• USD: 411.54

  • EUR: 458.13

  • RUB: 5.84

Банктен басқа нысандар жұмыстарын шектейді

31.03.2020, 15:27 81 0

Облыстың бас санитарының карантиндік қаулысынан кейін қаладағы қозғалыстардың дені шектелді. Дегенмен халықтың көкейінде әлі де болса сауалдар легі толастаған жоқ. Әсіресе,  шағын және орта кәсіпкерлік иелерінде дөңгелетіп отырған шаруалары шектеліп қала ма деген қорқыныш басым. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова аймақ жұртшылығына кеселді кезеңге байланысты үндеу жариялап, аймақ дәрігерлерінің жұмысына құрметпен қарауға шақырған еді. Осыған орай Қызылорда облысының бас санитары көкейде қалған кейбір сауалдарға жауап беру үшін онлайн-брифинг өткізді.

Жұртшылықтың басым көпшілігі облыс орталығына қатынау қызметіне байланысты сауалдар жолдаған. Мәселен, Тартоғай ауылының Б.Жақаев есімді жеке кәсіпкері Қызылорда қаласындағы мекемелердің біріне аптасына  бір рет қажетті заттар тасымалданатынын айтқан. Егер ауданаралық қатынас тоқтаса, осындай жағдайдағы кәсіпкерлер не істеуге болады?

– Мұндай жағдайда кәсіпкердің мекемемен келісімшарты болуы тиіс. Сондай-ақ зат тасымалдайтын автокөлігі санитарлық талаптарға сай жабдықталғандығы тексеріледі. Өздері ауылдық елді мекенде тұрып, алайда азық-түліктерін қаладан таситын тұрғындар да зат тасымалдайтын көліктерін талапқа сай тазартып отыруы тиіс. Сондай-ақ белгілі бір аурумен ауыратын науқастарды республиканың өзге өңірлеріндегі ауруханаларға апарып тексерткісі келетіндер арнайы медициналық жолдама немесе дәрігерлердің шешімі болмаса карантин кезінде сыртқа шыға алмайды,- деді Ә.Әбдіқайымова.

Өздеріңізге белгілі, осыған дейін республика көлемінде барлық білім беру орындарының жұмыстары уақытша тоқтатылғанымен, балабақшалар карантиндегі мекемелер тізіміне ілінбеген еді. Қазір Қызылорда облысындағы ахуал бойынша барлық балабақшалар жабылуға тапсырма берілді. Бас санитардың сөзіне қарағанда карантинге «көнбегендермен» құзырлы органдар жұмыс істейтін көрінеді. Ал аяқ астынан басы ауырып, балтыры сыздай қалған науқастар жағдайы шұғыл болмаса емханаларға бейсауат бара беруіне қатаң тыйым салынады. Өйткені қазір қаладағы емханадардың барлығында кезекші дәрігерлерден өзге қызметкерлердің барлығы үйлерінде отыр.

Бас санитар бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктердің жұмысы тоқтатылмайтынын айтты. Кәсіпкерлік нысандарының дені нақ осы шақта жұмыстарын тыйды. Шектеу қойылған шарадан нәтиже шығады деген сенім бар. Бәрі уақыттың еншісінде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: