«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 420.29 (0.75)

  • EUR: 506.87 (-2.33)

  • RUB: 5.66 (-0.06)

Аралда әлеуметтік нысандар ашылды

17.12.2020, 12:30 136 0

HALYQLINE.KZ

Кеше Тәуелсіздік мерекесінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына барып, бірқатар нысандарды ашты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы алдымен аудандық Оқушылар үйін пайдалануға беру рәсіміне қатысып, жаңа ғимараттың жай-күйімен танысты. Оқушылардың игілігі үшін салынған нысанның ашылуымен құттықтап, лебізін білдірді.

– Барлықтарыңызды аудандық Оқушылар үйінің ашылуымен құттықтаймын. Жаңа нысанда өнерлі ұландар тәрбиеленіп, ауданның мәдени дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Мұнда балғындар түрлі үйірмелерге қатысып, өз шығармашылықтарын шыңдайтын болады, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Нысанның құрылысы 2019 жылдың мамыр айында басталған. Сыйымдылығы 250 адамға лайықталған оқушылар үйінің құны 282,1 млн теңгені құрады. Бас мердігер «SСS Инжиниринг» ЖШС-гі құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтады. Ғимараттың бірінші қабатында «Bioland», «IT» бағытындағы және «Би» үйірмелерінің бөлмелері орналасса, екінші қабатында «Шебер қолдар» үйірмесі, фойеде суретшілер мен жас қолөнершілердің көрмесі және акт залы бар.

Аймақ басшысы Шижаға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне де қатысты. Жаңа медициналық ғимарат 15 бөлмеден тұрады. Оның ішінде дәрігерге дейінгі көріну бөлмесі, қабылдау бөлмесі, тіркеу бөлмесі, егу бөлмесі, химизатор бөлмесі, әйелдер қарау бөлмесі, лаборатория, дәрі сақтайтын қойма, ана мен бала және күндізгі емдеу бөлмесі бар. Қазір мұнда 15 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген. Облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, амбулаторияның жұмысына сәттілік тіледі.

Сапары барысында облыс әкімі Жіңішкеқұм елді мекеніндегі №248 орта мектептің апаттық жағдайдағы спортзалын көріп, бақылады. Спортзал ғимаратын Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес пайдалануға тыйым салынған. Мұнан бөлек, «Баспана Қызылорда» ЖШС-нің сараптама қорытындысына сәйкес, ғимарат авариялық жағдайда деп танылған.

Мұнан кейін өңір басшысы Шөміш елді мекеніндегі кеңейтіліп және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген ішкі су желісін пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Аталған су желісінің ұзындығы 11,9 шақырымды құрайды. Ауызсу жүйесі «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде іске асқан. Шөміш ауылының ақсақалы Қосмырзалы Шаханов ел игілігіне бағытталған игі іс көпшілікке қуаныш сыйлағанын айтып, облыс әкіміне алғысын білдірді.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы сапары Қамыстыбас елді мекені тұсындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан жеке кәсіпкер Жалғасбеков Талғаттың жол бойғы қызмет көрсету кешенінде қорытындыланды. Кәсіпкер кешенді 200 млн теңгеге өз қаражаты есебінен салған. Мұнда 80 адамға арналған ас бөлмесі, 10 жатын бөлме және намаз оқитын орын бар. Жаңа нысан жанында жанармай құю бекеті де орналасқан. Облыс әкімі кәсіп иесін жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, кешен жұмысына сәттілік тіледі.

Арал ауданындағы сапары соңында өңір басшысы аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелері бойынша межеленген жұмыстарды жалғастыруды және тұрғындардың сақтық шараларын сақтау мәселесін назарда ұстауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: