«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.05 (0)

  • EUR: 509.29 (0)

  • RUB: 5.58 (0)

«Ағаділдің өліміне кінәлілер жазалансын»

27.02.2020, 15:23 191 0

27 ақпанда Алматыда Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі жанында 80-ге жуық адам жиналып, азаматтық белсенді Дулат Ағаділді еске алды.

Шымкентте де отыздан астам адам өздері жалдаған кеңсеге жиналып, екі күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділді еске алып, құран бағыштады.

– Бүгін атпалдай азаматымыз Дулат Ағаділден айырылып, бүкіл қазақ халқы қайғы жұтып отыр. Оның өлімі бізге қатты ауыр тиді. Бұл – Тоқаев президент болғалы бері демократия үшін, әділдік үшін, шындық үшін күресіп, қаза болған бірінші азамат. Мұны біз ешуақытта ұмыта алмаймыз. Ел мүддесі үшін азаматтарды қудалауды доғарыңдар! – деді сөзін билікке үндеу жасап аяқтаған белсенді Жарқынбек Сейтінбек.

Жиналғандар белсендінің өліміне кінәлілер жазаға тартылуы керек деді. Олардың қолында «Дулат Ағаділ қош бол!», «Біз Қазақ елі сені ұмытпаймыз» деген жазуы бар плакаттар, Ағаділдің суреттері болды.

Құран оқып жатқан кезде бір полиция қызметкері суретке түсіре бастап еді, белсенділер «құран оқытуға да болмай ма, неге түсіресің?» деп оны қуып жіберді.

Оқиға орнында азаматтық киім киген он шақты полиция қызметкері жүрді.

Дулат Ағаділді жерлеген күні Ақтөбеде де белсенділер «Нұрдәулет» мешітіне жиналып, оны еске алып, құран бағыштады. Олар да Ағаділдің өліміне билікті кінәлап, белсенділердің қуғындалуын сынады.

«Бұл заңсыз жиын. Тараңыздар!» деп келген қалалық әкімдік өкілі Елеусіз Нұрғалиевті жұрт ортадан түйгіштеп, шығарып жіберді. Наразы топты әкімдік пен күштік құрылымдар қызметкерлері сырттай бақылап, видеоға түсіріп тұрды. Сәлден соң белсенділер осы маңдағы дәмханаға қарай кетті. Оларды бақылап тұрған полиция қызметкерлері де соңдарынан ілесті.

27 ақпанда Тараздағы орталық мешітке 15 шақты адам жиналып, Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштады.

– Біз енді жол қиындығына байланысты жерлеу рәсіміне бара алмадық. Бірақ қолымыздан келгенше осында бас имамға құран бағыштаттық, – деді мешіттен шыққаннан кейін Азаттық тілшісіне жиналғандардың бірі Ермұханбет Қалмаханбетұлы.

Мұнда жиналғандардың ешқайсысы Дулат Ағаділді көрмеген, бірақ интернет арқылы белсенділігі турал естігенін айтты.

centralasian.org

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: