«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 422.87 (-2.62)

  • EUR: 512.1 (-0.74)

  • RUB: 5.63 (0)

Айнаға қарайық…

08.10.2020, 13:30 198 0

Гогольдің «Ревизор» комедиясындағы дуанбасының соңғы сөзі менің осы мақалама дөп келетін сияқты. Естеріңізде болар, комедияға келіп, ішек-сілелері қатып, күлкіге қарық болып отырған жұртшылыққа дуанбасының: «Сендер кімге күлесіңдер, мырзалар? Өздеріңе өздерің күлесіңдер?» деп басталатын монологы бар.

Соңғы уақытта, әлеуметтік желінің әсері ме, әлде ұлттық намысымыздың көтерілгені ме, біздер өзімізге өзіміз күлетін болдық. Бірақ, ең қызы­ғы, өзімізге күлгені­мізді байқамай да қалатын сияқ­тымыз. Өзімізде бар кемшіліктер басқалардың, әсіресе, басқа жақ­тағылардан табылса, бәрі­міз дүр сілкінеміз, талдаймыз, қаузаймыз, бал ашамыз, әйтеуір бес айлық сөз қыламыз. Алайда сол кемшіліктің немесе сол қоғамдық дерттің өзіміз­дің қасымызда тұрғанын, өзіміздің бойымызда бар екенін көргіміз келмейді. Оған етіміз үйреніп кеткен. Басқалардікі – кем­шілік, ал біздікі – дәстүрге айналып кеткен тіршілік сияқты.

РЕКТОРДЫҢ   БӨЛМЕСІ

Мен соңғы бес-алты жылда 60-тан астам ауданда, 30-40 жоғарғы оқу орны­нда кездесулер өткіздім. Демек осыншама аудан әкімдерінің, рек­торлардың кеңселерін көрдім. Сондықтан Шәкәрім атындағы Семей университеті ректорының кеңсесі туралы­ әңгіме, сол туралы түсірілген бейнематериал мені таңғалдырмайды. Мүмкін, басқа кеңселермен салыс­тырғанда, сәл-пәл кеңдеу де шығар­. Мені осыдан үш жыл бұрын Брюссельге барғанда көрген Европарламент  төрағасы  орынбасарының  кеңсесі таңғалдырды. Кеңсенің ортасындағы кішкентай дөңгелек үстелге (қуықтай екі бөлме) «Жаңа Қазақстанның» бес адамы зорға сидық. Қонақтардың алдына қойылған графин де екі түрлі екен, соған қарағанда бұл ыдыстарды кеңсенің иесі мен хатшысы үйлерінен әкелген болуы керек. Біз әңгімелесіп отыр­ған негізгі бөлменің бұрышында кеңсе иесінің жұмысқа киіп келген аяқкиімі тұр екен. Оны салып қоятын шкаф та жоқ. Меніңше, бұл бөлмені ректорлардың кабинетімен емес, біздің облыс­тық оқу орындарының ең бір қарапайым деканаты орналасқан бөлмемен ғана салыстыруға болады. «Бәрі салыстырғанда ғана анықталады» деген орыс мақалы бар. Жаңағы ректордың бөлмесі – біздің ерекше­лігіміз және барлығымыздың кем­ші­лігіміз. Бұл заңдылық сияқты. Басшы отыратын жер басқалардан ерекше, басқалардан артық болуы керек деген баяғы ұстаным. Бірақ осыны қаперге алмай, Семейдің ректорының кеңсе­сін талдап, ер-тоқымымызды бауырымызға алып тулаймыз. Ол кеңсені өмірге әкелген біздерміз. Бұл – біздің туындымыз. «Семейдің ректоры неге шалықтап кетті?» дегеннен гөрі, «біз неге осындай дарақылыққа жеттік?» деп ойлануымыз керек. Сол кеңсені сынап жатқан жандардың көпшілі­гі­нің кеңселері Европарламент төр­ағасы  орынбасарының  кеңсесінен он есе кең, артық, жақсы. Мүмкін, Семей­  ректорының кеңсесін сынаған дұрыс та шығар, бірақ содан өзіміз де сабақ  алмасақ, бәрі  бекер.

Байқайсыздар ма, біздің әрбір ауданда, қалада ең зәулім, ең жақсы ғимарат – әкімшілік үйі. Ал өр­кениет­ті елдерде ең тамаша ғимараттар – жетім балалар үйі, немесе мүгедек­терге арналған ғимараттар. Париждегі Наполеонның мүрдесі жатқан­ зәулім ғимараттың «Соғыс мүгедектерінің үйі» аталуы да тегін емес. Айтпақшы, былтыр менің білім алған мектебімнің 50 жылдық тойы болды. Тойына бардым. 47 жылда мектептің сыртқы бейнесі де, іші де өзгермепті… Әрине, кездесуге келген біздер үшін бұл қуаныш та болар – өмір бір орнында тұрып қалып, жарты­ ғасырымыз жоғалып кет­кендей әсер қалдырды, бірақ осы уақытта Қызылорда әкімшілігінің төрт мәрте  орын ауыстырып, бірі­нен-бірі өтетін ғимараттарға көш­кенін есімізге алсақ, көңілің құлазып, мектебің  жетімсіреп қалады  екен. Қысқасы, Семей университетінің кеңсесіне кіжіне отырып, басшыл­ықтың  қарапайымдылығы  (мейлі  ол ректор  болсын,  немесе  әкім  болсын) – мәдениеттіліктің белгісі екенін  ұмытпайық.

ДАРИҒАНЫҢ  ЛОНДОНДАҒЫ   ҮЙІ

«Дариға Назарбаева мен оның балас­ының Лондонда үйі бар екен. Оны қазір сол елдің органдары қандай  ақшаға салғанын тексеріп жатыр екен. Егер «арам ақшаға» салынса, алып қоюы мүмкін!» деп әлеуметтік желі бес ай шулады. Кешіріңіздер, онда­й арам ақшаға салынған үйлер мен жылжымайтын мүліктер біздің елдің кез келген жерінен табылады. Ауданнан бастап Астанаға дейін соңғы 20 жылда  салынған  зәулім, екі-үш қабаттық үйлер тізіліп тұр. Ешқайсысының қожайыны сол үйлерді кетпен шауып, немесе күні-түні малдың соңында жүріп тапқан ақшаларына салған жоқ. Оны бәріміз білеміз. Кез келген «жылы жерге» жұмысқа тұрған адамдар екі-үш жылдың­ ішінде қымбат машина мініп, ертегідегідей үй салып шыға келеді.­ Олардың жылдық жалақы­лары сол машинаның екі есігіне де жетпейді… Әрине, қағаз жүзінде үйдің иесі ауылдағы бөлесі не тоқсандағы анасы болып шыға келеді, бірақ тоқсан­дағы кейуананың қалтасында сол үйді салатын екі-үш миллион доллар­ бар дегенге кім сенеді? Демек «Дариғаның Лондонда қымбат үйі бар екен» деген жаңалық – біз үшін феном­ен болмауы керек. Оны сөз қылудың өзі артық сияқты. Одан да былтыр «жылы жерге» орналасқан, немесе «кенеттен фирма құрып, тендер­ ұтып алған» таныстарыңа ойша мониторинг жүргізіңдер. Меніңше,­ біз өзіміздің заңбұзушы­лығымызға көндігіп кеттік, ал осы мәселе басқа жақтан шықса және ол Елбасының қызы болса – нағыз хайп! Талдауға да болады, ашу-ызаны шығару­ға да болады… Біз бен Лондонның айырмашылығы біреу-ақ, олар осы жылжымайтын мүлік қандай ақшаға келді деп, дабыл қағады, ал біз «мынау баланың еті тірі екен, екі жылда байып шыға келді» деп тамса­намыз. Қысқасы, Лондондағы үйлер қасымызда тұр, бірақ біздер олар қандай ақшаға салынды деп сұрамаймыз. Қандай ақшаға салын­ғанын  білеміз. Ал  ақымақ  ағылшындар Дариғаның кіріс-шығыстарын тексеріп, ақ тер, көк тер болып, ештең­е дәлелдей алмапты. Мүмкін, біздер оның қандай ақшаға салын­ға­нын  білгеннен  кейін  тексеріп, уақыт өлтірмейтін  шығармыз…

ГҮЛШАРАНЫҢ   ҚҰРМЕТІНЕ  «МАШИНАЛАРДЫ   ТОҚТАТУ»

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы болған жағдай облыс әкімі Гүлшара ханымға «Ханның қызы» деген атақ берген сияқты. Әлеу­меттік желіге шыққан бұл мәселе­ге де жарты жылдай шуладық. Бұған кім кінәлі дедік. Тексердік. Жауап бердік. Кімнің бұйрық берге­нін анықтадық. Ақыр аяғында, «ешкімге  бағынбай, ойына келгенін істеген» полиция қызметкері кінәлі болып шықты. Сіздерді қайдам, өзім сенбедім. Бұйрық болмаса, полиция­ның қарапайым қызметкері көшені жауып, жын ұрып па? Бірақ әңгіме онда  емес. «Басшыларға ерекше жағда­й жасау – халықтың құрметін көрсету» деген ақымақ тұжырым басшы­лықтың санасынан әлі кете қойған  жоқ. Әрине, соңғы жылдары ояна бастаған халық бұл мәселеге сыни көзқарастарын айтып жүр. Бірақ билік қозғалар емес. Ең қызы­ғы, үлкен басшылар келгенде көшені жабу, машиналарды тоқтату сияқты заңсыздықтар – біздің елімізде шектен шыққан оқиға есебінде қабылданбайды. Ал басқа елдерде бұл әрекеттердің барлығы заңмен бекітіледі. Мысалы, Германияда алдына полицияның машинасын салып жүре алатын үш қызмет иесі бар екен. Олар – Канцлер, Жоғарғы соттың басшысы және Президент. Бізде қала әкімінің үйіне қайтуы – Біріккен Ұлттар ұйымының басшысы келгендей абыр-сабырға­, көшені жабуға, т.т. алып келеді­. Егер жаңақорғандық еті тірі келіншектің бір ауыз сөзі болмаса, осы мәселеге кім көңіл бөлер еді? Ал егер бұл мәселе қоғамдық талдауға түсті екен, жалғыз Қызылорда әкімі не оны қорғаушылар емес, барлық Гүлшаралар  ойлануы тиіс деп ойлаймын. Ең бірінші, Парламент ойланып, Қазақ елінде осындай ақымақтық болмайтын заң қабылдауды солар­  қолдарына  алулары  керек.

Әлі есімде, Елбасының қызы Асқар­ Ақаевтың баласына күйеуге шыққанда Алматыны қыдырып, гүл қою рәсімін өткізіпті. Олардың бар­ған жерінде, жүрген жерінде жолдар жабылып, машиналар тоқтатылыпты. Сонда бір-екі адам құқығын қорғаушылардың «Президенттің қызының  той кортежіне байланысты жолды жабу – заңсыздық. Ол Президент емес ғой» деп шу шығарғаны есімде. Халық олардың сөздерін құлаққа ілген  жоқ. Кейде мен қазақ басқа­лар­дың қателігін көргіш, бірақ өзінің қателігін ешқашан мойындамайтын халық па деймін. Әлде қанағат халықта ғана болатын, бірақ басшыларда жоқ  қасиет  пе?

Жоғарыдағы  жағдайлар – біз үшін дағдылы, ал басқа елдерде мәдениет­сіздік, ыңғайсыздық немесе заңсыздық болып табылатын жағдайлар – аяқ басқан сайын кездеседі. Бірақ бұлар елден ерекше, бұрын-соңды болмаған  жағдайлар емес, көпшілік­тің  көзіне  түсіп  қалған жағдайлар. Естуім­ше, Лондон қаласында қазақстандықтардың үш жүзге жуық (қазір одан да көп болар) зәулім үйлері бар екен. Олардың қасында Дариғаның үйі жер тістеп қалады. Біздің ректорлардың кабинеттері кейбір елдердің Президенттерінің кеңсесінен артық. Ал әкімдер ел аралап шыққанда жолдарды жабу ешкімге таңсық емес. Егер  біздер тек сол көзге түсіп қалған­ жандарды талқыға салсақ, ештеңе өзгермейді. Тағы қайталаймын, бұл – қоғамдық  дерт. Оны әлеуметтік желід­е талқылаумен іс бітпейді. Біріншіден, осы мәселелерді талдап, оның себептерін анықтап, қайтадан сөз болмайтындай қатаң заң нормаларын енгізу керек. (Президенттен басқа лауазым иелері – әкімдер, министр­лер, т.т. жолға шыққанда көшені жабуға, машиналарды тоқ­татуға тыйым салатын заң баптары, басшы орындардың кеңселерінің көлемін нақты белгілейтін заң нор­малары, жылжымайтын меншік иесінің сол меншікті қандай ақшаға алғаны­н  тексеретін  заң баптары). Бұл – биліктің  міндеті. Бірақ көлікті тоқтатып, арам ақшаға үй алып, ат шаптырым кабинет жасап отыр­ғандар да сол биліктің немесе билікпен біте қайнасқан жемқорлықтың өкілдері емес пе? Осы жерде қазақтың «ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді?» деген мақалымен сөзімізді аяқтайық.

Дос  КӨШІМ 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: