар, жақсысы бар. Бұл – өте жаман әдет. Ал жаман әдеттен құтылу керек.

Сократтың «Өзінің заңын өзі ұстанбаған елдің болашағы жоқ» деген тамаша сөзі бар. Ал өз елінің заңын Президенттің өзі ұстанбаса ше… Егер Қытайдың басшысы жапон тілінде, немесе Француз елінің басшысы ағылшын тілінде халыққа жолдау жасаса, шіріген жұмыртқа мен қызанақтың астында қалар еді.

Дос  КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры»  қозғалысының  төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: