Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізге бас изей беретін емес, бас изететін маман қажет

11.08.2020, 9:30 1257

HALYQLINE.KZ

Елге қызмет ететін кәсіби мемлекеттік аппаратты үнемі жақсарту күн тәртібінен түскен емес. Тәуелсіздік алғалы мемлекеттік қызмет жүйесінде бірнеше мәрте реформа жүргізілді. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметтің қағидаты қалыптасты. Қызметшінің әлеуметтік кепілдіктері белгіленіп, құқықтық мәртебесі анықталды. Этикалық талаптар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізілді.

Сондай-ақ, кадр жалдау, оны даярлау және дамыту жүйесінің инфрақұрылымы жақсарды. Персоналды басқарудың заманауи құралдары қолданысқа еніп, меритократияға негізделген мемлекеттік аппараттың бірегей моделі құрылды.

Алайда мемлекеттік басқару жүйесі тағы бір реформаға сұранып тұр. Себебі, бүгінгі қоғамның талабына лайықталып, елдің сұранысына сайлану үшін, Күлтөбе басында тағы бір басқосу қажеттілігі туындап отыр.

Жә, тақырыпқа оралайын.

Бізге мемлекеттік аппаратта лауазымдардың иерархиясын қайта қарау керек. Әсіресе, басшы мен қосшының диспропорциясына майшаммен үңілсек.

Себебі қазір жүйеде басшы көп, орындаушы аз. Төменгі лауазымдағы қызметкерлер ұжымдық деңгейде әділетсіздікке ұшырауда. Мұндай жағдай әсіресе орталық мемлекеттік органдарда жиі кездеседі.

Ретімен айтайын. Мысалы, әр министрлікте кемінде 10 департамент бар. Шамамен делік. Демек, директорлар саны да – 10. Әрқайсысында кемінде 2 орынбасар. Сонда 20 орынбасар шығады. Әр департаментте жоқ дегенде 2 басқармадан бар. Яғни, тағы 20 басқарма басшысын қосыңыз.

Әлгі басқармалардың әрқайсысында 3 бас маман, яғни орындаушы жұмыс істейді. Сайып келгенде, қарапайым арифметикаға салсаңыз, 60 орындаушыға 50 басшыдан келеді. Әрине мен ең төменгі көрсеткішпен есептеп отырмын. Одан бөлек комитеттер, қаншама бағынысты ұйымдар бар. Оларда да осы жүйе.

Дерекке сүйенсек, бүгінде орталық мемлекеттік органдарда бір басшыға 1,2 қосшыдан келеді екен. Тіпті бұл жерде саяси лауазымдағы басшыларды қоспағанда.

Ал, өңірлердегі облыс әкімінің аппаратында орта есеппен бір басқарушыға 3-4 орындаушыдан келеді. Облыстық басқарманың басшысына 1-2, аудан әкімінің аппаратына 1, аудандық бөлімдерге 4-5, ал, ауылдық деңгейде бір басшы кемі 3 орындаушыға жауапты. Әрине нақты цифрдан аздап қателесуім мүмкін. Бірақ бүтін-бөлшегін есептемегенде, жалпы жағдай осы сандардың айналасында.

Бұл – біраз жыл бұрын әкімшілік қызметшілерінің санын бекітерде, мемлекеттік қызметке білікті маман тарту үшін жасалған қадам. Мемлекеттік қызметке ынталандыру мақсатында басшылық лауазымдар көп енгізілген. Оның үстіне басқарушы болғасын жалақысы да аздап жоғары болады емес пе?!

Бірақ, бүгінгі жағдай тым басқа. Мемлекеттік органдардың жұмысы еселеп көбейді. Халықтың сауаты ашылып, мемлекеттік органдарға талап өзгерді. Сұраныс көбейіп, өтініштердің саны артты.

Орындаушылық һәм нәтижелік басшыға емес, бас маманға байланысты екенін көзбен көріп жүрміз. Қолын арқасына байлап, кердеңдеп қол сілтеген басшылардың аса қажеті болмай қалды. Сондықтан, орта деңгейлі басшыларды қысқартып, олардың штаттық бірліктерін бас маманға ауыстырған жөн. Айтпағым, басқарушыны азайтып, орындаушыны көбейту қажет. Әйтпесе, төменгі лауазымдағы атқарушы қызметкерлердің асыра жұмыс істеу фактілері соңғы кездері көптеп орын алуда.

Себебі, жоспар түзіп, хаттама жазатын, ереже әзірлеп, анықтама дайындайтын, тіпті ірі реформалардың өзегін қағазға түсіретін – осы бас мамандар. Тіпті заң жазу, тұжырымдама әзірлеу жұмыстарының жобасын әрі нобайын жасайтын да атқарушы қызметкерлер. Халық пен билік арасындағы хат алмасуда да, әзірленетін жауаптың нұсқасы бас эксперттердің жазған жобасына негізделеді. Одан бөлек салалық бағыты бойынша міндеті қаншама. Сондықтан орындаушылардың мәртебесіне мән беру керек.

Ал, жетекшілер тек келісу-келіспеу, толықтыру, бағыттау һәм бақылаумен шектеледі. Онда да егер басқарушы менеджер өз саласында білікті болса жақсы.

Сәйкесінше, ақыл айтып, жөн сілтейтін басшы көп болған сайын, істе береке кетеді. «Бол да бол» деп асықтырғасын бас маманның жүйкесі сыр беріп, бағытынан жаңылып, мұрнымен сүрлігетіні анық. Бұл әлгі, «қойшы көп болса, қойдың арам өледінің» кейпі. Сөйтіп, төбедегі бастықтардан түскен сан тапсырма дер кезінде орындалмайды.

Оның үстіне артық жүктеме көп. Бақылаудағы құжаттардың орындау мерзімі қысқа. Одан бөлек салалық міндеттемесі бар. Нысан аралау, халықпен кездесу, түсіндіру жұмыстары дегендей. Амал жоқ үлгеру үшін апыл-ғұпылға салады. Асығыс жасалған жұмыстан сапа жоғалады. Аяғында қызметтік тексеріс. Айғай-шу. Сөйтіп төбеден келетін «кінәлі жазалансын» деген пәрмен иерархиялық жүйемен төменге құлдилап келіп, тағы да бас маманға тиеді. Айналып келгенде орындаушы кінәлі.

Мемлекеттік қызметте жадырап, жайнап, бар ынта-ықыласымен, шынайы энтузиазммен жұмыс істейтін орндаушы маман аз. Көбіне үнемі күйзелісте, шаршау, ашушаң. Тіпті кейбірі қит етсе айналасын кінәлағыш, көңілі толмас, кейде жылаңқы келеді. Себебі тәулігінің көп бөлігін отбасында емес, жұмысында өткізеді. Әлеуметтік мәселесін айтпағанда қанша қара терге түсіп, еңбек етсе де, алар алғысы аз. Тек тапсырмамен шектелетін басшысына қарағанда жалақысы төмен. Қызметтік баспалдақпен өсейін десе, мансаптық ынталандыру мардымсыз. Ақырында мемлекеттік аппаратта өзінің маңызды екеніне сенімсіздікпен қарай бастайды. Тұлғалығы төмендейді. Қажеттілігін жоғалтып, сұрланады да қалады. Амал жоқ жүйеге көнігеді.

Тағы бір түйін. Төменгі лауазым иелерін бағалау жүйесін өзгерту керек. Және орындаушыны кәсіби тұрғыда дамытуды жаңалаған жөн. Мемлекеттік аппарат бас маманның мотивациясын арттыратындай ерекше иммунитет ұсынғаны дұрыс. Тек жалақыны ғана көбейтпей, қарапайым қызметкер үшін кешенді экожүйе қалыптастыруы абзал. Функционалдық міндеттемесіне үңіліп, жүктелген тапсырмасына теңдік орнату ләзім.

Ол үшін мемлекеттік органдардың үлгілік ережелеріндегі міндеттемелер мен функцияларды қысқарту керек. Себебі, көп міндет жүктелген сайын штаттық бірліктің өсетіні белгілі. Тіпті бұл мәселені тыңғылықты қарасаңыз, кейбір мемлекеттік мекемелер және оған бағынысты ұйымдар бір-бірінің функцияларын қайталап жатады. Бұл өз кезегінде қосымша жалақы талап етеді. Бюджетке артық салмақ салады. Менің білуімше, бүгінгі таңда орталық меморгандарда 6-6,5 мың функция бар. Ал жергілікті атқарушы органдарға 1-1,5 мың міндет жүктелген.

Қалай десек те, мемлекеттік процестерді оңтайландыратын сәт туып тұр. Құқықтық және институционалдық негіздерге жаңа көзқарас қажет. Мемлекеттік аппараттағы штат санын нақты критерилерге бөліп, басшы мен қосшының қызметінде тепе-теңдігі сақталатындай әдістеме әзірленген жөн. Яғни мемлекеттік менеджерлердің тізімін жүйелеп, лауазымдық салмағына теңдік беру шарт.

Толғауымның тоқ етер түйіні, бүгін бізге бас изей беретін маман емес, бас изететін маман қажет. Ойы еркін, қиялы ұшқыр. Сөзі жинақы, ісі тиянақты. Себебі, бас маман – мемлекеттік басқару жүйесінің болмысы мен бітімінің бастауы. Сол үшін жан жақты кәнігі менеджер болуы шарт.

Мемлекеттік қызметтегі кез келген бастама бас маманнан басталатынын естен шығармаған жөн.

Сіз қалай ойлайсыз?

Пікір қосыңыз, ой бөлісіңіз… Мархабат!

Нұрлыбек  ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: