«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.05 (1.18)

  • EUR: 509.29 (4.04)

  • RUB: 5.58 (-0.01)

«Журналистика – сен таңдайтын емес, сені таңдайтын мамандық»

05.05.2020, 18:23 676 7

Ақпарат дәуірі заманында журналистиканың көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатқанына сәт сайын куә болып келеміз. Қазіргі пандемия сынды төтенше жағдайда да ақпарат алуға еш кедергі жоқ. Ақ халатты абзал жандармен бірдей алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген жорналшылар еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Ағартушы-ұстаз А.Байтұрсынов сөзімен айтсақ, қандай қиын кезеңдерде де журналистика «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» боп келеді.

Журналисті «төртінші билік иесі» деп атайды. Өйткені олар атқарушы, заң шығарушы, сот билігі өкілдерінің шешімдеріне ықпал ете алады. Адам тағдырына араша болады. Өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жазады. Жұртшылыққа қоғамдық пікір қалыптастыра алады. Құрметті де жанкешті мамандықтың адамы да – осы журналист.

Журналист туралы өмірдің өзінен алынған ой-толғамдар да көп. Солардың бір парасы мынандай. Көрнекті журналист, жазушы Кәкімжан Қазыбаев: «Журналистің жұмысқа баратын уақыты белгілі, қайтатын уақыты белгісіз» дейді. Қызмет барысында аяқ-асты іссапарға шығуға тура келеді. Журналистің жолаушылап жүрмейтін жолы, бармайтын елі, жері жоқ. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев: «Журналистика – сен таңдайтын емес, сені таңдайтын мамандық» дейді. Яғни, журналист – өз мамандығының құлы. Өз мамандығын сүймейтіндерге журналистикада орын жоқ деген ойды айқын аңғартады. Кезінде «Правданың» Америка Құрама Штаттарындағы меншікті тілшісі Генрих Боровик: «Бір өмірде бірнеше мамандық иесінің өмірін сүруге мүмкіндік бере алатын екі ғана мамандық бар. Оның бірі – актерлік өнер. Екіншісі – журналист кәсібі» деген екен. Айтпағы, барлық саладан ақпарат беру үшін, білетінің де мол болу керек. Яғни, энциклопедиялық білім қажет. Қоғам қайраткері, публицист Сауытбек Абдрахманов: «Журналистика – өзгелер амандаса да алмайтын адамдармен араласып-құраластырады» дейді. Демек, журналист қызмет барысында мемлекет басшыларымен, әлемге танымал тұлғалармен жүздеседі, пікірлеседі.

Сондай-ақ, журналист, ғалым Бауыржан Омарұлының қаламгер кәсібін көкке көтеретін «11-ші қаламұш», «Төртінші билік» атты кітаптары бар. Кейіпкерлері – жалпақ жұртқа кең танылған алымды ақпаратшылар. Мұнда автор мылтықсыз майдан майталмандарының жұрт біле бермейтін қырларын елге танытады. Шығармашылық шеберхана сырларына қанықтырады. Жинақты оқи отырып, қадірлі мамандыққа деген құрметің арта түседі. Мінекей, тізе берсек осылай кете береді. Бұның барлығы, журналистің беделі мен абыройын көрсетеді. Осындай сыр-сипатқа ие мамандық 1996 жылдан бастап Сыр өңірінде де даярланып келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универистеті бүгінгі таңға дейін бірнеше жүздеген түлекті ұядан ұшырды. Олардың көпшілігі өздері таңдаған жүрек қалауы бойынша қызмет атқаруда. Кейбірі өмірдің соқпақтарымен басқа салаларда еңбек етіп жүр.

Уақыт деген тым жүйрік. Көзді ашып-жұмғанша ширек ғасырға жуық уақыт өте шығыпты. Қуанарлығы –оқу орнын бітірген шәкірттер қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар таратып» жүр. Өмірдің қызу ортасында жүрген олардың газет-журнал, телевизия саласында айтарлықтай орны бар. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болу – заман талабы. Қазақстан халқын тікелей эфирде әлем жаңалықтармен таныстырып, халықаралық жағдайға шолу жасап жүрген түлектерімізді мақтанышпен айта аламыз. Олар шет тілінде өзгелермен тең дәрежеде еркін сөйлейді. Заманауи технологиямен ақпарат беру тәсілдерін меңгерген. Айталық, Ғалымжан Бәйімбет – «Хабар24» телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Нұрсұлу Қасым – «Қазақстан» ұлттық арнасының Бельгиядағы тілшісі. Ал, Нұрбек Әмиша – «Хабар» арнасының редакторы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелде білімін жетілдіріп келді.

Сондай-ақ, ҚР халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Өркен Алшынбаева, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова, «Қазақтелеком» АҚ баспасөз хатшысы, РR менеджер Айнұр Күзербаевалар – өз ісінің мамандары.

 Әрине, хат қорыту процесінен бастап, мақала жазу, іссапарға шығу, тың идея көтеру, жаңа да тосын кейіпкер табу – журналист үшін маңызды міндеттер саналады. Осы сатылардан өткенде ғана шығармашылық шеберлік шыңдалады. Осы орайда қатардағы тілшіден, басылым басшысына дейін көтерілген «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы, «Сыр бойы» газетінің редакторы Қуат Шарабидинов, «Ақмешіт жастары» газетінің редакторы Айжан Абдуллаева, кезінде «Ақмешіт жастары» газетінің редакторы болған Назерке Саниязова, «Нұр» газетінің редакторы Гүлнұр Қаржаубаева, «Қармақшы таңы» газетін басқарған Дастан Садық, т.б. өңірлік баспасөз тарихында өз қолтаңбаларын қалдырып үлгерді десек артық айтқандық емес. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих екені ақиқат.

Ал, республикалық, өңірлік ақпарат айдынында қалам қарымын танытып жүрген түлектеріміз қаншама?! «Qazaqstan» ұлттық арнасының белді тілшілері Сәуле Алдамұратқызы, Ақерке Биятова, «Хабар» арнасынан Бағдат Әбдіқожаева, «Хабар24» арнасынан Нұрлан Жақыпбек, «31» арнадан Абай Нұржановтар журналистика қазанында қайнап, тәжірибелерін жетілдіруде. Қоғамдағы қордаланған мәселелердің оң шешімін табуына барынша атсалысып жүр. Бұдан өзге аймақтық редакциялардағы редактордың орынбасары, жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, тілші, баспасөз хатшысы, веб-редактор, дизайнер, баспагер болып жүргендер денін тізбелеуге болады. Бірінің аты аталып, екіншісі аталмай қалса ренжімес. Барлығы да аталмыш оқу орнының мақтаныштары. Қасиетті қара шаңырақтың абыройын асқақтатып, өздері де биіктерді бағындыруға талпынуда. Білім алушы жас буынға үлгі. Жетістіктерін көріп қуанамыз, университетіміздің түлегі болғанына марқаямыз.

«Журналистика – бұл миссия» дейді журналистика мен мультимедианың бүгінгі үрдістерін бағалаған жазушы, журналист Дебора Кемпбел. Журналистика енді кәсіп, мамандық болудан гөрі үлкен міндеттер арқалаған миссияға айналды. Осындай қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген түлектерге мәртебелі мамандықтарыңа кір жұқпасын, халық алдында жарқырап жүре беріңдер демекпіз!

Зухра ЕРМАҒАНБЕТОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы

Пікірлер:
  • Елдің сенімін арқалап,көптіңкөңілінен шығып жүрген «Халық» газетіне жарияланған əріптесім əрі құрмет тұтар əпкем Зухра Нұрғалиқызының жүрекжарды мақаласын оқып,туған жер топырағына алғаш келіп,еңбек жолын бастаған жастық шағым оралды.Жүрегімнің бір бұрышын мекендеген киелі Қорқыт оқу орны мен шəкірттерімнің жеткен жетістігіне бар шынайы пейіліммен қуанам.Керемет мақала,жазарымыз таусылмасын!!!!

  • Аймақтық журналистиканың ұстаханасына айналған университеттің бағындырар белесі көп болғай. Ұстаздың бар мақтанышы- шәкірт жетістігі. Зухра Нұрғалиқызы, абыройыңыз арта берсін.

  • Адам сегіз қырлы болса,
    Журналисте қырлары
    Шексіз, наполион кезеңдерінен
    Бері халықпен билік
    Арасындағы алтын көпір
    Зухра апатайым ғасырлар парағынан өрт боп
    Тусер жауынгерсіз
    Әлем сізбен әдемі

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: