«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 419.54 (-0.42)

  • EUR: 509.2 (-1.68)

  • RUB: 5.72 (0)

Қазалыдағы «құрылыс қалашығы»

13.11.2020, 17:50 244 0

HALYQLINE.KZ

Сөзіміз шындықтан жырақ емес. Байыптағанға Қазалыда «құрылыс қалашығы» салынып жатқандай әсер қалдырады. Қайда қарасаңыз да, қаз-қатар бой түзеген нысандарды, еңселі коттедж, әсем тұрғын үйлерді көресіз. Сыртқы келбеті, жоба, кескінделуі бірінен-бірі өтеді.

Жанқожа бабамыздың атындағы орталық мешітте Берік қажы Сүлейменов бас имам болып жұмыс істейді. Біршама уақыт бұрын ел игілігіне берілген киелі мекен жамағатқа имандылық нұрын себуде.

Балалық шағыңызда өзен-көлге, тіпті арыққа болсын, талай шомылған шығарсыз?! «Ақарық» каналында сол балдай кезеңді қайтадан еске түсіресіз. Каналдың арнасы бетондалып, үстіне жүргіншілер өтуіне қолайлы шағын өткел салынған. Рас, құрылыс жұмыстары ішінара кідіріп қалған тұсы да кездесті. Бірақ… күн жылыда арна бойында асыр салған балалардың шат күлкісі, риясыз қуанышы көңілдегі болмашы ренішті жуып-шайып кеткендей. Айта кетерлігі, сәл бұрын «Ақарық» сол кездегі Жаңа Қазалы поселкесінің шеткі бөлігі есептелетін. Ал қазір кенттің орталығы іспетті. Мұнан соң кенттің ауқымы қаншалықты ұлғайғанын шамалай беріңіз.

Мына еңселі ғимаратқа аудандағы білім саласының бетке ұстарлары №249 мектеп-лицей орналасқан. Ел арасында «Алтын белгілер» ұстаханасы» деген атау иеленген. Шығыс ертегілерінде кездесетін ғажап сарайдай келесі нысан – жаңадан салынып жатқан мәдениет үйінің ғимараты. Қызу жұмыс қайнап жатыр.

Сол төңіректегі аудан әкімдігінің ғимараты да кенттің келбетін ашып тұр. Осы ғимаратты саларда түрлі пікірлер желдей ескенін несіне, кімнен жасырамыз?! Алайда ел ағаларының шешімі дұрыс болғанын нысанның қазіргі ахуалы дәлелдеп тұрғандай. Әкімдікке қарасты бөлімдердің түгелге жуығы осында, бір жерге шоғырлануы тұрғындарға да тиімді.

Көшенің қос қапталындағы түрлі нысандардан көзіңіз сүрінеді. Аудандық аурухана, сот, өзге де бірқатар мекемелер, тұрғын үйлер, кәсіпкерлік объектілері орналасқан. Бұл маңайда жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыстар, пайдалануға берілгендері, келешек жоспарланғандар да кездеседі. Әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыздың кесенесінің маңайы қазір өзі қанын төгіп қорғаған елінің жиі қоныстанған мекеніне айналған.

Аталмыш көріністер «Қазалыдағы құрылыс қалашығы» деген тақырыпты айшықтай түсері хақ. Бүгінгі әңгімемізде біз бір көшенің бойындағы жағымды жаңалықтарды ғана жеткіздік. Ал кенттің қалған аумағындағы, Қазалы қаласы мен елді мекендердегі атқарылған, қолға алынған істер қаншама?!.

Мақаланы жазу барысында аудан әкімімен тілдескен едік.

– Биылғы жылдың 9 айында негізгі капиталға 9,5 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд 400 млн теңгені құрады. Жыл көлемінде 2 млрд 766 млн теңгеге 15 нысанның құрылысы жүргізілуде. Аудан орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселенің біріне айналып отыр.

Тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселелерді шешу мақсатында ауданда 6 қоныстану аймағы игерілу үстінде. Қазалы қаласынан 261 гектар, Әйтеке би кентінен 460 гектар жер учаскелеріне электрмен жабдықтау, ауызсумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде. Осылайша алдағы уақытта 2000-нан астам жер учаскесі ашылып, жеке секторлардың тұрғын үй салуға мүмкіндіктері болады. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үйге мұқтаж 1000-нан астам адам кезекте тұр.

Жыл басынан бері 31,7 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы салынып, 155,7 пайызға орындалса, жыл соңына дейін 51 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 6 тұрғын үй құрылысы басталған болатын. Ағымдағы жылы барлығы да аяқталып, 108 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Оған қоса, кенттен 4 пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Пайдалануға берілгенде 40 отбасы қамтылатын болады. Сонымен қатар, 2 қабатты 12 пәтерлік 12 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленген еді. Жоба құны – 2 млрд теңге. Қазіргі таңда жобаның құжаттары тиісті ведомствоға тапсырылды.

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығынан және Қазалы қаласынан 20 үй салу үшін аудандық бюджеттен 14,5 млн теңге қаржы бөлініп, жоба әзірленуде. Келесі жылы құрылысын қаржыландыруға ұсыныс берілетін болады.

Ағымдағы жылы 236,5 млн теңге бөлініп, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Майдакөл, Ү.Түктібаев, Қ.Пірімов, Бірлік ауылдарына абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Қазалы ауданында биылғы жылдың қиыншылықтарына қарамастан толымды тірліктер тындырылуда. Бір ғана «Жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млрд теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатыр.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: