Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа реформалар өз тиімділігін көрсетеді

29.10.2020, 10:00 620

Мұрат  НАСИМОВ,

саяси  ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған  профессор,

«Болашақ»  ғылыми-зерттеу  инсти­тутының  директоры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария­лағаны белгілі. Жолдау жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемия шарттарында жасал­ғандықтан, алдағы уақытта міндеттерді жүзеге асыру  маңызды  болып  отыр.

Мемлекет  басшысы ең алдымен мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тоқталады. Жаңа үлгіге  сәйкес  қазіргі таңда Қазақстан Респуб­ликасы  Президенті  жанындағы Стратегиялық  жоспарлау  және  реформалар агент­тігі мен Рефор­малар  жөніндегі  жоғары кеңес құрылды. Агенттікті тұтас мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналдыру көз­деліп отыр. Ал жоғары кеңес еліміздің орнық­ты  дамуын стратегиялық жоспарлау және эконом­икалық, әлеуметтік және саяси реформа­ларды тереңдету мақсатында жұмыс жүр­гізеді. Қарап отырғанымыздай, барлық мәселе жоспарлауға  байланысты  екендігі көрініп  тұр.

ХХ  ғасырдың  басында  ұлттық  экономиканы жоспарлау мүмкін емес екендігі айтылып, нарық бәрін мүмкіндігінше өздігінен ұйым­дастыра алады деген пікірлер болды. Ал постиндустриалды дәуірде болжау мен жос­парлау кәсіпорындар мен мекемелер шеңбе­рінен шығып,­ ұлттық маңыздылықты иеленді. Дамыған елдердің  индустрияландыруы мен өнер­кәсіптің өркендеуі  ұлттық деңгейдегі көптеген бағдарламаларды, білім беру бағдарламаларын дамытуды қажет етті. Дамыған елдердегі­ мемлекеттік жоспарлау және реттеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететінін көп­теген тетіктер елдің нарықты­қ қатынастарындағы  экономикалық  өзгерістерді түзетті. Біз  жаңа  реформалар алдағы­ уақытта өз  тиімділігін  көрсетеді  деп  ойлаймыз.

Жолдауда жаңа жағдайдағы экономикалық дамудың жеті қағидаты туралы айтылды. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асырудың тиімділігін  жоғарылатады. Жеке  кәсіпкерліктің жетекші рөлі барлық салада­ жекенің үстемдігін айқындайды. Әділ  бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу бойынша атқа­рылатын барлық жұмыстар шағын орта бизнестің дамуына және тұрғындардың орта табысыны­ң  өсуіне  ықпал  жасайды. Өнімділікті көбейту, экономиканың  ауқымдылығын  және технологиялық сипатын арттыру экономиканы әртараптандырып ғана қоймай, тауарлары­мыздың сыртқа шығуына септігін тигізеді. Адами­ капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына  инвестиция  тарту да  маңызды. Адами­ капитал – экономикалық даму, қоғам мен отбасының дамуын көрсететін ұғым. Иннова­циялық экономика мен білім эконо­микасының қалыптасуы мен дамуының негізі болып табылатын адами капитал пандемия кезінде­ жаңа пішінді жұмыстарға бейім­делуді талап етті. Пандемия уақытында біз денсаул­ық мәдениетін үйреніп ғана қоймай, еңбек нарығын­дағы ахуалды жақсартуға тырысты­қ. «Жасыл» экономиканы дамыту  арқыл­ы  жаһандық қаржылық және экономикалық дағда­рыстарға төтеп беруге болады. Экономи­каның бұл түрі қоршаған ортаны қорғауға да септігін тигізеді. Ал жетінші қағидат мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болуды­ көздейді. Байқап­ отырсақ, барлық қағидаттар  өзара тығыз­ байланысты және нақты­ мәселелерді шешуг­е  бағытталған.

Теңгерімді аумақтық даму еліміздің тиімді және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын­ қамтамасыз етудің құралы болуымен қатар, елдің  экономикалық құрылымын дәйекті түрде өзгертуді талап ететіндігін көрсетіп отыр. Бұл тұста экономиканың салалық­ құры­лым­дарына ерекше мән беру мәселесі тұр деп айтуымызға болады. Аумақтық дамудың теңгерімділігіне аумақтың ресурстық әлеуетінің барлық құрамдастарын дамытудың оңтайлы жолдарын қамтамасыз ету және сақтау арқылы қол жеткізіледі. Әлеуметтік бағдар мен тұрақтылық көрінісіндегі теңгерімді аумақтық даму қалыптасқан жағдайды жасанды түрде қолдау негі­зінде емес, қазіргі жағдайдағы экологиялық, та­биғи-ресурстық және әлеуметтік бөліктердің ең осал жерлерін анықтау арқылы мүмкін  болад­ы.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасымен тығыз байланысты. Ресейлік ғалым Л.Константинова әлеуметтік мемлекеттердің үш үлгісін атап көр­сетеді:  либералдық, корпоративтік және қоғамдық (ынтымақтастық). Аталған үлгілер әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы рөлі мен дәрежесі бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Либерал­дық үлгіде мемлекет барлық азамат­тардың ең төменгі табыстарын сақтауға, қоғамның әлсіз топтарының әл-ауқатына ғана жауап береді. Сонымен қатар, қоғамда мемлекеттік емес сақтандыру мен әлеуметтік қол­даудың түрлі нысандарын және азаматтардың өз табыста­рын алу және арттыру тәсілдерін дамы­та­ды. Бұл ахуалда мемлекеттің рөлі жанама­ланған, ол бюджеттен шығындарды қаржыландырмайды, бірақ  ұйымдық-құқықтық  бағдарды қамтамасыз етеді. Корпоративтік үлгі мемле­кеттің қоғамның әлеуметтік әл-ауқаты, мемлекеттік емес ұйымдар мен тұлға алдындағы жауапке­ршілікті білдіреді. Дегенмен негізгі жауапке­ршілік қызметкерлерін қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар мен меке­мелерге жүк­теледі. Бұл модельдің қаржылық негізі, ең алдыме­н, корпорациялардың сақ­тандыру жарнал­ары болып табылады. Соңғы үлгі ынтымақ­тастық қағидасына негізделген. Қағида бүкіл қоғамның өз мүшелері үшін жауап­кершілігін білдіреді. Басқаша айтқанда, мұнда бай кедей үшін, дені сау адам науқас үшін, жастар­ кәрі үшін төлейді. Мұнда мемлекет азаматтар­дың әлеуметтік әл-ауқаты үшін үлкен жауапкер­шілікті өзіне алады және мемлекеттік бюджет пен мемлекеттік әлеуметтік-сақтан­дыру қорларын қайта бөлуді жүзеге асырады.

Қолжетімді білім кез келген мемлекеттің халқы­на берген мүмкіндігі немесе құқығы деуіміз­ге болады. Қолжетімді білім экономикаға, елдің жағ­дайына және ата-аналардың мүмкіндік­теріне байланысты. Қазіргі қоғамда сапалы білімнің маңыздылығы үнемі артып келеді­. Өйткені қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік әлеуеті білім сапасының дамуымен өлшенеді. Сондықтан білімнің сапасы білім берудің­ мақсат­ы және стратегиясынан байқалады. Расынд­а ұстаздар жалақысының артуы сапалы білімді қолжетімді ететіндігі анық. Мектептер арасында жіктелу қоғамда айқын көрін­генімен, бірақ мұғалімдер арасында жоқ деп ойлаймыз. Қарапайым және элиталық деп атап жүрген лицейлерде шамалары бірдей мұғалімдер жұмыс істейді. Дегенмен, алшақтық ұстаздардың білім деңгейіне, мамандыққа адалдығы, оқушыларға қарым-қатынасы, оқу жүктемесі, өмір салты және басқа да факторларға байланысты. Жолдауда атап көрсетілгендей, қара­пайым мектептерге қолдау көрсету білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады­. Мемлекет басшысы ғылым саласын дамыту­ға да ерекше мән береді. Ғылымның дамуы­ адам ақыл-ойының дамуы мен адамзат өркениетінің қалып­тасуының ажырамас бөлігі болып табылады. Бүгінде ғылымда зерттеулер­дің жаңаша әдістері мен тәсілдері қалыптас­қан. Халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу арқылы біз мұны да үйрене аламыз.

Денсаулық сақтау саласын дамыту үшін халықт­ың денсаулық мәдениетін қалыптас­тыруы маңызды. Бүгінде денсаулық мәде­ниеті қазіргі әлемдегі жаңа түсінік және құбылыс болып­  табылады. Сарапшылардың басым  бөлігі мәдениеттің бұл түрін ғылым мен кәсіби медици­наның ұсыныстарын қолдану арқылы жүзеге асырылатын ұғым ретін­де көрсетеді. COVID-19 вирусы әрі  инфекциясының таралуы мен ықпалын шектеу үшін әлемді әлеумет­тік қашықтық пен зарарсыздандырудың батыл шарала­рын жасауға итермелеу денсаулық мәдени­етін қалыптастырды деуімізге болады. Вируспен алдыңғы шепте күрес жүргізіп жат­қан немесе үйде жұмыс істеп жатқан азаматтарды әлі де белгі­сіз келешек күтіп отырғандығы анық. Қоғамдық кеңістікті толтыруға бағытталған әлеуметтік қашықтық, қашықтан оқыту (онлайн­ оқыту) мен кездесу секілді қысқамер­зімді әлеуметтік бейімделу пайда болды. Сонымен қатар, халықтың рухани денсаулығы да маңызд­ы деп ойлаймыз. Адам денсаулығы мықты­ болғанымен, ол адамның рухани ден­саулығын ауыстыра алмайды. Негізінен адамның  рухани денсаулығы азаматтың белгілі бір рухани құндылықтарды бәрінен артық құрметтеуімен өлшенеді. Жалпы, адамның рухани денсаул­ығы оның ойлау жүйесі, қоршаған орта мен оның мүшелері, оқиғалар, ахуалдар, қоғамдағы өз орнымен тығыз байланысты. Рухани денсаулықтың нығаюы қоршаған ортамен келісімд­е  өмір  сүру  икемділігі, түрлі ахуал­дар­ды­ талдау және оның дамуын болжау қабілеті арқылы­ жетеді. Түрлі ахуалдарда қажеттілік, мүмкін­дік пен ықыласты назарға алумен өзін-өзі  ұстауы  да  ескеріледі.

Мемлекет басшысы Жолдауда демокра­тияның басты жауы ретінде білімсіздік пен популизмді атап көрсетеді. Білімсіздік немесе­ надандық білімнің кемшілігінен, қараңғылықтан, кемелденбегендіктен, артта қалудан пайда болады­. Білімсіздік мәселенің мәнін білмеуден, елемеуден туындап, адамның ұмтылыстары мен іс-әрекеттерінде көрініс табады. Білімсіздік агрессивті әрекеттерде байқалуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда білім­сіздік адамның өз бақытсыздықтары үшін жауап­кершілікті мемлекетке жүктеп, мемле­кет­тің саяси тұрақтылығына зиян келтіреді, адамзаттың барлық жұмыстарының нәтижелерін жояды. Популизм бұқара халыққа жүгінеді және қоғамға өткір әлеуметтік мәселелерді жылдам әрі оңай шешуге уәде береді. Попул­истер өздерінің мазмұнсыз сөздерін қарапай­ым адамдардың экономикалық және әлеуметтік мүдделеріне баса назар аудара отырып­  құрайды. Көптеген  популистер  өзде­рін белгілі бір аймақтардың, жекелеген әлеумет­тік топтардың қорғаушысы ретінде ұсынатындықтан, көзқарастарға ерекше мән берілуі қажет. Осы себептерге байланысты мемлекет басшысы қоғамда «хайпократияның» белең алуын­а  жол  берілмейтіндігіне  үміттенеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: