Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басты тақырып – ҰБТ мен әскерге шақыру

05.06.2020, 22:10 902

Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Шаһар басшысы күн тәртібіндегі мәселе талқыланбас бұрын, тағайындауға тоқталды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Қазбекова Мира Жомартқызы облыс әкімінің өкімімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Қала басшысы Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосқаны үшін Мира Жомартқызын «Құрмет грамотасымен» марапаттап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Одан әрі қала әкімінің орынбасары қызметіне Есжанов Асқарбек Темірбекұлын тағайындады. Нұрлыбек Машбекұлы жауапкершілігі мол жаңа қызмет иесіне абыроймен атқаратынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.

         Аппараттық отырыстың күн тәртібінде екі мәселе қаралып, жауапты сала басшылары өзекті тақырыптарды ортаға салды. Алдымен қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы П.Жаңабергенов ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік турасында сөз қозғады.

         Білім саласына жауапты баяндамашы ҰБТ тапсыру форматы биылғы ахуалға байланысты өткізу мерзімдеріне қосымша өзгерістер енгізілетінін атап өтті. ҰБТ 20 маусым – 5 шілде аралағында «Мұрагер» мектебі мен «Қорқыт Ата атындағы ҚМУ №5 оқу ғимаратында орналасқан тестілеу пункттерінде өтетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілгенін де тілге тиек етті.

         Айта кетейік, осы жылы қала бойынша жалпы 50 мектептен білім алған 1881 оқушы тәмамдады.

         Отырыстағы екінші мәселе бойынша қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Р.Намазбаев қала бойынша мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары турасында баяндады. Басшы Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары негізінде алдын ала зерделеу жұмыстары атқарылып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, әскерге шақырушыларға шақыру қағаздары қалалық әкімшіліктен бөлінген техникалық қызметкерлердің және басқарма қызметкерлерінің күшімен таратылып жатқанын атап өтті.

         Мәжіліс соңында қала басшысы сала мамандарына мәселелер турасында қосымша тапсырмаларды жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: