«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 424.49 (-1.1)

  • EUR: 504.51 (-0.92)

  • RUB: 5.59 (-0.02)

Тұрғын үйлер қалай жөнделіп жатыр?

20.10.2020, 13:05 190 0

HALYQLINE.KZ Жасыратыны жоқ, қаладағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ахуалы сын көтермейді. 2019 жылы апатты жағдайдағы және жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер 2011-2020 жылдарға арналған көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғыртуға арналған бағдарлама арқылы қайта қалпына келтірілген. Қазіргі уақыттың өзінде айрықша көңіл бөлуді қажет етіп тұрған үйлердің ең жаңа дегендерінің өзі 30 жыл бұрын салынған, ал ең көне дегендер өткен ғасырдың 60-70-жылдарында бой көтерген. Апта басында қала әкімдігі шаһардағы жаңғыртудан өтіп жатқан бірқатар нысанға журналистермен бірге баспасөз турын өткізді.

Қос қанатты қала атанған Қызылордада бүгінде 815 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 426-сы жөндеуді қажет етеді. Қазіргі күні сол үйлерді кезекпен жөндеу жұмыстары жалғасуда.

 – Қаламызда 2011 жылдан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында шаһардағы 134 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, меншік иелеріне пайдалануға берілді. Мұндай жұмыстар жылда жалғасын тауып келеді. Биыл да 2020-2022 жылдарға арналған кондоминимум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 2 млрд 35 млн теңге бөлінді. Сол қаражат есебінен қаламыздағы 32 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтуде, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Біз барған алғашқы нысан – Ғ.Мұратбаев көшесіндегі 1962 жылы салынған №32 үй.

 – Мұнда жаңғырту жұмыстарының бүгінде 80 пайызы аяқталды. Атап айтқанда, шатыр жабынын жөндеу, сыртқы қасбетін әрлеу, сырлау, подъезд ішілік жұмыстар, пластикалық терезелер, магнитті есіктер орнату, су құбыры, кәріз бұру жүйесі, жылу жүйесі, электр желілері толықтай ауыстырылған. Ендігі қалғаны есіктерін орнатып, айналасын тазалап, тек өткізу. Айта кетерлігі, келісімшартта сыртқы қасбетін әрлеу, сырлау жұмыстарын жүргізу қарастырылмаған. Біз мердігер мекеме өз демеушілігімізбен осы жұмыстарды да қоса атқардық, – дейді «Реал Строй Снаб» ЖШС-нің өкілі.

Атқарылған істерге тұрғындар да дән риза. Қанша жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген үйдің ахуалы айтпаса да түсінікті. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 30 млн теңге қарастырылған. Шатырдан еденге дейін жаңарып қалған үй де сол маңайға жаңаша реңк беріп тұр.

Айжан Әбілқасымова, Ғ.Мұратбаев көшесі №32 үйдің тұрғыны:

 – Мен өзім жақында көшіп келгенмін. Ескі үй болған соң мәселесі көп еді. Солардың бірқатары шешіліп, жақында жылу беріліп, су құбырлары ауыстырылып, өжіре тазаланды. Мердігерлердің жұмысы көңілден шығып жатыр. Тұрғындар да риза деген ойдамын.

Бұдан бөлек, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында да жоспарлар бар. Алдағы уақытта қала аумағындағы 26 үйге жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінімдер ұсынылған. Ал жаңғыртылған тұрғын үйлерді одан әрі күтіп-ұстауына тұрғындар да жауапты, ал мердігер мекеме тек 2 жыл ғана кепілдік береді. Дәл осылай жөндеуден өтіп жатқан үйдің бірі – Жетікөл көшесіндегі №28 көпқабатты үй. 1977 жылы іргетасы қаланған 40 пәтерлі тұрғын үй осы уақытқа дейін бірде-бір рет жөндеуден өтпеген. Сондықтан бұл жерге де шатырдан табалдырыққа дейін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 – Ең бастысы, жауын-шашын түспей тұрып шатыр жұмыстарын аяқтауды жоспарладық. Барлығы да сәтті өтті. Екінші мәселе, бұған дейін жылу жүйелерінде ақау болған, 100 пайыз жаңартылды. Өжірені тазалап, табанына бетон құйдық. Қалғаны әктеу, сырлау секілді жұмыстар ғана, – дейді «Сыр Электромонтаж» ЖШС директоры Еркін Сейткамалұлы.

Сауранкүл Ағыбаева, Жетікөл көшесі, №28 үй, 2 пәтер тұрғыны:

 – Бұл үйде 1996 жылдан бері тұрамын. Осы уақытқа дейін еш жөндеу көрмеген. Жауынды күндері шатырдан су ағады. Үйдегі шелектен бастап барлық ыдыстарды қойып шығатынбыз. Шағым айтып, бармаған жеріміз қалмаған еді. Елеп-ескеріп, биыл жаңғыртып жатыр. Енді қиын күндер артта қалады деген сенімдеміз. Жылу берілді, подъезд жаңарды, сырты әрлену үстінде. Жақын арада аяқталады деп күтіп отырмыз.

Көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, ең алдымен тұрғындардың 3/2 бөлігінің келісімі, яғни 70 пайызы қол қоюы керек. Жоба-сметалық құны әзірленген соң облыстық немесе республикалық бюджеттік бағдарламаларға ұсынылып, қолдау тапқаннан кейін тұрғындар мердігерді таңдайды. Жұмыстың басталуын, барысын сайланған белсенді топ өкілдері қадағалайды. Ал қала әкімінің тапсырмасы бойынша ең әуелі САПАға мән беру керек. Айта кету керек, кейбір мердігер мекемелер өз демеушіліктерімен тұрғын үй ауласына орындықтар орнатып, ауланы қоршау жұмыстарын жүргізуде. Бұл да болса, қаламызға жанашырлықтың белгісі деп білеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: